«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Цифрлық платформалар қолжетімді бола түсті

Цифрлық платформалар қолжетімді бола түсті
Автор
Бүгінде еліміздің шалғайдағы елді мекендерінде 1500 «Құқық кабинеті» ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылған бастама жергілікті тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруды көздейді. Осыған орай елімізде бұл бағытта тағы қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанына шолуды жөн санадық.

Естеріңізде болса, осыдан төрт жыл бұрын Президент 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасына қол қойды. Ұлттық құқықтық жүйені жетілдіруге арналған бағдарламалық құжат заңнаманың жекелеген салаларын дамытуды мақсат тұтты. Негізі бұған дейін мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, экономикалық өсімді жеделдету сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, азаматтарды әлеуметтік қорғау саласындағы бірқатар мәселені шешуге бағытталған құқықтық реформалар қолға алынды.

Енді осы бағыттар жүйеленіп, арнайы тұжырымдамамен нығайтылып отыр. Нәтижесінде, қазір елімізде құқықтық ақпарат ағыны едәуір кеңейіп, түрлі нормативтік актілер қабылдана бастады. Мұны қоғамның, жеке және заңды тұлғалардың өз мәселелерін шешуде құқықтық құралдарды белсенді қолдануымен де байланыстыруға болады.

Құқықтық саясат заң тетіктерін мақсатқа сай пайдалануға, адами құндылықтарды ескере отырып, қоғамда тәртіптің сақталуына басымдық береді. Ол үшін мемлекет халықтың құқықтық сауатын дәйекті түрде арттырып келеді. Мәселен, былтыр «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді», «Ашық есік күні» және «Тегін заң көмегі күндері» акциялары тұрақты өткізілді. Республиканың барлық өңірінде 100 мыңнан аса адамды қамтитын 1310 консультативтік түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.

Аудандық, ауылдық әкімдіктердің ғимаратында, мәдениет үйінде демалыс орталығында және қоғамдық орындарда ашылған «Құқық кабинеттерінің» ерекшелігі – шалғайдағы ағайын құқықтық ақпаратқа жедел әрі оңтайлы қол жеткізді. Ілкімді іс аумақтық әділет органдары мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде өткен жылдың бірінші тоқсанында кезеңкезеңімен жүзеге асты. Оған қоса былтыр Еup.kz. сайты арқылы онлайн режимде заң қызметтерін ұсынуға және алуға мүмкіндік беретін «E-ZanKomegi» бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылды.

«Zan Komegi» мобильді қосымшасында 2 мыңнан астам адвокат пен заң кеңесшісі 472 мыңнан астам азаматқа кеңес берген. Бүгінде азаматтар нотариусқа бармай-ақ, «Е-нотариат» жүйесінде бейнеқоңырау арқылы онлайн режимде сенімхаттар мен ерлі-зайыптылардың келісімдерінің барлық түрін ала алады. Бұл әсіресе, нотариустық қызметтер бағасы қымбаттаған кезде азаматтар үшін тиімді шешім болды.

Айталық, өткен жылы осы қызметті 176 мың адам пайдаланған. Ескеретін жайт, мүлікті басқаруға қатысты сенімхаттар бұрынғыша тек офлайн форматта рәсімделеді. Сондай-ақ қазір заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында биометриялық сәйкестендіру қолданылып, өтініштерге QR-мен қол қойылады. Ал қызмет нәтижелері eGov mobile-дың «Цифрлық құжаттар» бөлімінде тәулік бойы қолжетімді.

Бұдан бөлек «Робот сот орындаушысы» енгізілді. Мәселен, 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұлдар уақытылы төленбеген жағдайда уәкілетті орган мәліметтерді жеке сот орындаушының қатысуынсыз іс жүргізуді қозғайтын роботқа жүктейді.

Азаматтар іс қозғалғаны жөнінде ақпаратты eGov mobileда 1414-тен SMS хабарлама және push-хабарлама арқылы алады. Соның нәтижесінде азаматтар сот орындаушысына жүгінбейді және оған төленетін 25 пайыз қосымша шығыннан босатылады. Әділет министрлігі жыл аяғына дейін 300 мыңнан астам азаматтың құқықтық сауатын жетілдіруді және қарапайым заңгерлік кеңестер беруге, құжаттарды жинауға көмектесуге арналған «Әйтеке» көмекші чатботты іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ робот сот орындаушысының құзыретін кеңейтіп, айналысатын берешек мөлшерінің шегі 20-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруға әрекет етіп жатыр. Бұл жылына 12,2 миллиард теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Байқағанымыздай, елімізде отандастарымыздың әсіресе шалғайдағы ауыл тұрғындарының сапалы құқықтық кеңес алуына мүмкіндік жасалып, оларға онлайн заң көмегі мен цифрлық платформалар қолжетімді бола түсті. Бұл елімізде жүзеге асып жатқан құқықтық саясаттың жүйелі жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Алдағы уақытта осы үрдісті одан әрі тереңдету әділетті қоғам қалыптастырудың берік негізі болмақ.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар