«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа дәуір басталып, тарих бетіне алтын әріппен жазылады

Жаңа дәуір басталып, тарих бетіне алтын әріппен жазылады
Автор
Қазақстан үшін 25 қазан – жай күн емес. Бұл – ел тағдырына әсер еткен, мемлекеттігіміздің іргетасын қалаған ерекше тарихи күн. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылдады. Бұл оқиға – Қазақстан Республикасының толыққанды тәуелсіздікке бағыт алған алғашқы әрі аса маңызды саяси-құқықтық қадамы болды.

1990 жыл – Кеңес Одағы ыдырай бастаған, республикалар тәуелсіздікке қарай бет алған кезең. Қазақ халқы да осы тарихи үдеріске белсенді қатысып, өз тағдырына өзі ие болу құқығын заң жүзінде бекітуге ұмтылды. Сол кездегі Декларацияда ең бастысы – Қазақстанның өз аумағы мен шекарасын біртұтас, бөлінбес етіп жариялауы, табиғи ресурстарға иелік ету құқығы, өз заңдарын қабылдау құзыреті бекітілді. Қазақстан КСРО құрамында болғанымен, енді өз ішкі істерін дербес шешуге алғашқы қадам жасады.

Айта кету керек Декларацияда бірнеше маңызды принциптер қамтылды. Олар, халықтың егемендігі мен биліктің қайнар көзі ретінде танылуы, Республиканың территориясының тұтастығы мен бөлінбеуі, Мемлекеттік тіл мәртебесі, Қазақстанның табиғи байлықтарының халыққа тиесілі екені және Республиканың халықаралық қатынастарда өз бетінше әрекет ету құқығы. Бұл құжат Қазақстан Республикасының болашақ Конституциясының негізі болды. 1

990 жылғы бұл декларация – 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңға» апаратын жолдың бастауы еді.

Тәуелсіздік жарияланған күн – әрине, басты мереке. Алайда оған дейінгі әрбір қадам – біз үшін аса құнды. Сондықтан 25 қазан – Қазақстанның дербес, тәуелсіз ел болуға бағытталған тарихи шешімімен есте қалатын күн. Сонымен қатар болашаққа деген сенімнің, халықтың саяси ерік-жігерінің, ұлттық рухтың айғағы.

Мереке мәртебесі қалай өзгерді?

1990-2009 жылдар аралығында 25 қазан Қазақстанда Республика күні ретінде тойланып келді. Алайда 2009 жылы бұл күн ресми мерекелер қатарынан алынып тасталды. Ұлттық тарих үшін маңызы зор болған бұл күннің ескерусіз қалуы қоғам тарапынан жиі сынға ұшырағанын айтпай кетуге болмас.

Тек 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді. Бұл тарихи әділеттіліктің қалпына келуі ретінде қабылданды.

Президент өз сөзінде «Біз Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта белгілеп, тарихи жадымызды жаңғыртуымыз керек. Бұл – мемлекеттік егемендігіміздің бастауы болған аса маңызды дата», – деп атап өтті.

Жаңа Қазақстан – жаңа дәуірдің келбеті

Бүгінде Қазақстан «Жаңа Қазақстан» ұғымын алға тарта отырып, демократиялық, әділетті, тиімді мемлекет құруға бағытталған реформаларды жүзеге асырып келеді. 25 қазан – сол Жаңа Қазақстанның негізі қаланған күндердің бірі. Бұл – тек өткенге тағзым емес, сонымен қатар болашаққа деген бағдар, стратегиялық даму жолын айқындайтын күн.

Бүгінгі таңда ел Конституциясы жаңартылды, саяси жүйеге өзгерістер енгізілді, жастардың мүмкіндіктері кеңейді, цифрлық технологиялар дамуда. Мұның бәрі – егемен мемлекеттің өз жолын өзі таңдай алатынының дәлелі.

Бүгінгі буын – ел болашағының иесі

Бүгінгі ұрпақ үшін Республика күні – тек тарихи дата емес, бұл – ел тағдырын ойлайтын, ел үшін еңбек ететін азамат болуға деген үндеу. Бұл күн бізді жауапкершілікке, бірлікке, мемлекеттілікті қадірлеуге үйретеді. Отанға деген сүйіспеншілік – тек сезім ғана емес, бұл – нақты іс пен әрекетке айналуы керек. Әрбір жас өз болашағын Қазақстанмен байланыстырып, елге пайда келтіретін маман, азамат болуға талпынса – онда Республика күні өз миссиясын толық атқарғаны.

25 қазан – ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталған күні. Бұл күн – халқымыздың еркіндікке деген ұмтылысының, мемлекет құрудағы ерік-жігерінің, болашаққа деген сенімінің символы.

Республика күні – жүрегінде елі бар әр азамат үшін ұлы мереке. Біз бұл күнді тек тарих ретінде емес, болашағымыздың тірегі ретінде қабылдауымыз керек. Себебі мемлекеттілік – тек бір кезеңнің жемісі емес, ол – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ұлы жауапкершілік.

Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Республика күні – баршаңызға құтты болсын!

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

Ұқсас жаңалықтар