Рсанмен тек мектепте ғана емес, есейіп жігіт болған кезде де жұбымыз жазылмады. Екеуміз әр оқу орнында оқығанымызбен, студенттік жылдарымыз да шамалас өтті. Ол Баян деген қызды ұнатып, екеуі шаңырақ көтерді. Қуанып қасынан табылдық. Талай қызықты сәттерге куә болдық. Рсан әзілге жүйрік, тауып сөйлеп, көңілді жүретін жігіт еді. Ол институт бітірген соң жақсы маман ретінде көзге түсті. Тәжірибе жинай келе Рсан Есенбеков үлкен кеңшарға директор болды. Кеңес Одағы кезінде кеңшар директоры болу деген үлкен жауапкершілік.
Жаздың аптап ыстығында, қыстың аязы мен боранында малшыларды аралау, олардың жағдайын білу, малына қажетті жем-шөбін, қорасын әзірлету, егіншіліктегі сан алуан жұмысты үйлестіру қаншалықты жеңіл болсын. Рсан шыдады, еңбектің көзін тапты. Жастық жалынмен аудандық комсомол комитетінің І хатшысы қызметін де атқарып, жастардың жанашыры бола білді. Дегенмен қызметке де соншалықты қызыға бермейтін жан еді.
Маңдайына бұйырып тұрған лауазымға барды. Бұйырмаса, үлкен есіктерге кіріп, қызметтің соңынан қуған емес. Зейнетке шыққаннан кейін де бір-бірімізден алыстап кеткен жоқпыз. Тіпті ол Тараз қаласына көшіп келіп, енді жиі жолығып, өмірдің белестері, жастар тәрбиесі жөнінде сырласып әңгімелесуші едік. Ол ауыл шаруашылығы, ел экономикасындағы жаңашыл өзгерістер туралы көбірек айтып, мемлекетіміздің болашағы жайлы өз ойларын ортаға салып отыратын. Не сөйлесе ойланып айтатын.
Айналасына сыйлы, ортасына беделді еді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, немерелеріміздің қызығы мен жетістіктері жайлы да айтып, сыр бөлісуші едік. Рсан ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін. Перзенттері де тәртіпті, тәрбиелі болып өсті. Өмір – өзен. Тоқтамайды. Аңқылдаған ақжүрек досымнан күндердің күнінде көз жазып қаламын деп ойламаған екенмін. Сондықтан Рсан досымның қазасы маған ауырлау тиді. Әлі есімде, көңіл айта барғанымда жары Баян: «Асеке, алтын тағымнан түстім ғой», – деп егілген еді.
Осы сөз маған қатты әсер етті. Баян құрбым өмірлік жолдасын хан көріп, төбесіне көтеріп өткен екен-ау. Әрине, мынау дүние ешкімге де мәңгілік емес. Рсан досым 71 жыл ғұмырында көптеген мақсаттарға қол жеткізді. Шаруашылық басқарды, үлкенге іні, кішіге аға бола білді. Бәріне шүкіршілік. Асыл досым көзі тірі болғанда 80 жасқа толатын еді. Бәріміз қуанып, Рсанның мерейтойына жиналып жатар едік. Амал қанша? Мен өмірде көптеген кісілермен араластым. Үлкенмен де, кішімен де бірге жүрдім. Бірақ, Рсан секілді жаны таза, көңілі көркем, адал дос аз. Досымның адалдығы мен адамгершілігі, жастарға айтқан өсиеті ұзақ жасай беретініне сенемін.
Асаубай МАЙЛЫБАЕВ
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




