«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
Автор
Қылмыс хроникасы

500-ден астам көші-қон заңнамасын бұзу дерегі анықталды

Өңірімізде заңсыз көші-қонға жол бермеу мақсатында «Заңсыз келуші – 2025» жеделпрофилактикалық іс-шарасы өтті. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзудың 510 дерегін анықтады.

Оның ішінде 385-і ТМД елдерінің азаматтары болса, ал 92 азамат алыс шетелден келген. Осылайша бас-аяғы 477 адам жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек шетел азаматтарының елде болу мерзімін бұзуына жағдай жасаған 125 қазақстандыққа тиісті шара қолданылды. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 33 отандасымыз жаза арқаласа, сот шешімінің негізінде 125 шетел азаматы елден шығарылды. Жалпы, жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде қылмыстық істер де тіркелген.

Мәселен, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегі бойынша екі және заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бойынша бір қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар мемлекетаралық іздеуде жүрген үш шетел азаматы ұсталды. Бүгінгі таңда полицейлер шетелдік жұмысшыларды инвестициялық жоба ретінде көрсетіп, заңды айналып өткен компанияларды да тексеру үстінде.

Жертөледе есірткі өсірген күдікті қолға түсті

«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында гараждың жертөлесінде заңсыз фитозертхана жабдықтаған қала тұрғыны ұсталды. Шаһардың гараж кооперативтерінің бірінде есірткі затына жататын өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі анықталды.

Нақтылай түссек, 41 жастағы азаматқа тиесілі гараждан шамдармен жабдықталған және жылуды сақтау үшін арнайы қапталған фитозертхана табылды. Құқық қорғау қызметкерлері жедел іс-шара барысында аталған жертөледе 5 түп қарасора өсімдігі заңсыз өсірілгенін әшкереледі.

Күдіктінің айтуынша, ол есірткінің тұқымдарын интернет-дүкен арқылы сатып алған. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал оқиға орнынан 5 түп қарасора өсімдігі, ерекше иіске ие сұр-жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған түйіншек, 2 дана жарық шам мен 5 ыдыс тыңайтқыш тәркіленді.

Интернет-алаяқтық жасады деген күдіктілер құрықталды

Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен үш ер адам құрықталды. Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер танымал интернет платформаларында жалған хабарландырулар орналастырып, азаматтарды алдап, олардың ақшасын заңсыз иемденген.

Бір қуанарлығы, полицейлер дер кезінде күдіктілердің жеке басын және жүрген жерін анықтап, барлығын ұстаған. Мәліметке сүйенсек, құрықталғандардың екеуі бар болғаны 19 және 22 жастағы азаматтар. Олардың бірі интернет платформасында пәтер жалға беру туралы жалған хабарландыруларды жарияласа, екіншісі жүргізуші куәліктерін дайындап беремін деп уәде еткен.

Қос жігіт алданған азаматтардан алдын ала төлем алып, уақыт өте байланысқа шықпаған. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша Қылмыстық Кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тиісті тергептексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ күдіктілердің еліміздің басқа да өңірлерінде осыған ұқсас жасалған қылмыстарға бар-жоғы жіті тексерілуде.

Осы ретте полицейлер тұрғындарды онлайн сауда және интернет арқылы көрсетілетін қызметтер кезінде сақ болуға, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және жарнамалар мен ұсыныстардың шынайылығын мұқият тексеруге шақырады.

Бұрын сотты болған азамат қайтадан бас бостандығынан айырылды

Ұрлық жасағаны үшін бұған дейін төрт жыл бас бостандығынан айырылған 34 жастағы азамат пробация қызметінің талаптарын бұзғаны үшін қайтадан темір торға қамалды. Ол сот шешімімен жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтеген. Десе де, оның түзеу жолына түсуге деген ынтасы мен мекеме ішіндегі үлгілі тәртібі ескеріліп, жазасының бір бөлігі жеңілдетіледі.

Осылайша, бас бостандығынан айыру жазасы екі жыл жеті ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылған. Ал еркін өмірде қалалық пробация қызметінің есебіне алынғанда ҚАЖ саласының қызметкерлері оған жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын түсіндірген. Алайда жазасын өтеуші ескертулер мен түсіндіру жұмыстарына құлақ аспай, бірнеше рет тәртіп бұзған.

Дәлірек айтқанда, оның тіркеуге уақытылы келмегені әрі тексеріс кезінде үйінде болмағаны анықталды. Сондай-ақ ол инспекторларды хабардар етпестен қаладан кетіп қалған. Нәтижесінде, сот оның ісін қайта қарап, бас бостандығынан шектеу жазасын төрт ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырады.

Сотталушы өз әрекетіне өкініш білдіргенімен, енді бәрі тым кеш. Бұл жағдай бостандықтың бағасын түсінбей, өзіне берілген мүмкіндікке немқұрайлы қарайтын өзге де жазасын өтеушілерге сабақ болса игі.

Мас күйде мопед жүргізгені үшін жауапқа тартылмақ

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мас күйде мопед жүргізген азаматты құрықтады. Оқиға республикалық маңызы бар автожолда орын алған.

Тәртіп сақшылары 44 жастағы жүргізушіні тоқтатып, тексеру кезінде одан ішімдіктің иісін сезген. Ал медициналық сараптама оның мас күйде болғанын растады. Сонымен қатар ер адамның мопед басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды. Бүгінгі таңда аталған факті бойынша әкімшілік материалдар жинақталып, сотқа жолданған.

Айта кетейік, полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында мопед пен мотоцикл жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Құқық қорғау қызметкерлері қара жолда қырағылық танытып, ішімдік ішкен күйде көлікті тізгіндемеу қажеттігін қатаң ескертеді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар