«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа заңда не өзгерістер бар?

Жаңа заңда не өзгерістер бар?
Автор
Биыл 18 шілдеде жаңа Салық кодексіне қол қойылды. Оның негізгі өзгерістері мен жаңашылдықтарын білу мақсатында облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовке жолығып, көпшілікке түсінікті етіп баяндап беруін сұранған едік.

– Ерлан Мейрамбекұлы, салық кодексіндегі ең негізгі өзгерістер қандай?

– Жаңа Салық кодексінде сараланған салық ставкалары енгізілді, қосылған құн салығы реформаланды. «Сән-салтанат салығын» және арнайы салық режимдері өзгерді. Салық жеңілдіктерін алудың ашық және нақты ережелері әзірленді. Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру қарастырылып, енді сервистік модельге көшу жүргізіледі. Салық есептілігінің нысандары 30 пайызға қысқарды. Ыңғайлылық пен түсініктірек болуы үшін, сондай-ақ кірістер мен шегерімдердің түрлерін нақтылау мақсатында корпоративтік табыс салығы тарауының құрылымы өзгертілді, бұл қызметтің нақты түрі мен шегерімдердің түрі бойынша тиісті нормаларды қолдануға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ елімізде қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе Қазақстандағы көздерден табыс алатын бейрезидент заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылады. Ал мемлекеттік мекемелер корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылмайды. Енді корпоративтік табыс салығын төлемейтіндердің қатарынан мемлекеттік орта білім беретін оқу орындары алынып тасталды. Жылдық жиынтық кіріске енгізілмейтін кірістер мен экономикалық пайда жеке баптар бойынша бөлінген. Жекелеген қызмет түрлерін қоспағанда, корпоративтік табыс салығы ставкасына салық салынатын табыстың 20 пайызы мөлшерінде белгіленген, яғни банк қызметінен (бизнесті кредиттеуді қоспағанда) – 25, ойын бизнесінен – 25, әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың қызметінен (білім беру, медицина) – 2026 жылдан бастап – 5 пайыз, 2027 жылдан бастап – 10 пайыз, ауыл шаруашылығы өнімін, балық шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғалар алған ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сондай-ақ өзі өндірген аталған өнімді қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметтен – 3 пайыз, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызметінен – 6 пайыз мөлшеріндегі ставкалар қарастырылған. Инвестициялық салық преференциялары салық төлеушінің таңдауы бойынша қолданылады және преференциялар объектісінің бастапқы құнына енгізілетін шығындарды шегерімге жатқызудан тұрады. Преференциялар объектілеріне негізгі қорлардың жіктеуішіне сәйкес мынадай активтер жатады – ғимараттар, құрылыстар, машиналар, жабдық, бағдарламалық қамтулар (кеңейтілді). Кейінгі шығыстарды шегеруге қатысты (жөндеу) салық төлеуші таңдауы бойынша олар жүргізілген салық кезеңіндегі тіркелген активтер бойынша кейінгі шығыстардың сомасын шегерімдерге, объектінің құндық балансын ұлғайту немесе қалыптастыруға жатқызуға құқылы. Бухгалтерлік есепке жатқызылған кіріс немесе шығындар түріндегі валютаның нарықтық бағамының өзгеруіне байланысты теңгемен төленуге жататын талапты немесе міндеттемені индекстеуді (түзетуді) тану қарастырылған. Индекстеу сыйақы деп танылмайды.

– Корпоративтік табыс салығын есептеу, декларациялау және төлеу тәртібі бойынша әртүрлі корпоративтік табыс салығы ставкаларын қолдану және бөлек есепке алуды жүргізу кезінде жеке салық салынатын кірістерді анықтау бойынша қандай міндеттемелер енгізілді?

– Аванстық төлемдер бойынша шек 350 000 айлық есептік көрсеткіштен 600 000-ға ұлғайтылды. Алдыңғы салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезеңде түзетулер ескеріле отырып, жылдық жиынтық кірісі алдыңғы қаржы жылының алдындағы айлық есептік көрсеткіштің 600 000 еселенген мөлшеріне тең сомадан аспайтын салық төлеушілер аванстық төлемдерді төлемейді. Сондай-ақ декларация тапсырылғанға дейін аванстық төлемдер бойынша есеп алынып тасталды. І тоқсандағы аванстық төлемдерді есептеуді мемлекеттік кірістер органдары жүзеге асырады.

– Қазақстан Республикасында салық төлеушілер базасында қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою қандай тұлғаларға жүргізіледі?

– ЕуроАзия Экономикалық Одақ кеден заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына импорттайтын тұлғалар. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айналымдар мен импортқа қосылған құн салығы 16 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салынады. Қосылған құн салығы бойынша есепке қою шегі 10 000 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Медицина саласында, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, медициналық бұйымдарды жинақтаушыларды, сондай-ақ техникалық қосалқы (компенсаторлық) құралдарды өткізу бойынша, медициналық қызметтерді өткізу бойынша айналымға және импортқа 2026 жылдан бастап 5, 2027 жылдан бастап 10 пайыз төмендетілген қосылған құн салығы мөлшерлемесі белгіленді. Отандық мерзімді баспа басылымдарын өткізу бойынша айналым мөлшеріне 10 пайызға төмендетілген қосылған құн салығы мөлшерлемесі белгіленді.

– Қосылған құн салығынан кімдер босатылады?

– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде, сондай-ақ Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу және импорттау және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін медициналық қызметтер көрсету босатылады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үйжайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде қосымша құн салығынан босату жойылады. Қолданыстағы қосылған құн салығынан босату тұрғын үй ғимараттарын салу үшін пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, қызметтер бойынша кірме қосылған құн салықты бөлек және күрделі есепке алуды көздейді. Өйткені ғимараттың тұрғын жай емес бөлігіне қосылған құн салығы салынады. Тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) салықтан босатуды алып тастау қосылған құн салығы бойынша салық есебін жеңілдетеді және осы саланы салықтық әкімшілендіру үшін пайдаланылатын ресурстарды қысқартады. Бұл Қазақстандағы тұрғын үй нарығын ескере отырып ұзақ уақыт бойы тұрғын үй үшін салық бойынша жеңілдіктер негізделмеген және тиімді емес деп есептелді. Яғни, тұрғын үй-жайды (пәтерлерді) сату кезінде, егер оның құрылысы басталса немесе пайдалануға қабылдау 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асырылса, онда салықтан босатуды құрылысшы тікелей қолданады. 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарты бойынша тұрғын ғимаратты (тұрғын ғимараттың бір бөлігін) жалға беру кезінде қолданады.

– Өткізу және импорттау бойынша қандай жеңілдіктер қарастырылған?

– Ішкі туризм бойынша туроператордың қызметтері, оның ішінде тек кіру туризмі, отандық басылымның кітаптары, баспа түрінде кітаптар шығару бойынша қызметтер, археологиялық жұмыстар салықтан босатылады. Ал импорттау бойынша «Дамуға ресми көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дамуға ресми көмек бағдарламасы шеңберінде оператор әкелген тауарларды, Салық кодексінде белгіленген шарттарға бір мезгілде сәйкес келген кезде қатты пайдалы қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім шеңберінде технологиялық жабдықты, оның жинақтаушы және қосалқы бөлшектерін, әуе тасымалын жасау кезінде әуе кемесі пайдаланатын жанар-жағармай материалдары салықтан босату қарастырылған. Арнаулы салық режимі қолданылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі айналымдар қосылған құн салығы бойынша айналым болып табылмайды. Қосылған құн салығының нөлдік ставкасы бойынша салық салынатын айналымды (экспорт) тану кезеңін айқындау процесін оңайлату мақсатында тауарларға арналған декларацияны тіркеу күні бойынша айналым жасалған күнді айқындау көзделеді. Үшінші елдерге экспорт бойынша айналым жасалған күн өткізу пунктінде ЕАЭО кедендік шекарасын іс жүзінде кесіп өткен күн ретінде танылады. Бейрезидент үшін салықты растау үшін салық төлеуші электронды шотфактураны өзі жазып беруге міндетті. Осындай жұмыстар, қызметтер бойынша электронды шот-фактураны жазып беру әкімшілендіру процесін жеңілдетуге және кейіннен салық бойынша декларацияны автоматтандырылған түрде толтыруға көшуге мүмкіндік береді.

-Қосылған құн салығы мөлшерлемесінің ұлғаюына және ауыл шаруашылығы саласын қолдауға байланысты есепке жатқызуға тиесілі қосымша соманың мөлшері 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылып отыр екен. Осыны түсіндіре кетсеңіз..

– Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алған күн бойынша есепке алу күніне қатысты қазір салық төлеуші сатып алынған тауарлар, жұмыстар, қызметтер бойынша салық сомасын мына күндердің қайсысы кешірек болса, сол күні есепке жатқызады. Яғни, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алу және электронды шот-фактураны жазып беру күні. Салық бойынша декларацияны ұсыну бойынша кезең шектелді – ол күнтізбелік тоқсаннан кейінгі айдың 15-інен ерте емес және күнтізбелік тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15- інен кешіктірмейтін уақытты құрайды. Мысалы, 1-тоқсанның декларациясын 15 сәуірден ерте емес және 15 мамырдан кешіктірмей тапсыру керек.

-Алынатын табыс түріне қарай жеке табыс салығының сараланған мөлшерлемелері қарастырылған ба?

– Иә, бұл – 363-бап. Жеке тұлғалардың табыстарына жеке табыс салығы ставкаларының мынадай прогрессивті шкаласы бойынша салық салынады. Күнтізбелік жылда 8 500 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін (35 миллион теңге) – 10, күнтізбелік жылда 8 500 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асқан кезде – табыстан 8 500 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 10, қосымша осындай сомадан асқан кезде 15 пайыз. Жеке практикамен айналысатын адамдардың табыстарына (жеке нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, кәсіби медиаторлар) 9 пайыздық ставка бойынша ЖТС салынады. Дивидендтер бойынша 230 000 айлық есептік көрсеткішке дейін (949 миллион теңге) – 5, одан асатын сомадан 15 пайыз қосылады. Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тəртібін қолданатын дара кəсіпкердің, шаруа немесе фермер қожалығының кірісі бойынша 230 000 айлық есептік көрсеткішке дейін 10, одан асатын сомадан 15 пайыз.

-Жеке тұлға жеке салықтық шегерімдердің қандай түрлерін қолдануға құқығы бар?

– Әлеуметтік төлемдердің салықтық шегерімі (міндетті зейнетақы жарналары; міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жеке тұлғалардың кірістерінен ұсталатын əлеуметтік аударымдар) базалық салықтық шегерім айына 30 айлық есептік көрсеткіш (123870 тенге) мөлшерінде, бірақ күнтізбелік жыл үшін 360 еселенген айлық есептік көрсеткіштен (1486440 теңге) аспауға тиіс. Жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялауды және әкімшілендіру процесін оңайлату мақсатында жеке табыс салығы бойынша асып кетуді қайтаруды болдырмау бөлігінде оқытуға, медицинаға, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыға, көп балалылар үшін салық шегерімдерінің орнына оның шегін айына 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайта отырып, стандартты шегерімге ауыстыру қарастырылған. Зейнетақы төлемдері мен біржолғы зейнетақы төлемдері үшін жеке табыс салығынан босату көзделген.

-Мүліктік табыс және әлеуметтік салықта қандай өзгерістер бар?

– Мүліктік табыста мүліктің әрбір түрі бойынша жеке баптар қарастырылды, бағалы қағаздарды сату кезінде теріс және оң өсімді сальдо жасалады, тұрғын үйлерді, саяжай құрылыстарын, гараждарды, тұрақ орындарын, қоймаларды, жеке қосалқы шаруашылық объектілерін сату кезінде құн өсімінен түсетін табысты айқындау кезеңі 2 жылға дейін ұлғайтылды, талап ету құқығын басқаға беруден кірісті анықтау осындай шарт жасалған күннен бастап талап ету құқығын басқаға берген күнге дейінгі кезең 3 жылдан кем мерзім етіп белгіленді. Сондай-ақ кірісті анықтауда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын алған күннен бастап, осындай құқығын басқаға берген күнге дейінгі кезең үш және одан аз жыл болып белгіленді. 6 пайыздық мөлшерлемені белгілей отырып, әлеуметтік салық пен әлеуметтік аударымдардың өзара байланысы алынып тасталды. Өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және өткізу, қайта өңдеу жəне осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізу қызметтерін жүзеге асыруға байланысты салық салу объектілері бойынша 1,8 пайыз мөлшерлемесі бойынша әлеуметтік салық есептеледі. Әлеуметтік салық төлеушілер болып табылатын дара кəсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын адамдар əлеуметтік салықты өздері үшін – төлеу күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшерінде, əрбір жұмыскер үшін төлем күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшерінде есептейді. Шаруа немесе фермер қожалықтары əлеуметтік салықты өздері үшін – айлық есептік көрсеткіштің 0,6 еселенген мөлшерінде, əрбір жұмыскер үшін – көрсеткіштің 0,3 еселенген мөлшерінде есептейді.

– Алкоголь өнімдеріне акциз мөлшерлемесі өзгерді ме?

– Алкоголь өнімдеріне, темекіге, табакқа жыл сайынғы өсіммен акциз мөлшерлемесі 10 пайызға ұлғайтылды. Литріне құны 500 мың теңгеден асатын алкоголь өніміне, құны бір дана үшін 10 мың теңгеден асатын импортталатын сигараларға кедендік құнының 10 пайыз мөлшерінде акциздің ставкасы белгіленді. Құны 18000 айлық есептік көрсеткіштен асатын жеңіл автомобильдерге, құны 24000 айлық есептік көрсеткіштен асатын кемелер мен әуе кемелеріне құнының 10 пайыз мөлшерінде акциз мөлшерлемелері белгіленді. Осы санат бойынша 3000 текше сантиметрден асқаны үшін төленген акциздер шегерімге жатады. Сондай-ақ 2026 жылдан бастап энергетикалық сусындарға акциздің литріне 100 теңге мөлшерінде ставкаларын белгілеу, кейіннен 5 жыл ішінде 240 теңгеге дейін ұлғайту жаңалық болып табылады. Энергетикалық сусындарға акциз салу тәртібі алкоголь өніміне салық салу тәртібіне ұқсас.

– Көлік құралдарына салынатын салық тәртібінде қандай өзгеріс бар?

– Пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын жеңіл автомобильдер бойынша көлік салығын есептеу тәртібі өзгертіліп, оларға түзету коэффициенті – 0,7, пайдалану мерзімі 20 жылдан асқандарға түзету коэффициенті – 0,5 қолданылады. Шаруа фермер қожалықтары бір пикап көлігі бойынша көлік салығын төлеуден босатылды. Көлік құралының түріне қарай көлік құралдарының санаттарына жатқызу бойынша норма алынып тасталды (пикаптар, джиптер, лимузиндер, фургондар). Енді көлік құралын басқару құқығы санатына қарай (А.В.С.D) көлік құралдарының санатын айқындау қарастырылған. 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстанда өндірілген немесе Қазақстанның аумағына әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін мөлшерлемелер алынып тасталды. Заңды тұлғалар үшін көлік құралдарына салынатын салық бойынша ағымдағы төлемдердің есебін (салық есептілігі) ұсыну бойынша міндеттеме алынып тасталды, салық төлеуші тек жыл қорытындысы бойынша декларацияны табыс етеді және тиісінше төлемді жүргізеді.

– Жер және мүлік салығын төлеудегі өзгешеліктер қандай?

– Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін жер салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебін (салық есептілігі) ұсыну бойынша міндеттеме алынып тасталды, салық төлеуші тек жыл қорытындысы бойынша декларацияны табыс етеді және тиісінше төлемді жүргізеді. Шекаралары өзгерген жағдайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылса, елді мекендер шегіндегі осындай учаскелердің жер салығын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер үшін ставкаларымен есептелінеді. Мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша салықтың базалық ставкалары қырық есеге ұлғайтылады. Мүлік салығы бойынша егер міндеттемелер сомасы 300 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебі тапсырылмайды. Бұл салық төлеуші тек жылдың қорытындысы бойынша декларацияны тапсырады және тиісінше төлемді жүргізеді. Ғимараттар, құрылыстар бойынша салық базасы мүлікті қайта бағалауды ескере отырып, бухгалтерлік есеп деректері бойынша айқындалатын салық салу объектілерінің орташа жылдық баланстық құны болып табылады. Бұл ретте мүлікті мұндай бағалау әрбір үш жылда кемінде бір рет жүргізілуі тиіс.

– Жаңа Кодексте төлемақылар бойынша да өзгерістер бар көрінеді...

– Иә, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы алынып тасталды. Орман пайдалану құқығын алған, өрт болған учаскелерде аралық пайдаланып кесуді және өзге де кесуді жүзеге асыратын адамдар, егер мұндай өрттердің ауданы жүз гектардан астам болса, орман ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы төлеуден босатылды. Қатты пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған лицензия негізінде берілген жер қойнауы учаскесі бойынша жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы ставкалары блоктардың санына және барлау кезеңіне байланысты белгіленген. Жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша 20 еседен 40 есеге дейін, яғни 2 есеге ұлғайтылды. Сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін төлемақы бойынша төлемақы төлеушілер ретінде сыртқы жарнама объектілерінің меншік иелері немесе сыртқы жарнама орналастырылатын ғимараттардың (құрылыстардың) меншік иелері белгіленді. Енді, елді мекендердегі үйжайлардан тыс ашық кеңістікте және облыстық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде орналастырылатын сыртқы (көрнекі) жарнама бойынша облыстық мәслихаттар төлемақы мөлшерлемелерін 50 пайызға дейін төмендетуге немесе 100 пайызға дейін ұлғайтуға, астана мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары 50 пайызға дейін төмендетуге немесе 200 пайызға дейін ұлғайтуға құқығы бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар