«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Абай шығармаларындағы адресаттық құрылым

Абай шығармаларындағы адресаттық құрылым
Автор
Адам болмысының өзегін құрайтын, бір-бірімен тығыз байланыстағы екі ұғым – сөз және сана. Бұл ұғымдар адамның ойлау жүйесі мен танымдық қабілетін сипаттауда тіл білімінде, психолингвистикада, философия мен когнитивтік ғылымдарда қарастырылады. Сөздің тек коммуникация құралы ғана емес, сондай-ақ сананың көрінісі, ойдың формасы, дүниетанымның материалдық қабаты екені белгілі. Ал мағына мен мазмұнның ішкі қайнары, сөздің туындау кеңістігі – сана. Жүсіпбек Аймауытұлы: «Сөз – ойдың айнасы. Ойсыз сөз – сөз болмайды. Ой жетілу мен тіл жетілу қатар жүреді» деп, тіл мен сананың, ойдың өзара байланысын дәлелдеп, мағынасыз сөз болмайтынын, ойлау мен тіл дамуының синхронды жүретіндігін айтып, автордың осы тұжырымы тіл мен ой тұтастығын танудың ұлттық-ғылыми негізі ретінде танылады.

Сонымен адамның ішкі ойлау құрылымы мен сыртқы тілдік көрінісінің арасындағы өзара әрекеттесу өрісін – сөз және сана кеңістігі деп айтуға болады. Бұл кеңістік ойдың тілге айналу, тілдің мағынаға айналу үрдісінде қалыптасады. Санадағы абстрак ұғымы, сөз арқылы сыртқа шығып, нақты формаға енеді.

Бұл кеңістіктің екі жағы болады. Бірі – субъективті, яғни адамның ішкі дүниесіне тән, екіншісі – интерсубъективті, яғни тілдік нормаларға бағынатын әрі қоғамдық санаға бағытталады. Когнитивтік лингвистикада бұл кеңістік менталды репрезентациялар, фреймдер сияқты ұғымдармен сипатталады. Мысалы, адам санасында ақыл, қайрат, ар, жігер секілді ұғымдар жеке тәжірибемен байланысып, эмоционалды-когнитвитік құрылым құрайды. Осы құрылым сөз арқылы бейнеленіп, басқа саналармен, яғни оқырман, тыңдаушы, қоғаммен байланысқа түседі. Сол сияқты сөз де сананың сыртқа бағытталған формасы ғана емес, оны қайта құраушы күш те болады.

Адам өз ойын сөзбен білдіре отырып, өз санасын да реттеп, танымын қалыптастырады. Осы құбылысты ішкі сөз, рефлекциялық сана, тіл арқылы ойлаумен байланыста қарастырған жөн. Сөз бен сана кеңістігі Абай шығармаларында ерекше үйлесімде көрініс табады. Абайдың сөзі, яғни оның поэзиясы мен қара сөздері – автордың дүниетанымының, ішкі рефлексиясының, рухани ізденісінің көрінісі. Абай – тек ақпарат жеткізуші ғана емес, санамен жұмыс істейтін, адам танымына бағытталған сөз шебері. Мысалы, Абайдың «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген тіркестерінен сана мен сезімнің рефлекциясын сөз арқылы жеткізеді. Автор 19-қара сөзінде «Адам ата-анадан туғанда есті болып тумайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады.

Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» деп, сөздің адамның өзін-өзі тану, тәрбиелеу жолындағы орнын айқындайды. Бұл дегеніміз – сана кеңістігін сөзбен тәрбиелеу, оны құрылымдау әрекеті. Абай үшін сөз – тек тілдік құбылыс емес, дүниені танудың, қоғамды реформалаудың, адамды дамытудың құралы. Осылайша автор жеке санадан ұлттық санаға, одан ары жалпыадамзаттық танымға жол ашады.

Абай шығармаларындағы сөз бен сана кеңістігі – философиялық, әлеуметтік, психологиялық деңгейде тұтас әлемді бейнелейтін құрылым. Коммуникативтік актінің негізгі элементтері – адресант пен адресат ұғымдары тіл білімінде, прагматика мен дискурстық талдауда кеңінен зерттеледі. Сөйлеушінің сөзін естіп, түсінуге бағытталған тұлға немесе аудитория, яғни сөйлеу актісінің қабылдаушысы – адресат. Адресант пен адресат ұғымдары сөйлеу әрекетінің интерактивті, диалогтік сипатын көрсетеді, сонымен қатар тіл мен ойдың сыртқа шығу үдерісінде маңызды орын алады. Адресат ұғымы лингвистикада Роман Якобсонның коммуникация моделімен байланысты қарастырылады. Мұнда тілдік қарым-қатынастың 6 компоненті көрсетіледі: адресант, адресат, код, хабар, канал, контекст (Мельчук, 1975). Яғни адресант – сөйлеуші, адресат – тыңдаушы, код – тіл, хабар – мәтін, канал – байланыс құралы, контекст – мәнмәтін. Бұл модельде адресат хабардың қабылдаушысы ретінде анықталады.

Осылайша адресаттық құрылым тек грамматикалық емес, прагматикалық, психологиялық, әлеуметтік өлшемге ие екені көрінеді. Алпрагматика саласында Джон Остин және Джон Серльдің еңбектерінде адресат ұғымы сөйлеу актілерінің табысты жүзеге асуындағы шешуші фактор ретінде қарастырылған (Остин, 1999; Серль, 2010). Яғни кез келген сөйлеуші, айтушы адресаттың когнитивтік күйін, әлеуметтік статусын және мәдени контексін ескере отырып, әрекет етеді. Осылайша адресанттың мақсаты – адресаттың санасында белгілі бір реакция тудыруы керек.

Сонымен қатар адресаттық құрылым мәтіннің интенционалдығы, яғни автордың интенциясы мен мәтінді қабылдауымен де тығыз байланысты. Автор өзінің сөзін белгілі бір адресат түріне арнай отырып, мәтін ішіндегі құрылымды соған сай құрады. Мәселен, сұраулық немесе лептік интонациялар, қаратпа сөздер, экспрессивті-эмоционалды сөздер, мәтін ішіндегі «сен», «біз», «құрметті бауырлар» сияқты тілдік бірліктердің қолданылуы адресатқа бағытталғандығын көрсетеді.

Айтушы мен тыңдаушы арасындағы байланыс тек тілдік құралдар арқылы емес, сонымен қатар мәдени, әлеуметтік, дүниетанымдық кодтар арқылы жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда адресат – тыңдаушы ғана емес, мән мен мағынаны бірігіп құраушы тұлға болады. Әсіресе көркем әдеби мен публицистикалық стильде жазылған мәтіндерде бұл байланыс күрделене түсіп, көпдеңгейлі адресаттық құрылым пайда болады. Мәселен, тікелей адресат (нақты тұлға, қоғам), жанама адресат (болашақ ұрпақ), әмбебап адресат (адамзатқа үндеу).

Абай Құнанбайұлының адресаттық құрылымдарын талдау барысында осы теориялық негіздер маңызды тірек бола алады. Себебі Абай сөзінің өзіне, метафизикалық нысанға, нақты және жалпыланған адресатқа бағытталып, санаға әсер ету ұмтылысы байқалады. Бұл – тек тілдік құрылым ғана емес, философиялық, тәрбиелік, қоғамдық категория. Абай шығармалары – қазақ руханияты мен тілінің алтын қоры. Оның поэтикалық және философиялық еңбектері сөздің терең мағынасы мен қоғамға әсер ететін әлеуметтік кодының үлгісі болып табылады. Бұл мақалада Абай шығармаларындағы адресаттық құрылым мен әлеуметтік мағына лингвистикалық тұрғыдан қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі – қазіргі қазақ қоғамындағы тіл мен рухани жаңғырту мәселелерін түсіну үшін Абайдың тілдік құралдары мен олар арқылы берілген моральдықәлеуметтік мазмұнды қайта зерделеудің маңызы бар. Бұл бағытта жүргізілген терең зерттеулер аз, ал Абайдың тіліне прагматикалық, адресаттық құрылым тұрғысынан талдау жасау – жаңа әдіснама ретінде тың дерек ұсына алады.

Зерттеу жұмысының мақсаты – Абай шығармаларындағы сөздің адресаттық құрылымын, прагматикалық қызметін және оның қоғамдық сана мен құндылықтарды қалыптастырудағы рөлін анықтау. Осыған орай атқарылатын міндеттер: Абай сөздерінің адресатқа бағытталу сипатын айқындау, әлеуметтік мағынаны жеткізетін лингвистикалық құралдарды талдау, поэтикалық және дискурстық негізде сөздің қызметін ашу. Мақалада дереккөз ретінде Абайдың поэзиясы мен қара сөздері алынды. Материалдар сапалық жағынан Абайдың шығармаларындағы мәтіндері алынса, сандық жағынан Абайдың 192 поэзиясы, 46 қара сөзі болса, соның шамамен 10 шақты шығармасы қарастырылды.

Мақалада Абай шығармаларын зерттеу барысында прагмалингвистикалық талдау, дискурстық талдау, контекстуалды-мағыналық талдау, адресаттық модельдеу тәсілі секілді әдістер қолданылды. Мақаланы жазу барысында келесідей зерттеу кезеңдері қамтылды: Абай шығармаларын іріктеу, адресаттық құрылымдарын айқындау, әлеуметтік мазмұнды тілдік құралдар арқылы сипаттау. Абайдың сөзі – таным мен дискурсты қалыптастыратын ерекше құрал болғандықтан, автор тек ой білдіру емес, сөз арқылы әлеуметтік бағдар, ұлттық танымды береді. Абай шығармашылығына қатысты отандық, тіпті шетелдік зерттеулер көп.

Тәуелсіздік жылдарына дейінгі М. Әуезов, Қ. Мұхамедханов, З. Ахметов, Ә. Қоңыратбаев зерттеулерінен басталған еңбектермен қатар тәуелсіздік жылдарындағы М. Мырзахметұлы, Ж. Шойынбет, Т. Жұртбай, С. Қирабаев, Ғ. Есім, Р. Сыздық және тағы басқа ғалымдардың зерттеулерімен ұштасып жатыр. Абай мұрасына қатысты зерттеулердің басым көпшілігі әдебиеттану бағытында болса да, тіл білімі бағытында да зерттеу еңбектері бар. Қазіргі таңда Абай мұрасына антропоөзектілік негізінде зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Осы тұрғыдан алғанда және прагматикалық пен адресаттық құрылым негізінде жүйелі талдаулар сирек кездеседі. Профессорлар Ж.Манкеева, Б.Шалабай еңбектерінде Абай тілі коммуникативтік тұрғыдан талданса да (Манкеева, 2014; Шалабай, 2015), нақты адресаттық деңгей мен әлеуметтік код мәселелері толық ашылмаған.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» бөлімінде:

«Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» деп, Абайдың ойтұжырымдарының ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайтындығын айтты. Себебі бүкіл адамзат баласының рухани азығының ақын мұрасында көрініс беретіндігі дәлелденіп отыр. Абай шығармаларындағы білім мен имани гүл, өлшеу мен құндылықтар, тыңдаушы концепциялары – әлемдік деңгейдегі ірі тұлғалар тұжырымдарымен үндесіп жатқандығын қазіргі білім мен ғылым, мәдениет интеграциясынан анық көріп отырмыз. Абай шығармаларын, яғни сөзін зерттеген сайын оны қабылдау деңгейі де түрліше.

Жалпы белгілі бір тұлғаның мұрасын, шығармасын оның сөзі деп қабылдайтын болсақ, оның адресаттық құрылымын анықтауға, адресанттың әлеуметтік тобын көрсетуге, адресат сөзінің әлеуметтік мәнін жіктеп ашуға болады. Коммуникативті актіде хабар таратушы – хабар алушы, жазушы – оқушы, айтушы – тыңдаушы, процедент – реципиент, адресант – адресат деген құрылымдар бар. Сөйлеу қатысымындағы коммуникацияны адресант пен адресат десек, мәтін немесе жазбаша коммуникациясында автор мен оқырман болады. Абайша айтсақ, «айтушы мен тыңдаушы» – коммуникацияның негізгі иелері. Автор мәтін немесе сөз арқылы екінші адамға әсер етіп, жаңа көзқарастың туындауына, білім аясының кеңеюіне ықпал етіп, қарым-қатынас орнатады. Қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы еңбегінде:

«Сөйлеу деген – біреудің екінші біреуге хабар беруі. Сөйлегенде, жазғанда кім де болса ойын айтады. Ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтуынша ойын тыңдаушы ұғарлық дәрежеде түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады» деп, адам сөзінің адресаттық құрылымы мен мақсатын прагматикалық тұрғыда айтып өткен. Сонымен қатар А.Байтұрсынұлы Абай сөзіне ерекше баға беріп, ойын былай түйіндейді:

«1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес, олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қаласың. Кей сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік» (Байтұрсынұлы, 1992), дәл осы тұста автордың білім деңгейін жоғары бағалап, оқырманының немесе тыңдаушысының түсіну дәрежесінің төмендігі деп есептейді.

Абай шығармаларымен танысу барысында оның адресаттық құрылымын төмендегідей жіктеуге болады: Автордың өзіне қарата айтылған сөздері немесе ақынның өзімен диалогқа түсуі, ішкі сөз, автордың Жаратушыға қарата айтылған сөзі, яғни ақынның Алламен сөйлесуі, хақ жолын насихаттауы, ізгілік, адалдық, әділдік деген құндылықтарды айта отырып, адамзатқа бағытталған шығармалары, автордың қазақ халқының тұрмыстіршілігіне, әлеуметтік жағдайын және тағы басқа мәселелер бойынша ұлтқа бағытталған шығармалары. Автордың өзіне қарата айтылған сөзін лингвистикада – өз-өзіне бағытталған сөз (самоадресация) деп аталады (Demir, 2010). Мұнда адресант та, адресат да – бір адам, бір тұлға, яғни автордың өзі болады. Сөйлеу акт теориясында өз-өзіне бағытталған сөз (самоадресация) – коммуникативтік және психологиялық функциялар атқарады.

Алғашқысында ішкі сөзді сыртқа шығару арқылы әлеуметтендірілген ой айтуы мүмкін, екіншісінде, өзін-өзі реттеу, мотивация, ішкі шешім қабылдау секілді әрекеттер жатады. Автордың Жаратушыға қарата айтылған сөзі – ерекше лингвистикалық акт.

Мұнда адресат нақты болмағанымен, коммуникативтік мәнге ие болады. Мұндағы адресацияның типі – трансцендентті адресат. Автордың сөзі Жаратушыға бағытталғанда, адресат нақты материалдық әлемде емес, трансцендентті кеңістікте орналасқан. Лингвистикада мұндай адресатты реалды емес субъект болса да, толыққанда адресат ретінде танылады. Келесі адресаттық құрылым автордың халқына қарата айтқан сөзі – ұжымдық адресацияның прагматикалық, идеологиялық және дискурсивтік ерекше түрі.

Бұл адресаттық құрылымдағы адресат – мәдени-тарихи тұрғыдан танылған, тілді, рухты, сана-сезімді бөлісетін қауым, әлеуметтік топ. Мұндай дискурстың мақсаты – ұлттық сана мен жауапкершілікке үндеу, тіл арқылы біріктіру, қоғамдық серпіліс жасау. Автордың халқына қарата сөз арнауы көркем және публицистикалық дискурстарда жиі кездеседі. Дж.Серльдің сөйлеу акт теориясы негізінде автордың халқына қарата айтқан сөздері келесідей сөйлеу актілерімен сипатталады:

Директивті актілер – бірлікке, оянуға, әрекетке шақыру, Экспрессивті актілер – эмоционалды көңіл-күйді, сүйіспеншілікті білдіру, Комиссивті актілер – болашақтағы ниетті білдіру, өз халқы үшін құрбан болуға дайын болу (Серль Дж., 2010). Мұндай дискурстарда автор өз халқын қалыптасқан жағдайға жауапты субъект ретінде танылып, олармен диалогтік қатынасқа түседі. Автордың халыққа қарата айтылған сөздерінде риторикалық сұрақтар, метафоралар, экспрессивті айқындаулар, апострофа сияқты құралдарды пайдаланады. Бұл тілдік элементтер адресаттың санасына терең әсер ету үшін қолданылады.

Жаһандық адресация формасы ретінде тілдік дискурс пен коммуникацияда ерекше рөл атқаратын адресаттық құрылымның түрі – автордың адамзатқа қарата айтқан сөздері. Лингвистикалық тұрғыдан мұндай сөздер жалпылама (универсалды) адресатқа бағытталған сөйлеу актілеріне жатады. Бұл – бүкіл адам баласына үндеу жасау арқылы адамзаттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық санаға әсер етуді көздейтін дискурсивтік құрылым. Мұндағы адресат – әмбебап адамзаттық қауым, абстрактілі түрде болады, жалпылама гуманитарлық негізде белгіленеді, тіл, ұлт, дін, мәдениет аясынан жоғары тұратын кең мағыналы субъект ретінде көрінеді.

Бұл адресаттық құрылымдағы прагматикалық интенция – экзистенциалды (болмыс мәнін ойлауға итермелеу), моральдық-этикалық (жақсылық пен жамандықты саралау), дүниетанымдық, ғаламдық қауіпке назар аудару (рухани құндылықтар, соғыс, экология). Мұнда адресант – әлемдік деңгейдегі моральдық жауапкершілік иесі, адамзаттың бір өкілі ретінде үндеуші тұлға. Автор адамзатпен мәңгілік сұхбат жүргізеді (Бахтин, 1996). Абайдың поэзиясы мен қара сөздері тілдік-прагматикалық жағынан күрделі әрі көпқабатты адресаттық құрылымдармен ерекшелінеді. Бұл мақалада Абай шығарламалары төрт негізгі адресаттық бағытта қарастырылады.

Мақсат – автор сөзі мен адресат арасындағы қатынастың лингвистикалық және прагматикалық сипатын ашып, Абай дискурсының адресаттық күрделілігін ғылыми негізде сипаттау. Автордың өзіне қарата айтылған сөздері немесе ақынның өзімен диалогқа түсуі, ішкі сөз (Pethő, Tukacs, 2022). Абай Құнанбайұлы өзінің миссиясын, ішкі қайшылығы мен күйзелісін, жалғыздығы мен рухани толғанысын кейбір туындылары арқылы жеткізеді. Абайдың осы адресаттық құрылымға жататын алғашқы туындысы – бірінші қара сөзі.

Автор осы қара сөзін жеке мұң, толғаныс ретінде бастап, яғни өзімен сөйлесе отырып, артынан сөзін жалпы оқырманға бағыттайды. «Осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін...» деп, келесідей прагматикалық функцияларды орындайды: шындықты айтады (констатив), бөліседі әрі насихаттайды (директив), ішкі жан күйін білдіреді (экспрессив). «Ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ... ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік...» деген тіркестер арқылы қоғамдық дәрменсіздік, ішкі күйік, рухани күйзеліс пен қатар Абайдың тапқан жеке амалы, қоғамдық белсенділік секілді прагматикалық қарамақайшылықты көруге болады. Абайдың бұл қара сөзі – философиялық дидактикалық  дискурс.

Абайдың «ел бағу, мал бағу, бала бағу, ғылым бағу» секілді тіркестері арқылы оның қоғамдық-әлеуметтік рөлдерден бас тартқанын байқаймыз. Ақыры соңында жазушылық қызметті таңдайды. Мұның бәрі – Абайдың ішкі дискурсы, ішкі қарамақайшылық дискурсы. Алғашында автор дискурсында пессимистік реңк басым болғанымен, соңында «ақыры осыған байладым...» деп, үміт артып, дискурсы оптимистік реңке ұласады. Автор осы қара сөзінде «Ел бағу? Мал бағу? Ғылым бағу? Софылық қылып, дін бағу? Балаларды бағу?» деген риторикалық сұрақтар қойып, «бағу, жоқ, баға алмаймын» секілді қайталаулар мен «ел бағу – елге бағым жоқ, ғылым бағу – ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ» сияқты антитезаларды пайдалану арқылы тыңдарманына ерекше ой салып, әсер етеді.

Адресаттары – өзі және тыңдарман. Өзінің поэзияға деген көзқарасын, өлең жазудағы мақсатын көрсететін туындысы «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін». Абай осы өлеңінде өзінің ақын ретіндегі миссиясын анық айтып, «көкірегі сезімді, тілі орамды, талапты ұғар» деген тіркестері арқылы адресатына да биік талап қояды. Демек автор өз туындысын екі адресатқа бағыттайды. Бірі – өзі, яғни ақын, екіншісі – талапты жастар.

Ақын ретіндегі миссиясы – жастарға ой салу екенін айтады. Өзінің жастық шақта ғылымға көңіл көп бөлмегенін айтып өкінетіндігі жайында жазылған «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңінің негізгі идеясының бірі – уақыттың қадірін білу, екіншісі – жастарды ғылыммен айналысуға шақыру. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, өзім де басқа шауып, төске өрледім» деген тікестерден мұндағы адресаттық құрылымның адресанты – жас Абай, ал «баланы оқытуды жек көрмедім, баламды медресеге біл деп бердім» деген өлең жолдарының адресаты – баласы, жалпы жастар. Жалғыздық пен рухани күйзеліс идеясындағы өлеңінің бірі – «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» (Дүйсенбайұлы, 2016). Автор өлеңінде өзіне бағыттай отырып, өзін қоршаған әр әлеуметтік топ өкілдерінің теріс қырларын сипаттайды.

Байлар, саудагер, естілер, надандар, бектер, қарындас, бір күшті, көп тентек, жасы кіші, үлкені, сұрамсақ деген секілді әлеуметтік топ, әлеуметтік жік, әлеуметтік қызмет пен рөлдерді жеке талдап, олардың теріс әрекеттерін сипаттайды. Демек мұнда автордың адресаты – тағы да өзі және оны қоршаған әлеуметтік орта. Ақын болмысының күрделігін сипаттайтын өлеңі – «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?».

Бұл өлеңде ақын өзін жұмбақ тұлға ретінде баяндап, тірі мен өлі кезіндегі күйінен сыр шертіп, өзінің ішкі «менімен» тілдескендей болады. Сонымен қатар автор осы өлеңде «жүрегінің түбіне терең бойлай алатын» тыңдарманының болғанын қалайды. Ал ақынның өмірінің соңғы кезеңінің күйін сипаттап, қоғам мен уақыт алдындағы мазасыз ойларымен сөйлесетін өлеңі – «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек». Жас ұлғайғанда келетін рухани жауапкершілік пен өмірге деген көзқарас идеясына негізделген бұл өлеңнің адресаты – ақынның өзі. Философиялық әрі сатиралық сарында жазылған «Сегіз аяқ» өлеңінде «Алыстан сермеп, Жүректі тербеп, Шымырлап бойға жайылған, Қиуадан шауып, Қисынын тауып, Тағына жетіп қайырған.

Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең өзің біл» деп бастаған ақын адам сөзінің шығу жолын, қалай әсер ететінін, қандай құрылыммен аяқталатынын сипаттай келе, қоғамды, халықты сынай отырып, сөзін ұғар тыңдарманының болмағанына ренжіп, рухани жалғыздығына күйінеді. Автордың адресаттары тағы да – өзі және қоғам екені көрініп тұр.

Абай Құнанбайұлының өзіне бағыттала айтылған шығармалары – оның рухани күнделігі іспеттес. Бұл шығармаларының әлеуметтік мәні – ақынның өзіне үңілуі, миссиясын сезінуі, жалғыздық пен ар алдындағы жауапкершілігі, уақыт пен өмір философиясы туралы болып отыр. Адресанттық құрылымның екінші түрі – автордың Жаратушыға қарата айтылған сөзі, яғни ақынның Алламен сөйлесуі, хақ жолын насихаттауы.

Абай Құнанбайұлының Жаратушыға (Аллаға) бағытталған рухани, діни мазмұндағы өлеңдері мен қара сөздері бар. Ақын бұл туындыларында адам мен Жаратушы арасындағы байланысты, имандылық, хақ жолы, өмір мен өлім, имани гүл (үш сүю) туралы көзқарастарын айтады. Абай «Алланы да ақылмен таны» деген түсінігі арқылы діни фанатизмді емес, терең имандылықты, қорқынышты емес, сүйіспеншілікті, сыртқы діндарлықты емес, ішкі сенімді насихаттайды.

Абайдың Алланы тануы – біліммен, махаббатпен, ақыл және жүрекпен іске асатын терең мазмұндағы рухани үрдіс. Абайдың шынайы иманның жүректе екенін насихаттайтын «Алла деген сөз жеңіл» өлеңінде Алланы ауызбен айтудың жеңіл болғанымен, шынайы иманның жүректе екендігін «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес» деп көрсетеді. Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі рас» деген өлеңінде Құдайдың бір, Құранның шын екені, сонымен қатар «Алла өзгермес, тағриф Алла еш жерде өзгермеді» деп Алланың мәңгілік екенін, «жарлық берді, ол сіздерге сөзді ұғарға» тіркесі арқылы құранның Алланың сөзі екенін растайды. Халыққа иманның асылы үш сүюсіз ораза, намаз, зекет, хаждың талассыз іс болса да, татымды жеміс бермейтіндігін түсіндіреді.

Ақынның үш сүюін немесе имани гүлін зерттеу еңбектерінде «Адамның Алланы сүюі, адамзат пен хақ жолын сүюі» деп талдаса, «Абай ілімін білудің, түсінудің және қолданудың ғылыми негіздері мен теориялық тетіктері: мақалалар жинағы» атты еңбекте ақынның «имани гүл» концепциясы жаңа қырынан танылды. Мұндағы үш сүю: бірінші сүюші – Алла, екіншісі адам мен адамзат, үшіншісі – әділет. Бұл өлеңнің айтушысы (адресанты) – философ ақын, теолог-ғалым, тыңдаушысы (адресаты) – Жаратушыны танығысы келетін адам. Абайдың адресанттық құрылымының осы түріне жататын басқа да өлеңдері, қара сөздері бар.

Мәселен, имандылықтың орны жүрек екенін көрсететін діни-философиялық ойы 38, 27-ші қара сөздері мен адамның өмірлік жолындағы басты өлшемдерді сипаттайтын «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңі. Қорыта айтқанда, Абайдың адресаты тек қана нақты бір әлеуметтік топ емес, метафизикалық кеңістікті қамтитынын көруге болады. Ізгілік, адалдық, әділдік деген құндылықтарды айта отырып, адамзатқа бағытталған шығармалары. Абай Құнанбайұлының тек қазақ халқына ғана емес, бүкіл адам баласына ортақ, жалпыадамзаттық құндылықтарын насихаттайтын туындыларының орны ерекше.

Бұл еңбектерінде айтушы тыңдаушысына адамның рухани кемелденуі, ақыл мен жүрек үйлесімі, махаббат, әділет, ар сияқты ұғымдарды талдап, қарастырады. Мәселен, біз жоғарыда талдаған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген екінші сүюдің мәні терең. Махаббатпен жаратқан адамзатты бауырындай сүюді насихаттай отырып, адам тіршілігінің негізі – махаббат, әділет екенін айтады. Қазақтың таным-түсінігінде бауырды сыйлау, құрметтеу, бауырлар арасындағы бүтіндікті сақтау – абыройлы іс. Ең жақын туыстықты білдіретін ұғым – бауыр.

Бауыр басу, бауырына тарту, бауыры езілу, бауырын көтеру секілді тіркестердің өзі жағымды экспрессивті-эмоцияналды мән береді. Сондай-ақ «Бауыры бірге – атқа мін, бауыры бөлек – аттан түс» деген халық арасындағы нақыл сөздің өзі бауыр сөзінің мәнін ашып тұр. Автор өз оқырманына адамзатты дәл осы бауырына арналған махаббатпен жақсы көру керектігін насихаттайды. Автордың дәл осындай адресаттық құрылымдағы келесі туындысы 38-қара сөзі. Мұнда адресат рухани ізденуші кез келген жан, адамзат.

Бұл қара сөзінде жалпы адам табиғатын тануға қажетті өлшемдер беріледі. Кемел адам идеясын насихаттайтын «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңі, адамның еңбек пен ізгілік арқылы жетілу жолдарын көрсететін 7-қара сөзі, жалпыадамзаттық мінезге арналған «Адамның кейбір кездері» және тағы басқа туындылары – әлемдік деңгейдегі гуманистік идеяларға негізделеді. Автордың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік жағдайын және тағы басқа мәселелер бойынша ұлтқа бағытталған шығармалары – адресанттық құрылымның ішіндегі ең көп тараған түрі.

Автордың осы бағыттағы туындыларын талдай отырып, оның бірнеше әлеуметтік рөлді атқарғанын көруге болады. Автор тек ақын емес, қоғам сыншысы, халық тәрбиешісі, ағартушы ғалым, әке, күйеу, басқарушы ретінде сөз сөйлеп, шығармалары әлеуметтік сын, реформаторлық ой, рухани оятуға шақыру сипатында көрінеді. Қалың елі, қазағы үшін ұлттық сана мен рухани серпіліске үндейтін туындылары – «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Сегіз аяқ».

Бұл шығармаларында халықтың рухани тоқырауына жол бермей, оятуға тырысты. Сонымен қатар сол дәуірдегі кеңес үкіметінің жүргізіп отырған саяси-экономикалық ахуалын да түсініп, «өзімдікі дей алмай өз малыңды», «өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», «бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп шынайы жанашырлықпен айта отырып, айтушы тыңдаушысына тоқырау мен дағдарыстың алдын-алу жолдарын да жеткізді.

Заман талабына сай өркендеу жолының кілті – білім мен ғылым екенін Абай «жасынан ескермесе» де, түйсініп білді. Автор қазақ жастарын білім алып, оқуға, ғылымға ұмтылуға, тіл үйренуге үндеді. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», «Ғылым таппай мақтанба», «Баламды медресеге біл деп бердім» және тағы басқа шығармаларында білімсіздік пен елді артқа тартатын теріс әрекеттерден бойын аулақ ұстауды айтады. Әлеуметтік әділдік пен теңдік идеясын ұсынатын «Болыс болдым мінеки», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» өлеңдерінде автор қазақ қоғамындағы шенқұмарлық, парақорлық пен әділетсіздікті әшкерелеп, әлеуметтік теңсіздік пен озбырлықты сынап, әділ қоғам құруға ұмтылады.

Бұл – қоғамдық реформаға ұмтылыс. Сонымен қатар автор халықты ар-ождан, намыс, мейірім, әділет, еңбек сияқты мәңгілік моральдық құндылықтарды сақтауға үндейді. «Еңбек етсең ерінбей» деп, халықты еңбек етіп, кәсібін меңгерген елге айналу керектігін көрсетеді. Бұл – экономикалық сананы қалыптастыру болып табылады. Абайдың халқына арналған шығармалары – қоғамның саяси-әлеуметтік, рухани диагнозы іспеттес. Абай тек қоғамның диагнозын ғана көрсетпей, одан арылудың жолдарын да нақтылап берген. Адресант-автор адресат-халқына арнаған сөзінің басты мәні: ұлтқа ой салу, ояту; әлеуметтік әділет орнату; білім мен парасатқа үндеу, рухани-этикалық жаңару, қоғамдық сана қалыптастыру.

Автордың осы айтылған сөзінің мәні бүгінгі күнде де өз өзектілігін жойған жоқ. Абайдың осы адресаттық құрылымындағы туындыларының өзін іштей бірнеше әлеуметтік топтарға бөліп қарастыруға болады. Адресат – қара халық, жастар, бай, кедей, билік иелері, замандасы, болашақ оқырман және тағы басқа Ал, Абайдың адресант ретіндегі әлеуметтік тұлғалық бейнесі де көп қырлы: ақын ретінде – поэзия тілімен, философ ретінде – терең идеялар ұсынады, ұстаз ретінде – өсиет, насихат, тәрбиелік мазмұнды көзқарастары, азамат ретінде – қоғамдық ой мен сыни пікірлері, теолог ретінде – діни-философиялық танымды жеткізеді.

Абай сөзіндегі немесе шығармаларындағы адресат-адресант, автор-оқырман, айтушы-тыңдаушы ұғымдары – көркем коммуникация мен мәтін прагматикасы тұрғысынан маңызды категориялар. Осы категорияларды талдау арқылы Абай шығармаларының коммуникативтік құрылымын, мәнмәтіндік деңгейін және қабылдау кеңістігін жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді. Абай шығармаларындағы адресаттық құрылымдар мен әлеуметтік мағынаны прагматикалық, дискурстық талдау әдістері арқылы талдау жүргізілді.

Осының негізінде келесідей нәтижелерге қол жеткізілді: Абай сөзінің адресаттық моделінің көпқабатты болуы (өзіне бағытталған, Жаратушыға бағытталған, ұлтына бағытталған, адамзатқа бағытталған); Абайдың адресант ретіндегі әлеуметтік тұлғалық бейнесінің көп қырлы екені (философ, ақын, лауазымды тұлға, әке, ұстаз, азамат, теолог, сүйген жар); Әлеуметтік кодтардың тіл арқылы адам санасына әсер етуі (ақыл, қайрат, жүрек); Қара сөздер мен поэзияның прагматикалық әсер ету құралы ретіндегі сипаты. Мақалада қарастырылған 4 негізгі адресаттық құрылымның классификациясы 1-кестеде көрсетілген:

Абай шығармаларына лингвистикалық және адресаттық құрылым бойынша талдау жасау арқылы бір туындысының бірнеше адресатттық құрылымға тиесілі болатынын анықтадық. Алдағы уақытта Абайдың 192 поэзиясы мен 46 қара сөзін 4 адресаттық құрылымға нақты жіктеп, ұлттық дискурс пен қазіргі заман тіліндегі моральдық код арасындағы сабақтастықты анықтауға болады.

Зерттеу нәтижелері қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда, ұлттық идеологияны қалыптастыруда, сөзтану мен тілдік прагматика саласын кеңейтуде қолданыс табуы мүмкін.

 

Балмира МЫРЗАБАЕВА

М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы.

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар