Профессор Айгүл Қабиқызының айтуынша, салауатты сана мен мәдениет – бір-бірінен ажырағысыз ұғым. Сана тәрбиелі болса, мәдениет ешқашан төмендемейді. Ал мәдениетті қоғамда бейбітшілік пен өзара сыйластық орнайды.
– Қоғамда мәдениетіміз бен салауатты әрі сауатты болуға кері әсер ететін әрекеттер көп. Біріншіден, ол – нашақорлық. Оның жасөспірімдер арасында кең өріс алып бара жатқаны көңілді алаңдатады. Ең басты қиындық осы синтетикалық есірткі саудасымен жас балалардың айналысуына әлеуметтік желінің әсері күшті болып тұр. Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті екен. Бұл тұтас бір қала халқының санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Осының кесірінен талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау белең алып барады. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұмып қарауға болмайды. Ауруын жасырған өледі. Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар? Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек, – деді Айгүл Қабиқызы.
Абай – әлемдік философияның негіздерін зерттеген, одан қоғамына қажет нәрселерді ала білген ойшыл. Оның даналық ұғымымен қарайтын болсақ, білім бір орында тұрмайды. Өркениет те солай, адам баласы дүние мен уақыттың заңдылықтарын, оның логикасын терең білген сайын білімнің де өрісі кеңейіп отырады. Ғылыми конференцияда айтылған өзекті пайымдаулар осындай ой түюге жетеледі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Мұғалімнің мүддесін қорғауда үлкен рөл атқарып келеді
- 15 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




