«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алаяқтар сізді қалай алдауы мүмкін?

Алаяқтар сізді қалай алдауы мүмкін?
Автор
Алаяқтық – әділетті қоғамның қас жауы. «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстанған мемлекетте тұрғындардың қалтасына қол салатын мұндай өрескел қылмыстарға жол берілмеуге тиіс. Өкінішке қарай, құқық қорғау органдарының жан-жақты алдын алу жұмыстарына қарамастан, әзірге бұл кеселдің тамырына балта шабылды деуге ерте. Оның себебі – халықтың да құқықтық сауатының төмен болуы.

Елімізде виртуалды әлемде «балалап» үлгерген кибералаяқтар түрлі қитұрқы әрекетке барып, қарапайым жұрттың қалтасын қағуды доғарар емес. Мәселен, жуырда ғана екі қылмыскер қазақстандық 37 азаматтың сенімін пайдаланып, асқан шеберлікпен алдап, 100 миллионнан аса теңгесін жымқырып, тақырға отырғызған. Абырой болғанда, дорбасын долларға толтырғандар алысқа ұзамай құрықталды.

Нәтижесінде, Қылмыстық Кодекстің 2-тармағының 4-бөлігі бойынша үкім шықты. Б. және Т. есімді сотталушылар өз кінәларын жоққа шығарып, тағылған айыпты мойындамағанына қарамастан, сот олардың жасаған ісіне дәлел жеткілікті екенін пайдаланып, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Кейінгі кезде көбейіп кеткен алаяқтықтың бір түрі – телефон арқылы жасалатын қылмыс. Үш дроппер өзара сөз байласу арқылы қарт адамдарға телефон шалып, жақын туыстарының жол ережесін бұзғанын, салдарынан адамдар жарақат алғанын хабарлаған.

Куратордың нұсқауымен жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге материалдық көмек ретінде алданған тұлғалардан 14 миллион теңгеден аса ақша алып, оны қылмысты ұйымдастырушының есеп айырысу шотына аударып, қалған бөлігін өздері алып отырған. Тәртіп сақшылары үш алаяқтың екеуі шетелдіктер екенін анықтады. Олар жәбірленушілердің ақшасын жымқырған соң елден кетуге әрекеттенген.

Алайда рейсті күтіп тұрған кезде әуежайда ұсталды. Мемлекеттiк айыптаушы сотқа бұлтартпас айғақтарды ұсына отырып, кiнәлiлердiң алаяқтыққа, яғни аса iрi мөлшерде алдау жолымен бөтеннiң мүлкiн ұрлауға қатысқанын дәлелдеді. Нәтижесінде, келтірілген шығын толығымен өтеліп, үш дроппердің әрқайсысы 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Тағы бір ақпаратқа сүйенсек, тәртіп сақшылары алаяқтардың нөмірлерді ауыстыру үшін пайдаланатын кезекті «Sim Box» жабдығын анықтаған.

Құқық қорғау органдары, «Қазақтелеком» және «Кселл» акционерлік қоғамы арасында жасалған меморандум аясында прокуратураның үйлестіруімен киберқылмыспен күрес басқармасының қызмет керлері қылмыстық техниканы пайдалану фактісін тіркеді. Жедел іс-шаралар барысында Ресей Федерациясының 18 жастағы азаматынан «Sim-Box», қазақстандық ұялы байланыс операторларының 300-ден аса сим-картасы және басқа да жабдықтар тәркіленді. «Sim Box» жабдығы қылмыстық мақсатта телефон қоңырауларын жаппай жасау, таратуларды жіберу және абоненттік нөмірлерді ауыстыру үшін кеңінен қолданылады.

Аталған факт бойынша Қылмыстық Кодекстің 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген 213-бабымен (абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды құқыққа қайшы пайдалану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Айта кетсек, биыл осыған ұқсас 7 іс сотқа жолданып, оның төртеуі бойынша үкім шығарылған. Құзырлы орган өкілдері азаматтарды абай болуға және банк картасының деректері мен кіру кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Ал жоғарыда аталған жабдықты пайдалану мүмкіндігі туралы ақпарат болса, құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.

Жалпы, алаяқтық қылмыстарына тыйым салумен, соттаумен, қорқытып-үркітумен түпкілікті тосқауыл қою мүмкін емес екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Ең маңызды тегеурінді шара – халықтың құқықтық сауатын көтеру. Егер адамдардың бойында өзін алдағысы келетін қаскөйлерге қарсы тұратын иммунитет болса, алаяқтық секілді қылмыстар өзінен-өзі азайып, жоғалар еді. Осы мақсатта құқық қорғау қызметкерлері халық арасында түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.

Әлеуметтік желідегі ескертулерден бөлек, азаматтармен көзбе көз кездесу арқылы мәлімет беру іс-шаралары да жолға қойылған. Бұл парақшаларда интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың кең тараған түрлері, қылмыскерлердің алдау тәсілдері және жеке деректерді қорғаудың негізгі ережелері көрсетілген.

Полиция қызметкерлері әңгіме барысында бейтаныс адамдарға банк картасының нөмірін, құпия сөздерін, SMS-кодтарын бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және интернет дүкендерден тауар сатып алу кезінде тексерілген, сенімді платформаларды пайдалану қажеттігін түсіндірді. Сондай-ақ алаяқтыққа тап болған жағдайда дереу полицияға хабарласу керектігі ескертілді.

Полицейлер мұндай алдын алу шаралары тұрғындардың киберқауіпсіздік деңгейін арттырып, алаяқтардың арбауына түсіру қаупін барынша төмендетуге ықпал ететінін атап өтті.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар