«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бізде мықты мұғалімдер көп

Бізде мықты мұғалімдер көп
Автор
Елордада Amanat партиясының Мұғалім “talks” кейс- платформасының отырысы өтті. Мұғалім мен оқушыны жалғаған адалдық пен білім алаңында ерекше көзге түскен педагогтерге ведомстволық наградалар табысталды. Оның қатарында Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназия ұстазы Жанар Алдатаева Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сулейменованың қолынан Ы.Алтынсарин төсбелгісін алды.

Еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам мектеп мұғалімі, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер, ғалымдар, білім беру саласының ардагерлері мен сарапшылар қауымы партияның «Мұғалім Talks» кейс-платформасының екінші отырысында бас қосты.

Талқылау тақырыбы – жасанды интеллект дәуіріндегі мұғалімнің рөлі мен білім беру саласындағы инновация. Ал Қазақстандағы 600 мың мұғалімнің 260 мыңға жуығы партия мүшелері. Олар әрдайым қоғамдық өмірде белсенді. Біз осы шараның ортасында болып, марапат алған Төле би атындағы №8 гимназияның биология пәнінің мұғалімі Жанар Даниярбекқызын әңгімеге тартқан едік.

– Жиында Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов педагогтердің қоғам өміріндегі және ел дамуындағы айрықша рөліне тоқталды. Сондай ақ ол цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Мәжіліс Спикері Мемлекет басшысының білім беру жүйесін қолдауға қатысты саясаты мен оның тапсырмасы бойынша «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы оң нәтиже бергеніне назар аударды. Кейінгі төрт жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі үш есе артты. Мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Сонымен қатар партияның төрағасы ұстаздар қауымын толғандырған мәселелер де аз емес екенін атап өтті. Олардың қатарында мектеп қабырғасындағы шамадан тыс қағазбастылық, түрлі іс-шарада кезекшілік ету, мектеп чаттары мен әлеуметтік желілерді жүргізу жүктемесі, сондай-ақ ұстазға тән емес өзге де міндеттер бар. Мұғалімнің ең негізгі міндеті – балаларға білім беру. Ұстаздарды одан өзгесі алаңдатпауы керек. Партия бұл ұстанымды әркез қорғайтын болады. Тіпті, заңнамалық өзгерістер енгізуге де күш салады деген партия төрағасы мұғалімдерге жаңа технологияларды игеруге көмектесетін тегін курстар мен әдістемелік материалдары бар цифрлық платформа құру жоспарланып отырғанын да айтты. Сондай-ақ алғашқы пед-хакатон өткізіледі екен. Онда мұғалімдер жасанды интеллектіні мектеп қабырғасында қолдануға қатысты өз идеяларын ұсына алады. Ал үздік ұстаздар шетелде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар мұғалімдер Цифрлық кодексті әзірлеу жұмысына тартылады. Осы арқылы олардың практикалық тәжірибесі білім беру процесіне қатысушылардың мүддесі құжатта көрініс табуына көмектеседі. Осындай жаңалықтар естіп, алдағы жылы жақсы өзгерістер болатындығына сенімім күшейді. Жиында «Мұғалім Talks» қатысушылары өздерінің кәсіби тұрғыда қалыптасу тарихымен бөлісті және әріптестерімен бірге кәсіби сын тегеуріндерді талқылады. Ал іс-шара соңында Ерлан Қошанов бірқатар қатысушыға «Ұстаз – ұлт айнасы» партиялық наградасын табыстады. Биылдан бастап аталған наградамен жыл сайын еліміздің үздік педагогтері марапатталады екен. Бұл қатардан жамбылдық ұстаздар қауымы да көріне алады. Өйткені бізде де мықты мұғалімдер бар, – деді Жанар Даниярбекқызы.

Ал педагог шебер, биология ғылымдарының магистрі Жанар Алдатаева жиырма жылдан бері облыс орталығындағы Төле би атындағы №8 гимназияда биология пәнінен сабақ беріп келеді.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар