«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дархан даламыз электр қуатын өндіруге өте ыңғайлы

Дархан даламыз электр қуатын өндіруге өте ыңғайлы
Автор
Жыл санап облысымызда «жасыл экономика» белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда. Мәселен, Қордай ауданында ең алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының облысымызда алар орны ерекше. Бұл станса 2014 жылы Отар елді мекені жанынан салынған еді. Оның инвесторы – «ҚазЭкоВатт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның қуаттылығы – 0,5 мегаватт.

Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының жылдық қуаттылығы – 504 киловатт болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы 7 мегаватқа жеткен. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтергенін атап өткен жөн. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал Жуалы ауданындағы «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШСның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады.

Облыстың электр энергиясын тұтыну қажеттілігі 450 мегаватт болса, оның едәуір бөлігі жел, күн, су тәрізді экологиялық жағынан таза баламалы қуат көздерінен өндіріліп отырғаны үлкен жетістік. Оның ішінде жылына 50 миллион киловатқа дейін электр қуатын өндіруге қауқарлы Қордай жел электр стансаларының үлесі артып келеді. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, аймақта табиғи ресурстарды тиімді пайдаланатын жобалар артыпты. Олардың ешбірінен табиғатқа зиян келмеген.

– Әлемдік сарапшылардың зерттеулері дарқан даламыздың басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 6 метрден асатынын дәлелдеді. Ал күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жылына 2,5 миллиард киловатт сағат деп белгіленген. Әсіресе елдің оңтүстігі күннің қызуынан қуат өндіруге таптырмас өңір болып табылады. Жалпы алғанда облысымызда баламалы қуат көздерін жаңарту нысанының құрылысы осыдан 11 жыл бұрын қолға алынды. Күннен және желден қуат алатын еліміздегі тұңғыш электр стансасы да біздің өңірде іске қосылған. Ал «Тасөткел» су электр стансасының ашылуы аймақтағы «жасыл экономиканы» дамытуға бағытталған тың қадам болды. Бұл жобаны жүзеге асырған инвестициялық компания өкілдерінің айтуынша, бұл жобаның артықшылығы қыс мезгілінде судың екпіні артады да, осы уақытта қуат көзіне деген сұраныс та жоғарылай түседі. Ал бұл жер облысымыздағы су қоры мол жалғыз нысан болып табылады, – деді ол. Мәселен, Т. Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор.

Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс атқарады. Станса толық қуатына көшкенде ауданның 25 пайызын электр қуатымен қамтуға қауқарлы екен. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электр стансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын «Меркі» СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Ғарыштық жылдамдық пен қарыштап дамып жатқан қазіргідей уақытта электр қуатының қажеттілігі орасан зор.

Атап айтқанда, экономикамыздың өрлеуі де осы қуат көзіне тәуелді. Бұл ретте баға жетпес әрі сарқылмас байлық, ол – баламалы энергия екені белгілі.

– Мемлекет басшысы баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл бағытта өңірімізде жүзеге асып жатқан жобалар бар. Бірақ ол әлі де болса жеткіліксіз. Қазіргі таңда Қазақстанға 1 миллиард 200 мегаватт электр энергиясы жетіспейді. Әсіресе қысқы мезгілде энергияны басқа мемлекеттерден алуға мәжбүр. Экономика дамыған сайын электр энергиясы көздерінің жетіспеушілігі көбейе бастайды. Сондықтан біз өзіміздегі күннің, судың, желдің мүмкіндігін пайдаланып, алатын энергия көздерін көбейтуіміз керек. Бұл, әсіресе алыс елді мекендер үшін тиімді. Шалғайдағы ауылдарға электр энергиясын тартудың қажеті жоқ. Сол жердегі мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Сонда ғана мәселе оң шешімін табады, – дейді басқарма басшысы.

Басқарма басшысы Ғалым Исақов айтқандай, бүгінге дейін Жуалы ауданында жүзеге асырылған қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-нің күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылатынын жоғарыда айттық. Одан кейін су көзінен қуат өндіру мақсатында екі инвестициялық жоба қолға алынған болатын. Оның бірі «Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасы болса, екіншісі «Ақсай» каналының бойынан соғылатын қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасы.

Атап айтсақ, «Көксай» каналының бойынан салынатын су электр стансасының жобалық құны 5 миллиард теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Инвесторы – «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Серіктестік тарапынан стансаның бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Өкінішке орай, бүгінгі таңда оның қалған кезеңдерінің құрылыс жұмысы тоқтап тұр. Ал «Ақсай» каналының бойынан салынатын жаңа су электр стансасының инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС болып табылады. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды. Бірақ бұл жобаның да құрылыс жұмыстары әлі бастала қоймаған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Жуалы ауданында Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» компаниясы жалпы қуаты 1 гигаватты жел электр стансасын салмақ ниетте.

«Бұл жобалар жүзеге асқан сәтте ауданның экономикасының дамуына, өркендеуі мен көркеюіне өз үлестерін қосады деген сенімдеміз. Бастысы, қандай жоба, бағдарлама болмасын, барлығы да елдің игілігі үшін атқарылуда», – дейді басқарма басшысы.

Ал жел электр стансасы бойынша Сарысуда қытайлық «China Power» компаниясы табысты жұмыс істеуде. Жалпы Сарысу ауданында соңғы алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қытайлық «China Power» компаниясы әлем елдерінде ірі электр стансаларын салумен қатар оны басқарумен айналысып келеді. Олардың ауданда салған 100 мегаватты «Жаңатас» жел электр стансасы бүгінгі таңда толық қуатында жұмыс істеп тұр. «Жаңатас» жел электр стансасы» ЖШС бас директоры Гуо Кимнің айтуынша, Сарысу ауданында жүзеге асырылған жел электр стансасында жылына 350 миллион киловатт электр энергиясын өндіру жоспарланған.

Жалпы станса Сарысу ауданын ғана емес, бірнеше елді мекенді жарықпен қамти алады. Кәсіпкердің айтуынша, бұл – Орта Азиядағы ең алып жоба. Жабдықтары Қытай Халық Республикасынан әкелініп орнатылған. Жобаның жалпы құны 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40-тан аса жел энергетикалық блок, сондай-ақ бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салынған.

– Бізді қызықтырғаны – бұл өңірдің жақсы климаты. Егер мұнда жел көзі болмағанда үш жылда мұндай айтулы жобаны жүзеге асырмаған болар едік. Біз осы аймақтың климатын зерттей келе, жергілікті билік тарапынан қолдау болып жатса ендігі жерде жел электр стансаларын салып қана қоймай, күн электр стансаларын салуға да ниеттіміз. Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз да желден де, күннен де электр қуатын өндіруге болады. Қазіргі таңда Қазақстан дұрыс бағыт таңдап, тура жолда келе жатыр. Болашақта алдыңғы қатарлы электр қуатын өндіретін елге айналатынына сенімім мол, – дейді бас директор Гуо Ким.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар