«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерен еңбек еленген күн

Ерен еңбек еленген күн
Автор
Республика күніне орай «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты шара өтіп, онда өңірдің әлеуметтікэкономикалық және мәдени дамуына өзіндік үлесін қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Шара барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ортақ мүдде жолында бірлесе еңбек еткенде ғана биік белестерді бағындыра алатынымызға тоқталып, әулиеаталықтарды ұлық мерекемен құттықтады.

– Баршаңызды Ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы атап өткендей, Республика күні – еліміздің тарихи таңдауын айқындаған, елдігіміздің берік тұғыры саналатын Егемендік декларациясы қабылданған күн. Бұл мереке – егемен еліміздің бірлігі мен тұтастығын, мемлекетіміздің мәңгілік негіздерін айқындаған ерекше күн. Бұл – ел тарихындағы маңызды белес, тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадам. Биыл тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация – тәуелсіздігіміздің саяси және құқықтық негізін қалыптастырып, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болды. Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, әділетті қоғам құру бағытында жүйелі реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл – елдегі тұрақтылық пен бірліктің, халықтың ортақ мақсат жолындағы ынтымағы мен еңбегінің жемісі. Осы игі істерге Жамбыл облысының еңбекқор халқы да өз үлесін қосып, ел дамуының берік тірегіне айналып отыр. Біздің басты құндылығымыз – бірлік пен келісім. Ал басты мақсатымыз – еліміздің жарқын болашағы. Ендеше, Жамбыл өңірі өркендеп, халқымыздың ырысы арта берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын, – деген Ербол Шырақпайұлы еліміздің даму жолындағы жүзеге асырылған жүйелі жұмыстар жайлы қысқаша мәлім етті.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл өңірімізде 6 денсаулық сақтау нысаны халық игілігіне берілген. Ал жыл соңына дейін лизинг тәсілімен 60 жаңа санитарлық автокөлік сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ дәл қазір 21 спорт нысанының құрылысы жүргізілсе, 9 нысанды іске қосу көзделуде. Бұдан бөлек жылан жылы бас-аяғы 15 білім беру нысаны оқушыларға есігін айқара ашпақ. Атап өтейік, есепті кезеңде өңірдің бюджеті 739 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға өскен. Сонымен қатар шара барысында өз саласында мінсіз қызметімен көзге түскен жамбылдықтар наградталды.

Атап айтқанда, 15- ке жуық азаматқа «Құрмет» ордені табысталса, 10-ға тарта еңбек адамы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне лайықты деп танылды. Ал бірқатар еңбек ардагерлері, жергілікті БАҚ өкілдері, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, әскерилер мен шалғай аудандағы шаруа қожалық жетекшілері «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек ұлт бірлігін нығайтуда белсенділік танытқан үш азаматқа Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі табыс етілсе, бірқатар азамат «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ толайым табыстарға қол жеткізген жандарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы берілді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар