«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Имандылық – ізгі қасиет

Имандылық – ізгі қасиет
Автор
Рухани келісім күніне арналған діни бірлестіктердің өкілдері мен дін саласындағы сарапшылардың Тараз қаласы, Марс Үркімбаев атындағы жастар сарайында өткен кездесуінде аталған саланың құндылықтары мен ерекшеліктері кеңінен қамтылды. Жиынға облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев төрағалық жасады.

Кездесуде конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы дінтану зерттеулері департаментінің директоры, философия ғылымының PһD докторы Татьяна Лепкина «Қазақстанның рухани әралуандығы – ынтымақ пен татулық жолы» тақырыбында баяндама жасап, рухани келісімді әлем халықтары татулығының алтын кілті деп атады. Л.Н. Гумилев атындағы ұлттық университеті дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышқанұлы «Бейбітшлік пен бірлік – рухани келісім негізі» тақырыбында баяндама жасап, көпшіліктің назарын аударды. Ол «Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съезі Қазақстанның аса маңызды бастамасы болды.

Бұл – діндер мен өркениеттер арасындағы шиеленістерді сабасына түсіруге себепші болатын дуалы ауыз дінбасшыларын біріктіретін бірегей форум. Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы діннің, білім мен ағартушылықтың рөлі, бейбіт қатар өмір сүрудегі діни лидерлердің қосар үлесі, әйел затының қоғамдағы әлеуметтік мәртебесі тәрізді ортақ мәселелер негізінде құрылған диалог өзара ынтымақтастықтың келешегін кеңінен ашып, қазіргі заманның зорлық , фанатизм, экстремизм және лаңкестік тәрізді жағымсыз көріністерін еңсеруге түрткі болады», – деп атап көрсетті.

Ал конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы діни ахуалды талдау және мониторинг департаментінің бас сарапшысы Дулат Жақиянов «Толеранттылық мәдениеті – қоғамдық келісім кепілі» тақырыбында жасаған баяндамасында:

«Бейбітшілік – адамзаттың қажеттілігі. Оны орнату, шарттарын қамтамасыз ету және жетістіктерін қорғау үшін күш салу маңызды. Ол бір ғана мемлекеттің немесе бір діннің аясында шешілетін мәселе емес. Бейбітшілікке қол жеткізу – халықаралық қауымдастықтың, діни конфессиялардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы бірлесіп қол жеткізетін құндылығы. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі – конфессияаралық және дінаралық диалог болып отыр», – деп атап көрсетті.

М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Дина Құлбаева «Қоғамдық сана мен рухани мәдениет: Жаһандану дәуіріндегі құндылықтар» тақырыбында баяндама жасады. «Бүгінде әлем түрлі дағдарыстар мен қақтығыстардан көз ашпай отыр. Дін мен сенім, мәдениет пен өркениеттер арасындағы алшақтық кейде өшпенділікке дейін ұласуда. Осындай күрделі жағдайда бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарды сақтап, бейбітшілікті нығайту үшін жаһандық диалог қажет. Бұл бағытта Қазақстан бастамашы болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі ерекше маңызға ие.

Съезд аясында әртүрлі діндердің өкілдері өзара ашық пікір алмасып, бейбітшілік, әділеттілік және адамзаттың тұрақты дамуы мәселелерін бірлесе шешудің жолдарын қарастырады. Съезді өткізіп ғана қоймай, оның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Хатшылық пен Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығын құрды. Бұл құрылымдар дінаралық ынтымақтастықты тереңдетуге, рухани құндылықтарды халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталған нақты жұмыстар атқаруда», деген ол бейбітшілік пен рухани келісім мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Жиынды қорытындылаған басқарманың басшысы Сәкен Сәрсенбайұлы кездесуге Тараз қаласы және барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары, қоғам белсенділері қатысып отырғанын, олар бүгінгі жиынның маңызды мәселелерін қала мен аудандарда насихаттай беретінін айтып, қонақтарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар