«Біз кез келген уақытта жоспардан тыс тексеру жүргізе алмаймыз»
- author «Ақ жол»
- 21 қазан, 2025
- 467
Әрине, біздің инспекцияның барлық мекемеде тексеру жүргізуге құқы бар, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақов.
– Бірақ жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін алдымен заң талаптарын сақтауымыз керек. Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабында қандай жағдайда мекемені тексере алатынымыз нақты көрсетілген. Тойхана, ресторан, жанармай стансасы секілді жекеменшік мекемелерді өз бетімізше тексерсек, ертеңгі күні прокуратура наразылық білдіріп, сыбайлас жемқорлық сипаттағы жауапкершілікке тартып жібереді. Ол үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Заңға «Еңбек инспекциясы заңсыздық орын алғаны туралы ақпараттар түскен кезде жоспардан тыс тексеру жүргізу міндетті» деген бап енгізу қажет. Шынында бізге жоспардан тыс тексеру, профилактикалық жұмыстар жүргізбек түгілі ақпарат сұрауға да шектеу қойылған. Облыстық үш жақты комиссия арқылы, облыс әкімінің орынбасары, жергілікті атқарушы органдар арқылы ақпараттар сұратамыз. Өзіміз сұрата алмаймыз. Ал кемшілік анықталған жағдайда жазбаша ескерту береміз. Егер бір айдың ішінде айыппұлды төлемесе сот орындаушыға жібереміз. Ары қарай солардың жұмысы. Ал ұжымдық келісімшарт Еңбек кодексінде міндеттелмеген. Әйтсе де ұжымдық келісімшартта жұмыс істеушінің көптеген құқығы анық жазылып, қорғалады. Сондықтан мекемелерге барып ұжымдық келісімшарт жасаудың пайдасы көп екенін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ талап етпейміз. Егер жұмысшы арызданған жағдайда алдымен ұжымдық шартта не жазылғанын оқып көрсе, өз құқығын қорғай алар еді. Сондай-ақ жұмыскерлер ұжымдық келісім шарт жасалуы керек деген талап қойса жұмыс беруші соны орындауы керек. Жасыратыны жоқ, жұмыскер талап етіп, жұмыс беруші ұжымдық келісімшартты жасағысы келмейтін жағдайлар бар. Міне, облыс бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақов осылай дейді.
...Жалпы алғанда қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау – мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. Оның үстіне еліміздің өндіріс орындарында жыл сайын жазатайым оқиғалар болып жататыны жасырын емес. Мұндай жазатайым оқиғалардың көбісі жұмыс берушілер мен жұмыс өндірісін ұйымдастырушылар тараптарынан, сонымен бірге, зардап шегушілердің өздерінің еңбек қауіпсіздігіне немқұрайлы, жауапсыз қарау мен елемеушілік салдарынан болады.
Дегенмен әртүрлі салалардағы жарақат себептерінің өз ерекшеліктері бар. Барлығына ортақ нәрсе – жұмыс өндірісін қанағаттанарлықтай ұйымдастырмау, еңбек және өндіріс тәртіптерін бұзу, көлік құралдарын пайдалану кезінде техника қауіпсіздігі талаптарын бұзушылықтар болып табылады. Қазіргі кезде әлемнің жүзден аса елінде еңбекті қорғаудың шешілмеген мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Олар жергілікті үкімет органдарының, кәсіподақ ұйымдарының, жұмыс берушілер және еңбекті қорғау саласындағы қызметкерлердің қолдауымен өткізіледі.
Жалпы алғанда әрбір қазақстандық азаматтың құқығын қорғайтын, олардың қоғамда ұстануға және білуге тиісті жалпы ережелерді насихаттайтын, сондай-ақ әртүрлі жұмыс саласы барысында қауіпсіздік шараларын сақтау жолдарын, жұмыс беруші және атқарушы тараптардың құқықтарын түсіндіріп, еңбекақы төлеу мәселелеріне қатысты елімізде де түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Жамбыл облысы бойынша
Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақовтың айтуына қарағанда, жыл басынан бері еңбек инспекторлары облыс ұйымдарында 170 мемлекеттік тексеріс өткізіп, 177 заң бұзушылық анықтапты. Нақтырақ айтатын болсақ, оның 142-сі еңбек қатынастарына, 30-ы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға, 5-еуі халықты жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты.
Анықталған бұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге орындалуға міндетті 81 нұсқама беріліп, 34 әкімшілік іс қозғалды. 11,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды, оның 6,4 миллион теңгесі, яғни 56,6 пайызы өндірілді. Ал 4,9 миллион теңгені өндіру үшін жеке сот орындаушыларына жолданды.
– Оның ішінде 2025 жылдың І жартыжылдығындағы жоспар бойынша 9 кәсіпорында жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижесінде 68 заң бұзушылық фактісі анықталып, барлығы толық көлемде жойылды, – дейді Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақов.
– Жалпы есептік кезеңде жеке және заңды тұлғалардан 1163 арыз-шағым түсіп, оның 872-сі қаралып, қалған 291 өтініш тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек құқықтарының бұзылу тәуекелін бағалау және оның алдын алу мақсатында департамент скорингтік модельдің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланып келеді. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жоғары тәуекел деңгейіндегі кәсіпорындар саны 58-ді құрап, жыл басымен салыстырғанда 22,9 пайызға, яғни 16 кәсіпорынға азайды. Тәуекел аймағындағы кәсіпорындарда әлеуметтік аударымдардың кешіктірілуі, сақтандыру шарттарының болмауы және орташа жалақының төмендігі орын алған.
Аталған мәселелерді шешу мақсатында департамент жергілікті атқарушы және өзге де құзырлы органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, 58 кәсіпорынның тізімі берешектерді өндіру үшін кірістер департаментіне жолданды. Сондай-ақ орташа жалақысы төмен 40 кәсіпорынға жалақыны арттыру жөнінде хаттар жіберілді. Сақтандыру шарттарын жасамаған 43 ұйымға заңнама талаптарын орындау туралы хабарламалар берілді. Жыл соңына дейін жоғары және орта тәуекел деңгейіндегі кәсіпорындар санын төмендету бойынша қол жеткізілген оң динамиканы сақтау және күшейту міндеті тұр.
Жалпы алғанда жазатайым оқиғалардың алдын алу көптеген мемлекеттердің ең маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Жазатайым оқиғалар адами ресурстардың шығынына, яғни еңбекке жарамсыздық, адамның әлеуметтік жағдайының, өмір сапасының нашарлауына және мезгілсіз өлімге әкеледі. Сонымен қатар нашар еңбек жағдайлары нәтижесінде әрбір болған жазатайым оқиғаның мемлекетке үлкен материалдық зияны тиеді. Жазатайым оқиғалар – жауапсыздықтан. Қалай айтсақ та, қауіпсіз еңбек жағдайлары – нәтижелі жұмыстың маңызды элементтерінің бірі.
Өндірістік факторлар жұмысшылардың физикалық және психологиялық денсаулығына ешқандай әсер етпеуі керек – бұл айқын факт, бірақ көптеген кәсіпорындарда жұмыс процесінде жағымсыз жақтар көрінеді. Заңнамалық нормаларға сәйкес, персоналдың жұмыс қауіпсіздігі үшін барлық жауапкершілік жұмыс берушіге жүктеледі, бірақ сонымен бірге қызметкерлер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, ережелердің және нұсқаулықтардың талаптарын сақтауға міндетті.
Департаменттің негізгі бағыттарының бірі – жұмыс берушілердің қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасауын бақылау болып табылады. Себебі жұмыскерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру – олардың әлеуметтік және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бүгінгі күнге Жамбыл облысындағы 3 193 белсенді кәсіпорынның 69,5 пайызы жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандырған.
– Еңбек министрлігінің осы жылға қойған индикаторы 63 пайызды құрайды, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақов.
– Сақтандыру шарттары жоқ кәсіпорындармен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп түсіндіру жұмыстары жүргізілуде және олардың барлығына ресми хабарламалар жолданды. Сонымен қатар аудандық және облыстық үшжақты комиссиялардың отырыстарында мәселе тұрақты қаралып, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялануда. Жалпы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесіне келетін болсақ, 2025 жылдың 9 айында қызметтік міндеттерін атқару барысында орын алған 28 жазатайым оқиғадан 34 адам зардап шексе, 6 адам қаза тапты. 2024 жылы – 39 жазатайым оқиға, 42 адам зардап шеккен, 7 қаза болған еді. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, жазатайым оқиғалар саны 28 пайызға (11 оқиғаға), ал зардап шеккендер саны 19 пайызға (8 адамға), қайтыс болғандар саны 14,5 пайызға (1 адамға) азайды. Орын алған жазатайым оқиғаларда 10 адам 4 топтық жазатайым оқиғадан зардап шекті.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері:
– 18 жағдай жұмыс берушінің еңбекті дұрыс ұйымдастырмауынан;
– 5 жағдай жұмыскердің қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзуынан;
– 5 жағдай жұмыс беруші мен жұмыскердің тең жауапкершілігі.
Жазатайым оқиғалардың 40 пайызы жәбірленушінің биіктіктен құлауы, 15 пайызы қозғалмалы және айналмалы заттар мен бөлшектердің әсерінен, ал 45 пайызы басқа факторлардың салдарынан орын алды.
Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, жұмыс берушілерге орын алған оқиғалардың себептерін жою және алдын алу жөніндегі шаралар белгіленіп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынды және материалдар ішкі істер органдарына жолданған.
Бүгінгі таңда өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында облыста бекітілген кесте бойынша 1892 адамның қатысуымен 125 ұжымда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан 42 азаматқа кеңес берілді, БАҚ пен әлеуметтік желілерде 168 мақала жарияланды. Еңбек жағдайлары бойынша 148 жұмыс орны аттестаттаудан өтті. Департаменттің бақылауындағы еңбек құқықтарын қорғау мен еңбек қатынастарын заңдастырудың маңызды тетіктерінің бірі – жұмыскерлердің еңбек шарттарын бірыңғай есепке алу жүйесіне енгізу болып табылады.
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өңірде жұмыс істейтін 143837 жұмыскердің еңбек шарттарының 88,0 пайызы (127939 адам) Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне тіркелген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу міндеті бар. Өңір кәсіпорындарында жалақы берешегін азайту шаралары бойынша биыл облыста мемлекеттік еңбек инспекторларының тексерістері нәтижесінде 8 кәсіпорында 533 жұмыскерге 261 миллион теңге жалақы қарызы анықталып, 15 нұсқама беріліп, 2,7 миллион теңге айыппұл салынды.
Қолданылған шаралардың нәтижесінде 7 кәсіпорында 505 қызметкерге 239 миллион теңге жалақы қарызы толық өтелді. Қазіргі уақытта 1 кәсіпорында, атап айтқанда, «Шу-Сервис» ЖШС 28 жұмыскерге 22 миллион теңге көлемінде берешек сақталуда. Қарызды өндіру мақсатында барлық әкімшілік және сот шаралары қабылданып, материал сот орындаушыларының өндірісінде қаралуда.
Еңбек инспекторларының мәліметтері бойынша қызметкерлер көбінесе еңбек және ұжымдық шарттар жасамай жұмыс істеуге келісе отырып, өздерінің еңбек құқықтарын бұзады, ал олардың құқықтарына қысым жасау туралы сөз болғанда, олар кәсіпорындағы жұмыс фактісін ешқандай құжаттармен растай алмайды. Әрине, мұнда ешқандай қорғаныс туралы айту мүмкін емес. Әрбір қызметкер жұмыс берушіден еңбек шартын, әсіресе ұжымдық шартты талап етуі тиіс, онда ұжым мен жұмыс беруші арасында барлық тұрмыстық, өндірістік жағдайлар, еңбекті қорғау жөніндегі жағдайлар, мүкәммалмен, жеке қорғаныш құралдарымен, арнайы киіммен қамтамасыз ету егжей-тегжейлі келісіледі.
Еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды мүлтіксіз орындау – қызметкер мен жұмыс беруші арасында дұрыс қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Әрине, жұмыстың тұрақты болуы тек еңбеккерге ғана емес, жұмыс берушінің өзіне де байланысты. Егер кәсіпорын басшысы еңбек заңнамасын сақтамаса, ондай жерге жұмысшы тұрақтамайтыны анық. Жеке жұмыс берушілер тарапынан қол астындағы жұмыскерлерге қатысты заң талаптарын өрескел бұзатын жағдайлардың жиі болып тұратыны жасырын емес.
Оралхан ДӘУІТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




