Отбасылық бюджеттің бірнеше түрі бар.
Оның әрқайсысы қаржыны басқарудың әртүрлі нұсқасын ұсынады.
Ортақ бюджет
Отбасы мүшелерінің табыстары біріктіріліп, жалпы және жеке қажеттіліктерге жұмсалады. Бұл жерде бір отбасы мүшесі көп ақша жұмсауы мүмкін, ал екіншісі оған шектеу қояды. Сол себепті келіспеушіліктер туындайды.
Бөлек бюджет
Әркім өз табысын өзі жұмсайды, бұл қаржылық еркіндікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бірақ ортақ шығындар бойынша келіспеушіліктер туындауы мүмкін: коммуналдық қызметтер, азық-түлік және басқа да отбасылық қажеттіліктер үшін кім және қанша төлейді?
Аралас бюджет
Табыстың бір бөлігі ортақ бюджетке жұмсалып, ал қалғаны жеке қажеттіліктерге қалады. Мұнда ортақ бюджетке кім және қанша ақша қосады деген сұрақ жиі туындайды. Бұл ең тиімді бюджет түрі деп есептеледі.
Отбасылық бюджетті жоспарлау
Отбасындағы жеке және ортақ табыс, оның ішінде жұбайларымен бірге тұратын ата-аналардың зейнетақысы есепке алынады. Бюджетке міндетті түрде салымдардан яғни, депозиттерден алынатын, пәтерлерді жалға беруден түсетін және тағы басқа қосымша табыс көздерінен түсетін ақша қосылады. Естеріңізде болсын!!! Айлық табыстың кем дегенде 5-10 пайызын сақтау қажет. Бұл күтпеген жағдайларда қажет болатын қауіпсіздік қорын қалыптастыруға көмектеседі.
Барлық қажеттіліктерге ақша жету үшін бюджетті қалай жоспарлау керек? Отбасылық бюджетті дұрыс жүргізудің негізгі шарты – кіріс пен шығын арасында дұрыс сәйкестікті табу.
1. Кіріс пен шығындарды бөлек есептеңіз.
2. Екі соманы салыстырып көріңіз.
3. Қажет емес артық шығындарды анықтаңыз.
4. Үшінші тармақтағы шығындарды қоспағанда қанша ақша қалатынын есептеңіз.
5. Қаржылық мақсаттарды және оларға жету мерзімін нақтылап алыңыз. Әр отбасылық бюджет түрі бойынша ақша әртүрлі тәсілмен жоспарланады: Ортақ бюджет болған жағдайда, күнделікті шығындар ортақ болады. Ақша отбасы мүшелерінің табысына қарай бірдей көлемде жиналады. Аралас немесе бөлек бюджет түрінде әр адамның жинайтын ақша сомасы оның табысына байланысты болады, себебі біреуінде табыстың жартысы, ал екіншісінде – үштен бірі ғана қалуы мүмкін. Бұған қарамастан ортақ қаржылық мақсаттар маңыздылығы бойынша бірге анықталады.
Бюджетті жоспарлау кезіндегі негізгі қателіктер
Отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлау кезінде келесі қателіктер орын алмауы керек:
Бюджет түрін өзгерту. Егер сізге жеке немесе аралас бюджет жүргізу ыңғайсыз болса, оны ашық түрде айтыңыз.
Қатаң шектеулер. Отбасында бір адам ақшаны үнемдеуге дайын болса, екіншісі көп ақша жұмсап жүреді.
Артық шығындар. Шығындар табыстан көп болса, қарызға кіріп кету оңай.
Барлық отбасылық шығындар алдын ала жұбайыңызбен және үлкендермен талқылануы керек. Сонымен қатар отбасыңызды күтпеген жағдайлардан қорғау үшін сақтандыру қызметін пайдаланған жөн. Отбасылық бюджетті жүргізу бойынша кеңестер Қаржылық қиындықтарға тап болмас үшін келесі әрекеттерді орындау қажет: Кіріс пен шығындарды үнемі бақылап отырыңыз. Ақшаны ортақ шотқа жинаңыз. Ақшаны басқа отбасы мүшелерінің қажеттіліктеріне зиян келтірмейтіндей етіп үнемдеңіз.
Отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлаудың маңызы өте зор. Осының арқасында әр отбасында қауіпсіздік қоры құрылады. Ал қауіпсіздік қоры әртүрлі жағдайда сізге қомақты қаржы керек болғанда «көмекке» келетін жедел жәрдем іспетті. Өмірден көргентүйгені көп адамдармен тілдесе қалсаң да, әмиянның түбін көрсетпей үнемі қор жинап жүруге шақырады.
Біле жүріңіз! Әрбір отбасы шағын мемлекет десек, оның дамып, жетіліп, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруы үшін қаржылық айналымын үнемі бақылауда ұстау керек. Бақылап отырмаса, отбасына қанша кіріс кірсе де, соған сай шығын да еселеніп кететіні заңдылық. Өйткені, тұрақты және жоғары табыс отбасылық қаржылық тұрақтылықтың кепілі емес.
Артық шығындар мен бюджетті тиімсіз жоспарлау ақшаның жетіспеушілігіне апарып соғады. Мұндай отбасылардың қауіпсіздік қоры да болмайды. Қауіпсіздік қоры сіздің қаржылық кепілдігіңіз. Отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлауды үйренгеннен кейін күтпеген шығындарға дайын болып, ақша жинауға жол ашылады. Мамандар табыс табу өз алдына, оны жоспарлай білу одан да маңызды екенін ескертеді. Отбасында қауіпсіздік қорын қалыптастыру керек.
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




