«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаржылық саясаттың негізі - салық кодексінде

Қаржылық саясаттың негізі - салық кодексінде
Автор
Салық саясаты – мемлекет қазынасын толтырудың негізгі тетігі. Нарықтық қатынастарға көшкелі бюджеттік кіріс-шығыстарды реттеу әрі салық төлеуден жалтарудың алдын алу үшін бұл салаға да түрлі өзгерістер енгізіліп келгені белгілі. Осы мақсатта жаңа Салық кодексі әзірленген болатын.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі бойынша барлық салада салық төлеу тәртібі мен мөлшері өзгеруі тиіс болған. Көптеген өзгерістермен қатар, қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру ұсынылды. Жалпы салықтың бұл түрін базада қосылған құн салығы бойынша тіркеуге тұрған, сонымен бірге Қазақстан мен ЕАЭО кеден заңнамасына сай ел аумағына тауар импорттайтын тұлғалар төлеуі тиіс. Жыл басында Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды.

Алайда кәсіпкерлер оған қарсы болып, жаңа Салық кодексінде 16 пайыз деп белгіленген. Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылған жаңа Салық кодексіне «Ақ жол» ҚДП фракциясы қарсы дауыс берді. Партия атынан сайланған Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі аясында Парламентте кәсіпкерлерге кедергі-қиындықтардың бәріне ашық қарсы дауыс берді. Ақыры құжаттағы шағын және орта бизнес қызметіне теріс әсерін азайту мақсатында оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын басы артық шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды. Тыйым салынған тізімде, қолданыстағы заңнамадағыдай, тек 44 қызмет түрі сақталады.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңесте мәлімделді.

«Ақ жол» Демпартиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, бұл кең қоғамдық талқылау, ашық сын және кәсіпкерлік қоғамдастықтың шоғырлануы бағытты өзгертуге және әділ көзқарасқа қол жеткізуге мүмкіндік берді.

БАҚ құралдарына берген сұхбатында Азат Перуашев:

«Біріншіден, мен барлық кәсіпкерлерді, шағын және орта бизнесті осы өте маңызды шешімнің қабылдануымен құттықтаймын. Мен тіпті тағдырлы шешім деп айтар едім, өйткені еліміздегі көптеген кәсіпкерлер тағдыршешті кезеңнің алдында тұрды», – дей келе, Экономика министрлігі жаңа кодекстегі өзгерістер күшіне енгеннен кейін 300 мыңға жуық шағын кәсіпорын жабылатынын айтып, болжам жасағанын жеткізді.

Сала мамандары арасында бұл үдеріске жасанды сауықтыру деп баға бергендер де болды. Міне осы мәселеге келгенде «Ақ жол» демократиялық партиясының табандылығы ерекше рөл атқарды. Партия өкілдері соңғы апталарда бұл тақырыпты жүйелі түрде көтеріп, Үкіметке нақты ұсыныстар мен талаптар жолдады. 2 қазан күні партияның фракциясы Премьерминистр Олжас Бектеновтің атына ресми хат жолдап, оған партия төрағасы Азат Перуашев қол қойды. Онда «жүздеген кәсіп түрін жеңілдіктен айыру – экономиканы тұншықтырумен тең» деп жазылған. Партия бұл мәселені жергілікті деңгейде де тұрақты түрде көтеріп отырды. «Ақ жол» ҚДП облыстық филиалының, облыстық мәслихаттағы тұрақты комиссияның төрағасы Мұқанбетәлі Шалқарбеков партия көшбасшысының тапсырмасымен Тараз қалалық және аудандық мәслихаттарға сайланған «ақжолдық» депутаттар әкімдерге депутаттық сауал жолдап, биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін АСР көрсеткішін 2 пайызға дейін төмендету туралы шұғыл шешімдер қабылдауды ұсынды.

– Біздің партияның негізгі бағыты мен ұстанымы – отандық кәсіпкерлерді қолдау. Жаңа Салық кодексі жалпы алғанда салық ауыртпалығын қатаңдататынын ескерсек, 2026 жылы аталмыш норманың қызмет аясынан тыс қалуы шағын және орта бизнеске, соның салдарынан ел экономикасына үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлердің екі жақты соққыға ұшырауына жол беруге болмайды. Осыған байланысты Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Тараз қаласы мен аудан әкімдері және жергілікті мәслихаттарына биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін АСР көрсеткішін 2 пайызға дейін төмендету туралы шұғыл шешімдер қабылдауды ұсынып, депутаттық сауал жолдады. Тараз қалалық мәслихатына «Ақ жол» партиясынан сайланған депутаттар Руслан Мырқалықов, Бауыржан Найзақұлов, Шоқан Байкенжеевтің жолдаған депутаттық сауалына қала әкімі Бақытжан Орынбеков салық мөлшерлемесін төмендету туралы жоба бекіту үшін қалалық мәслихатқа жолданғанын мәлімдеп, жауап берді, – дейді Мұқанбетәлі Жеңісұлы.

Шаһар басшысының жауабында:

«Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 726-бабына сәйкес, Тараз қаласы әкімдігінің бастамасымен, жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданған кезде, салық төлеуші есепті салық кезеңі үшін салық салу объектісіне салық мөлшерлемесін қолдану жолымен төленуге жататын корпоративтік немесе жеке табыс салығын (төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда) өзі есептейді.

Осыған байланысты, Тараз қаласының аумағында салық мөлшерлемесін 4 (төрт) пайыздан 2 (екі) пайызға дейін төмендету мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы №568 қаулысымен бекітілген «Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу, мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы» ережелеріне сәйкес, Тараз қалалық мәслихаты шешімінің жобасы әзірленіп, уәкілетті мемлекеттік органдармен келісімдер алынған. Қазіргі уақытта шешім жобасы мемлекеттік тіркеуге жолданды және келісім алынғаннан кейін құжаттар Тараз қалалық мәслихаты сессиясының бекітуіне енгізіледі» деп көрсетілген.

Депутаттар бұл шараның шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан ризашылық пен қабылданып, кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексінің қатал шарттарына бейімделуіне үлкен септігін тигізетініне сенімді. Негізі 2023 жылы Салық кодексіне бөлшек сауда салығы режимі енгізіліп, жергілікті мәслихаттарға мөлшерлемені 50 пайызға төмендету құқығы берілген болатын. Ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бөлшек сауда салығын 4 пайыздық мөлшерлемені құрайтын оңайлатылған салық декларациясы негізіндегі арнаулы салық режиміне (АСР) ауыстыратын жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оған қоса, жергілікті өкілді органдарға енді тарифті 50 пайызға төмендетіп қана қоймай, оны арттыру құқығы да берілді.

Партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқанбетәлі Шалқарбеков «Ақ жол» фракциясы бұл фискалдық мәселеде ШОБ үшін елеулі қауіп бар деп санайтынын айтады. Мәселен, бюджет тапшылығы жағдайында, кейбір өңірлер АСР мөлшерлемесін төмендетудің орнына, керісінше арттыруы мүмкін. Нәтижесінде бұл салық кейбір аймақтарда 2 пайызға, ал, басқаларында 6 пайызға жетіп, үш есеге өспек. «Ақ жол» Партиясы Салық кодексінің жобасын талқылау барысында-ақ бүкіл ел бойынша бірыңғай мөлшерлеме белгілеуді ұсынды. Өкінішке орай, Үкімет бұл ұсынысты қабылдамады.

Салық кодексінің 726-бабында мәслихаттардың мөлшерлемені түзету туралы шешімі ол қолданысқа енгізілетін жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей қабылдануы тиіс деп белгіленген. Салық кодексінің 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетінін ескерсек, онда 2026 жылға АСР өзгерту құқығы мүлдем қолданылмайды. Осылайша, шағын және орта бизнес жаңа кодекс қолданысқа енгізілген бірінші жылдың өзінде салықты төмендету мүмкіндігін пайдалана алмайды, – деп түсіндіреді халық қалаулысы.

Сонымен жаңа Салық кодексінде шағын және орта бизнес қызметіне теріс әсерін азайту мақсатында оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын басы артық шектеулер алынып тасталды. Тыйым салынған тізімде, қолданыстағы заңнамадағыдай, тек 44 қызмет түрі сақталады. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру «таза парақтан» жүргізіле бастайтын болады.

Орта және шағын бизнеске қатысты салықтық тексерулер, камералдық бақылау алынып тасталады. Сот органдарына мәмілелерді жарамсыз деп тану, тіркеуді, қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыз беру тоқтатылады. Тағы бір өзгеріс – салықтар мен төлемдер бойынша салынған өсімпұлдар мен айыппұлдар 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін негізгі қарыз өтелген жағдайда жойылатындығы. ҚҚС бойынша есепке қою шегінен асқан салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Сондай-ақ салық төлеушілер үшін салық және әділет органдарында камералдық және салықтық тексерулер жүргізбей-ақ, оңайлатылған тәртіппен есептен шығару науқаны өткізіледі.

Бұл жаңа Салық кодексін кезең-кезеңімен енгізуге және салық төлеушілер үшін салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

 

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Ұқсас жаңалықтар