«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жазатайым жағдай салғырттықтан болады

Жазатайым жағдай салғырттықтан болады
Автор
Мемлекеттің негізгі байлығы халқы десек, экономиканы ілгерілету сол халықтың еңбегімен жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан да мемлекет еңбеккерлердің құқығын қорғауға баса назар аударады. Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» аталуының да астарында осы мағына жатса керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана халыққа жариялаған Жолдауында еңбеккерлерге деген құрметтің арта беретінін айтты. Мемлекет басшысының сөзі еңбеккерлердің құқығы қашанда қорғалатынын көрсетеді.

Өңірімізде жұмысшылардың құқығы қалай қорғалып жатқанын облыстағы Еңбек инспекциясы басқармасынан сұрадық.

– Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау – мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі. Осыған байланысты жыл басынан бері еңбек инспекторлары облыс ұйымдарында 170 мемлекеттік тексеріс өткізіп, 177 заң бұзушылықты анықтады. Оның 142-сі еңбек қатынастарына қатысты болса, 30-ы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға, 5-еуі халықты жұмыспен қамту мәселелеріне байланысты болды. Анықталған бұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге орындалуға міндетті 81 нұсқама беріліп, 34 әкімшілік іс қозғалды. 11,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, оның 6,4 миллион теңгесі, яғни 56,6 пайызы өндірілді. Ал 4,9 миллион теңге өндіру үшін жеке сот орындаушыларына жолданды. Оның ішінде, биылғы І жартыжылдықтағы жоспар бойынша 9 кәсіпорында жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижесінде 68 заң бұзушылық фактісі анықталып, барлығы толық көлемде жойылды. Жалпы есептік кезеңде жеке және заңды тұлғалардан 1163 арызшағым түсіп, оның 872-сі қаралып, қалған 291 өтініш тиісті мемлекеттік органдарға жолданды, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нүркен Сейдалиев.

Сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек құқықтарының бұзылу тәуекелін бағалау және оның алдын алу мақсатында департамент скорингтік модельдің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып келеді. Биылғы 9 ай ішінде жоғары тәуекел деңгейіндегі кәсіпорындар саны 58-ді құрап, жыл басымен салыстырғанда 22,9 пайызға, 16 кәсіпорынға азайған.

– Тәуекел аймағындағы кәсіп орындарда әлеуметтік аударымдардың кешіктірілуі, сақтандыру шарттарының болмауы және орташа жалақының төмендігі орын алған. Аталған мәселелерді шешу мақсатында департамент жергілікті атқарушы және өзге де құзырлы органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, 58 кәсіпорынның тізімі берешектерді өндіру үшін кірістер департаментіне жолданды. Орташа жалақысы төмен 40 кәсіпорынға жалақыны арттыру жөнінде хаттар жіберілді. Сақтандыру шарттарын жасамаған 43 ұйымға заңнама талаптарын орындау туралы хабарламалар берілді. Жыл соңына дейін жоғары және орта тәуекел деңгейіндегі кәсіпорындар санын төмендету бойынша қол жеткізілген оң динамиканы сақтау және күшейту міндеті тұр. Департаменттің негізгі бағыттарының бірі–жұмыс берушілердің қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасауын бақылау. Себебі, жұмыскерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру – олардың әлеуметтік және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бүгінгі күнге облыстағы 3193 белсенді кәсіпорынның 69,5 пайызы, яғни 2203 кәсіпорын жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандырған. Еңбек министрлігінің осы жылға қойған индикаторы 63 пайызды құрайды. Сақтандыру шарттары жоқ кәсіпорындармен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп түсіндіру жұмыстары жүргізілуде және олардың барлығына ресми хабарламалар жолданды. Сонымен қатар аудандық және облыстық үшжақты комиссиялардың отырыстарында мәселе тұрақты қаралып, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялануда. Жалпы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесіне келетін болсақ, 2025 жылдың 9 айында қызметтік міндеттерін атқару барысында орын алған 28 жазатайым оқиғадан 34 адам зардап шексе, 6 адам қаза тапты. Өткен жылы 39 жазатайым оқиғадан 42 адам зардап шеккен, 7 кісі қаза болған еді. Өткен жылдың 9 айындағы жағдаймен салыстырғанда, жазатайым оқиғалар саны 28 пайызға, яғни 11 оқиғаға, ал зардап шеккендер саны 19 пайызға, яғни 8 адамға азайған, қайтыс болғандар саны 14,5 пайызға, яғни 1 адамға төмендеген. Орын алған жазатайым оқиғаларда 10 адам 4 топтық жазатайым оқиғадан зардап шекті. Жазатайым оқиғалардың 40 пайызы жәбірленушінің биіктіктен құлауы, 15 пайызы қозғалмалы және айналмалы заттар мен бөлшектердің әсерінен, ал 45 пайызы басқа факторлардың салдарынан орын алды. Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, жұмыс берушілерге орын алған оқиғалардың себептерін жою және алдын алу жөніндегі шаралар белгіленіп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынды және материалдар ішкі істер органдарына жолданды. Бүгінгі таңға өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында облыста бекітілген кесте бойынша 1892 адамның қатысуымен 125 ұжымда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан бері 42 азаматқа кеңес берілді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 168 мақала жарияланды. Еңбек жағдайлары бойынша 148 жұмыс орны аттестаттаудан өтті, – дейді Нүркен Мұратұлы.

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептеріне тоқталсақ, 18 жағдай жұмыс берушінің еңбекті дұрыс ұйымдастырмауынан болған. Ал 5 жағдай жұмыскердің қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзуынан, тағы 5 жағдай жұмыс беруші мен жұмыскердің теңдей жауапкершілігінен орын алған.

– Департаменттің бақылауындағы еңбек құқықтарын қорғау мен еңбек қатынастарын заңдастырудың маңызды тетіктерінің бірі – жұмыскерлердің еңбек шарттарын бірыңғай есепке алу жүйесіне енгізу. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өңірде жұмыс істейтін 143837 жұмыскердің еңбек шарттарының 88 пайызы, яғни 127939 адам Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне тіркелген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу міндеті бар. Өңір кәсіпорындарында жалақы берешегін азайту шаралары бойынша биыл облыста мемлекеттік еңбек инспекторларының тексерістері нәтижесінде 8 кәсіпорында 533 жұмыскерге 261 миллион теңге жалақы қарызы анықталып, 15 нұсқама беріліп, 2,7 миллион теңге айыппұл салынды. Қолданылған шаралардың нәтижесінде 7 кәсіпорында 505 қызметкерге 239 миллион теңге жалақы қарызы толық өтелді. Қазіргі уақытта 1 кәсіпорында, атап айтқанда, «Шу-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 28 жұмыскерге 22 миллион теңге көлемінде берешек сақталуда. Қарызды өндіру мақсатында барлық әкімшілік және сот шаралары қабылданып, материал сот орындаушыларының өндірісінде қаралуда, – деді департамент басшысының орынбасары Нүркен Мұратұлы.

Жұмысшылар үшін жылына бір рет алуға құқылы еңбек демалысы да маңызды. Бұл заң аясында қалай жүзеге асатынын департаменттің еңбек саласын бақылау және талдау бөлімінің басшысы, мемлекеттік еңбек инспекторы Жанат Мұхатаева түсіндірді.

– Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстарының кезеңін айқындау және оларды беру тәртібі Еңбек кодексінің 92-бабымен реттеледі. Жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі. Яғни, жұмыс жылы дегеніміз – жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілетін кезең, күнтізбелік жыл емес, жұмыс жылы ретінде жұмыскердің ұйымдағы бірінші күнінен бастап есептеледі және он екі айды құрайды. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін. Бұл ретте жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы бөліктерінің бірі күнтізбелік он төрт күннен кем болмауға тиіс. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмысы бойынша демалыспен бір мезгілде беріледі. Егер демалыстар ке сте сі өндірістік қажеттілікке байланысты өзгертілген жағдайда, жұмыс беруші бұл туралы жұмыскерге еңбек демалысы басталардан кемінде екі апта бұрын хабардар етуге міндетті. Еңбек заңнамасының, келісімдердің, ұжымдық, еңбек шарттарының, өзі шығарған актілердің талаптарын сақтауға міндетті. Еңбек заңнамасына сәйкес, пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын не оның бір бөлігін қатарынан екі жыл бойы бермеуге тыйым салынған. Егер жұмыс берушінің жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын не оның бір бөлігін қатарынан екі жыл бойы бермеген жағдайда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 88-бабымен әкімшілік айыппұлдар көзделген, – дейді еңбек инспекторы Жанат Мұхатаева.

Кез келген еңбеккер жұмыс барысында заңсыздыққа ұшыраса, Еңбек инспекциясына хабарласып, өз құқығын қорғау жөнінде тегін кеңес ала алатынын да айта кеткен жөн.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар