Қазақ халқының мұсылмандық дүниетанымында ихсан іліміне сәйкес келетін ұғымдар аз емес. Дәстүрлі мәдениетте «имандылық», «адалдық», «ізгілік» сияқты түсініктер халықтың діни әрі этикалық өмірін сипаттайды. Сондықтан ихсан ілімін қазақ руханиятымен байланыстыра зерделеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Құран Кәрімде Алланың жақсылық жасаушыларды жақсы көретіні айтылады. Бақара сүресінің 195-аятында:
«Шын мәнінде, Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді», – деп көрсетілген.
Пайғамбарымыздың хадистерінде де ихсан ұғымы иман мен исламнан кейінгі ең жоғарғы рухани саты ретінде баяндалған. Құранның тағы бір аятында: «Жақсылық жасап жарысыңдар» деп айтылады. Адам баласы келеңсіз қылық пен ғайбаттан қандай қашық болуы тиіс болса, жақсылыққа да өте жақын болғаны жөн. Адамзат жасаған жақсылықтың шегі мен шеті болмағаны жөн. Адамның бірбіріне тілеген ақ ниетінен аспаннан нұр төгіліп тұрғандай болғаны абзал. Себебі, барлық ізгі қасиеттің бастауы – жақсылық.
Пайғамбар Мұхаммед сахабаларымен сұхбаттасып отырғанда бір кісі келіп: «Иман дегеніміз не?», деп сұрайды.
Сонда: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның періштелеріне, пайғамбарларына, Алламен кездесуге, қайтыс болғаннан кейін қайта тірілуге сену», – деп жауап береді. Сонда әлгі кісі: «Ислам дегеніміз не?», – деп сұрайды.
Сонда Пайғамбар Мұхаммед: «Ислам дегеніміз – Аллаға құлшылық ету, Оған ешнәрсені серік қоспау, намаз оқу, парыз болған зекетті беру, рамазан айында ораза ұстау және қажылық жасау», – деп жауап береді.
Сұрақ қоюшы: «Ихсан дегеніміз не?», – деп сұрағанда Пайғамбар:
«Сені көріп тұрғандай Аллаға құлшылық етуің. Сен Оны көрмесең де Ол сені көріп тұрады», – дейді.
Осы хадистен «ихсан» ілімінің негізгі мәні Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету екенін түсінеміз. Біз Алланы көрмесек те Ол бізді көріп тұрғандай сеніммен құлшылық – жасауымыз керек. «Ихсан» ілімі адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Осы тұрғыдан ихсан – құлшылықтағы ықыластың шыңы, адамның жүрек тазалығы мен нәпсіні тәрбиелеуге бағытталған ілім.
Қазақ мәдениетінде «имандылық» сөзі адам мінез-құлқының басты өлшемі саналды. Имандылық – тек діни рәсімдерді орындау емес, жүректің тазалығы, ар-ұятты сақтау, әділ болу.
Бұл түсінік ихсан ілімімен астасып жатыр. Қазақ халқы исламды қабылдағаннан кейін рухани әлемінде сопылық ілім кеңінен таралды. Түркістан топырағында өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауи ілімі қазақтың мұсылмандық дүниетанымына зор ықпал етті. Оның хикметтерінде жүрек тазалығы, нәпсіні тыю, Алланы сүю, Пайғамбарға махаббат, кісілік пен кішіпейілділікке үндейтін ойлар өрбіді. Бұл – ихсан ілімінің тікелей көрінісі.
Ахмед Ясауидің іліміндегі жүрек мәселесі – бұл Алланы танудың орталығы. Ол «қалб» ұғымын сопылық кемелдіктің негізі деп қарастырды. «Жүрекке нұр қонбаса, хақиқатты көрмейсің» деп ихсанды рухани жүрек тазалығымен байланыстырғанын көрсетеді. Қазақтың рухани кеңістігінде Абай Құнанбайұлының «Толық адам ілімі» іспетті көзқарастар арқылы көрініс тапты. Екі ілім де адам бойындағы ізгілік, әділет пен ар-ожданды дәріптеп, кемел тұлға қалыптастыруды көздейді.
Президент Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деп өркениетке жол ашатын рухани кемелденуді атап өтті.
Кемел адам мәселесі мұсылмандық әлемнің сопылық ағымында ХІ-ХІІ ғасырда-ақ қалыптасып, шырқау биігіне жетіп, сол негізде 1069 жылы Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу Білік» дастанында толық баяндалып суреттелген болатын.
Сопылық «хал ілімі» саласында негізі қаланып, даму жолына түскен сопылық адамшылық ілімді Хакім Абай өз заманы талабына орай дәстүрлік жалғастықпен дамыту арқылы қазақ даласында – адамшылықтың толық адам ілімі деп аталатын жаңа түрі дүниеге келді. Сонымен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ар ілімі» арқылы ар-ожданды басты құндылыққа айналдырды. Мұның барлығы қазақ ойшылдарының ихсанға жақын идеяларды дәріптегенін айғақтайды.
Бұл тұжырым – қазақ мәдениетіндегі ихсан ұғымының философиялық жалғасы. «Толық адам» және ихс ан ілімінің сабақтастығы: Рухани кемелдік – ихсан құлшылықтағы шынайылық пен жүрек тазалығы болса, толық адам – жүрек, ақыл, қайраттың үйлесімі. Екеуі де кемелдікті мақсат етеді. Адамгершілік құндылықтар – ихсан әділдік пен жақсылыққа негізделсе, толық адам ілімінде әділет пен махаббат басты орын алады. Қоғамдық маңызы – ихсан да, толық адам да жеке тұлғаның ғана емес, тұтас қоғамның ізгіленуіне қызмет етеді.
Бүгінгі күні жастардың дүниетанымын қалыптастыруда екі ілімді қатар қарастыру – ұлттық және діни руханияттың үйлесімін сақтап, адамгершілік тәрбиесін күшейтудің тиімді жолы. Қазақ даласында ихсан ұғымы қоғамның рухани бірлігін қамтамасыз еткен. Ол қасиет жеке адамды – арлы, намысты, адал етуге бағыттады. Отбасы мен қоғамды – ізгілікке, татулыққа, әділдікке үндеді.
Мәдениетті сопылық әуенмен байытып, поэзия, музыка, фольклор арқылы халыққа сіңді. Жыраулар поэзиясында, батырлар жырында, діни-дидактикалық дастандарда имандылық пен ар-ұятқа, кісілікке үндеу – ихсан ілімінің кең тарағанын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, ихсан ілімі – Исламның рухани өзегі, адамның жүрек тазалығы мен мінез-құлқын түзейтін кемелдік мектебі. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен діни дүниетанымында бұл ұғым имандылық, арождан, адалдық секілді құндылықтар арқылы көрініс тапты. Сондықтан ихсан ілімі қазақ руханиятының ажырамас бөлігі ретінде қазіргі жастар тәрбиесінде де ерекше орын алуы тиіс.
Бақтияр АЛПЫСБАЕВ
дінтанушы.
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




