«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілуде

Өңдеу өнеркәсібіне басымдық берілуде
Автор
Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін екі жүзге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Оның басым бағыты ет және сүт өндірісіне бағытталған. Яғни, бүгінгі күні облыста ет өнімін тереңдете өңдеумен 44, ал сүтпен 26 кәсіпорын айналысуда. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдейтін өнеркәсіп ошақтары да бар. Атап айтсақ, екі кәсіпорын мақсары, бір кәсіпорын күнбағыс майын, сегіз өндіріс ошағы астық өнімдерін тереңдете өңдеуде. Астық демекші, облыста 62 ірі наубайхана бар. Оның ішінде бөлке нан пісіретін 44 наубайхана қала мен аудан орталықтарында орналасқан.

Сондай-ақ аймақта жүн-теріні өңдеумен екі, қант қызылшасын өңдейтін екі, құс етін өндіретін төрт, жұмыртқа өндіруші бір, макарон өнімдерін шығарумен айналысатын сегіз кәсіпорын жұмыс істейді. Жалпы, осы ауыл шарауашылығы кәсіпорындарында шамамен 2,5 мыңнан аса адам еңбек етуде.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, бүгінгі күні сүт өнімін тереңдете өңдеумен айналысатын 26 кәсіпорын жыл басынан бері сегіз айда 53,1 мың тонна өнімді өңдесе, өткен жеті айда өндірілген сүттің 56,1 мың тоннасы ішкі тұтынымға пайдаланылып, 45,3 мың тоннасы қайта өңделіп, кәсіпорындардың жүктелімі 82 пайызды құраған. Бұл кәсіпорындарда 1221 тонна сары май, 881 тонна қатты ірімшік дайындалған. Сонымен қатар өңделген сұйық сүт және кілегей 11,8 мың тоннаны құраса, өзге де өңделген сүт өнімдері 3,3 мың тоннаға жеткен.

Бүгінде облыстағы ауыл шаруашылығы өнімінің 40 пайыздан астамы мал шаруашылығына тиесілі. Сегіз айдың қорытындысы бойынша облыста мүйізді ірі қара 462,4 мың, қой 3263,3 мың, жылқы 189,9 мыңды құраса, құс 1901,5 мыңға жеткен. Осы кезеңде аймақта тірідей салмақта 75,1 мың тонна ет өндіріліп, 4,8 пайызға артқан. Басқарманың мәліметінше, жыл басынан бері 1615,2 тонна ет және 340 тонна шұжық өнімі экспортталған. Оның 661,2 тоннасы сиыр, 953,7 тоннасы қой, 2 тоннасы жылқы, 1302,2 тоннасы құс еті.

Бұдан бөлек, 631,8 тонна малдың ішкі ағзаларынан өңделген өнім бар. Бұл өнімдер Қырғызстан, Катар, Кувейт, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран, Германия елдеріне жіберілген. Жалпы, облыста ет өндірісін дамыту мақсатында сыйымдылығы 1000- нан жоғары тоғыз мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Қуаттылығы тәулігіне 300 ұсақ, 50 мүйізді ірі қараны сойып өңдейтін ірі екі ет өңдеуші кәсіпорын бар. Олар «Меркі ет комбинаты» мен «Первомайские деликатесы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Ал облыста 5000 түлікті бір мезетте бордақылайтын «Медет» пен Олжа» шаруа қожалықтарының екі бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар барлық санаттардағы шаруашылықтарда 130,8 мың тонна сүт өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 101,6 пайызға артқан.

«Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қарастырылды. Комиссияның шешімімен 15 инвестициялық жоба қаржыландырылған. Олардың қатарында «Момбек», «Азнур Агро», «Нұрлыжай» және «Қайсар» шаруа қожалықтары бар.

Құс еті өндірісінде «Әулие-ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасының қуаттылығы 10 мың тоннаға жеткізілген. Байзақ ауданында «Алель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылдық қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасы іске қосылып, онда 10 мың тоннаға дейін құс еті өндірілуде. Жыл соңына дейін аталған фабрикаларда құс еті өндірісі 26 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артады деп күтілуде.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында өңдеу өнеркәсібін дамытуды тапсырған болатын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында облыстағы өнім өңдеуші агроқұрылымдардың күшімен биыл өндірілген еттің 7,5 мың тоннасы ішкі тұтынымға пайдаланылып, 19,5 мың тоннасы қайта өңделген. Осы жұмыстардың аясында өңірдегі өңдеу кәсіпорындардың жүктелімі 33,7 пайызды құрап отыр. Ал астық дақылдарын өңдейтін сегіз кәсіпорында дәнді және өсімдік дақылдарынан жасалған ұн, олардан майда тартылған ұн қоспалары 13 мың тоннаны құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 202,2 пайызға жетті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту мақсатында инвестициялық жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» жөніндегі жол картасы шеңберінде облыс бойынша 2025-2027 жылдары 365 миллиард теңгеге 37 инвестициялық жоба іске асырылып, 1695 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы.

Басқарма басшысы айтқан жобаларға тоқталар болсақ, биыл аталған жол картасы аясында жалпы құны 25,2 миллиард теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру көзделген. Былтыр «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға бюджеттен 8,5 миллиард теңге бөлініп, 15 инвестициялық жоба (республикалық бюджеттен 13 жоба, жергілікті бюджеттен 2 жоба) қаржыландырылған.

Атап айтқанда, төрт жоба сүт тауарлы фермаларына тиесілі. Яғни, «Момбек» шаруа қожалығы 612, «Азнур Агро» мен «Нұрлыжай» шаруа қожалықтарының әрқайсысы 400 басқа, «Қайсар» шаруа қожалығы 450 басқа арналған сүт тауарлы фермасын салуда. Бұдан бөлек алты жоба көкөніс сақтау қоймасын салуға бағытталған.

Атап айтсақ, «Кәусар» шаруа қожалығы мен «TRZ Agro», «ALIZA», «ТаразЦементСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Аймкуль» жеке кәсіпкерлігі мен «Даму Сұрат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көкөніс сақтау қоймасын жабдықтауда. Қайта өңдеу саласы бойынша үш жоба іске асырылуда.

«Rich Gold» ЖШС – алма шырынын өндіру, «Кемер Агро» ЖШС – тыңайтқыштар өндірісін ұйымдастыру мақсатында тауық қиы және қой жүнін терең өңдеу, «Нұрлы жай» ЖШС сүтті қайта өңдеу бағытында жұмыс істеуде. Ал «NOMAD AQUA INVEST» ЖШС – балықтарға арналған жемшөп өндірісін ұйымдастыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, «Жетібай» шаруа қожалығы су үнемдеу қондырғысын дайындау өндірісін жүзеге асыруда.

– Жалпы өткен жылы қаржыландырылған жобалар алдағы уақытта жылдық сүт өндірісін 15 мың тоннаға немесе 6,5 пайызға ұлғайтуға, облыстағы қоймалардың сыйымдылығын 10 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Сәйкесінше маусымаралық кезеңде бағаны тұрақтандыруға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге ықпалы тиеді. Бағдарлама аясында биылға қарастырылған 11 миллиард теңге қаржы бөлу жоспарланып, бүгінгі күнге 3 миллиард теңгесі игерілді. Аталған қаржы 7 жобаны жүзеге асыруға жұмсалуда, – дейді басқарма басшысы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Ұқсас жаңалықтар