«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қыбырай би

Қыбырай би
Автор
Қалың Дулат ішіндегі азулы би, атақты шешен болған Қыбырай Жайылмысұлы (1589-1682) Жаныстың шөбересі, Ташкенттен жоғары Шыршық өзенінің оң жағасында тұрды, Есімхан мен Ташкент билеушісі Тұрсынхан соғысқанда Қыбырай батыр Есімхан жағында болған, делінеді.

2004 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Бәйдібек баба – Алып бәйтерек ұрпақтар шежіресінің» «Жаныс» кітабында Қыбырай туралы былай делінген: «Қыбырай би Жайылмысұлы – (шамамен 1589-90 ж.ж.) қазіргі Өзбекстанға кеткен Бостандық ауданы жерінде дүниеге келген. Жанту – Жайылмыс бұтағынан. Қыбырай – Қожамберді атаның туған інісі. Ата бұтақтан бері келе жатқан билік жолын тікелей жалғастырушы. Аса сабырлы, кесіп бір-ақ сөйлейтін, ұзақ жасаған адам. 1677-78 жылдары Түркістандағы хан ордасына халық қызметіне аттанған 15 жасар Төлеге ел атынан бата берген. Орыс тарихшылары Алекторов, Румянцев, Левшин, қазақ тарихшысы Тынышбаевтың еңбектерінде Төле биді жастайынан дайындап, ел билігі тағына көтерген Қыбырай Жайылмысұлы екендігі атап көрсетілген. Зерттеушілердің есебі бойынша ол 1682 жылы 93-тен 94-ке қараған шағында дүние салған.

Әз Төле биге дейін биліктің тізгінін ұстаған Қыбырай бидің бейіті Ташкенттен 23 шақырым жердегі Қыбырай ауылында тұр» («Жаныс», 966-бет). Ал 2013 жылы ҚР «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС шығарған «Абылай хан» энциклопедиясында бұларға қоса: «...Қыбырай би 1678 жылы Түркістандағы халық жиынына аттанып бара жатқан 15 жасар жас Төлеге қалың ел атынан бата берген. Төле би Әлібекұлын жастайынан өз қамқорлығына алып тәрбиелеген. Орыс тарихшылары А.Е. Алекторов, А. И. Левшин, М. Е. Массон, қазақ тарихшылары Ә. Диваев, М. Тынышбаевтардың еңбектерінде Қыбырай бидің осы тарихи рөлі нақты көрсетілген. Қыбырайдың қолында (шамамен 1713ж.) бала Әбілмансұр (кейін Абылай хан) дүниеге келген. Әбілмансұр-Абылай ханның Төле би Әлібекұлының айналасында дүниеге келгендігін, ел билігіне Төле бидің тікелей қолдауымен көтерілгендігін тарихшылар жеткілікті дәлелдеген...» деген деректер келтіріледі. («Абылай хан» энциклопедиясы, 362-бет).

Қазақ халқының басқа ұлттардан бір ерекшелігі – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ата-бабалар шежіресін – өзінің ұлттық тарихын (кодын) жазып қалдыруы. Жеті атасына дейін жатқа білу әр қазақ баласының азаматтық парызы саналған. «Жеті атасын білмеу жетесіздік», «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» деген нақыл сөздер соның айғағы. Ал Қыбырай бабамыз қазақтың ұлт болып ұйысуына, халық болып қалыптасуына, мемлекеттікті нығайтуға өзіндік үлес қосқан ерек тұлғалардың бірі. Олай деуімізге себеп Жаныс ұрпақтарының даңқы дүркіреген тұс – Төле би Әлібекұлының үлкен саяси аренаға шығуымен байланысты.

Қыбырай – Төле биден жетпіс жастай үлкен немере ағасы, яғни Жанту, Жайылмыстан Қожамберді мен Қыбырай бірге туған. Ал Қожамбердіден Құдайберді, одан Әлібек, Әлібектен – Төле. Өз дәуірінде Дулат ішіндегі аузы дуалы би, атақты шешен саналған Қыбырайдың қартайып жасы тоқсанға қараған шағында 15 жасар Төле Түркістанға хан ордасына қызметке аттанарда «Үй баласы ма деп едім, ел баласы екенсің. Ауылыңның таңы бол, маңдайдағы бағы бол», деп берген батасы тарихта қатталып қалған:

...Ақ боз мінген айдарлым,

Тарпаң туған тұмарлым...

Терлігің туға байланып,

Маңдайың беріп сәріге.

Сапарға шықтың – кәмелет!

Жеті қат Жердің анасы,

Жеті қат Көктің бабасы – Алладан болғай бір пәрмен:

Ғайып ерен, қырық шілтен Жүз жиырма төрт мың пайғамбар Періштелер болғай панасы. Атаға қарап өскен ұл Айналаң болсын қоралы Қызыр бабаң құт берсін Қасиетті дастарқан – Тоғыз жолдың торабы Алтын телпек, кіл қамқа Хандар киген кебенек Саған келсін себелеп Тәж оралсын басыңа Тақыт келсін астыңа. Алтын тақта тұрсаң да Жүз мың ләшкер құрсаң да Айрандай ұйы қосыңа Қолыңа түсіп ен байлық:

Күмістен күйме мінсең де Жауһардан түйме түйсең де Топырағыңа басыңды ійЕл-жұрт қонған құт мекен Бақ болып қонсын басыңа!..

(Едәуір ұзақ бұл батаның толық мәтінін Төле би туралы және қазақ билерінің баталары жайлы жинақтардан оқуға болады). Қыбырай бидің батасы қабыл болып Төле би Ұлы жүздің биі, тіпті, қаймана қазақтың төбе биі атанғаны мәлім. Төленің он бес жасынан билікке араласып, қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Әз Тәукенің «Жеті жарғы» заңын дайындауға атсалысқаны, он екі жылдай Ташкенттің билеушісі болғаны мәлім.

Төле би 1726 жылы Ордабасы жиынында Жетісуды жүз жылға жуық жайлаған жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықты тойтарыс беруге шақырып, екі жылдан соң Қордай тауларының терістік жағындағы үлкен жазықта қазақ қолы жоңғарларды ойсырата жеңіп «қалмақ жеңіліп аңыраған» деп жүріп «Аңырақай шайқасы» атанған шешуші соғыстың дем берушілерінің бірі болғаны, тіпті, «Сабалақ» атты кезінен Төле бидің өкіл баласы қатарлы қолында тәрбие алған, кейін үш жүздің басын қосқан Абылайдың хан тағына отыруы төл тарихымыздың жарқын беттерінен саналатын болса, бұлардың әу басында біздің Қыбырай бабамыздың да ықпалы болғанын көреміз. «Сол – Қыбырай бидің атымен бүгінде бір рулы ел түгел аталады. Халық ішінде: Жетісу келген жерім – Қыбырай елі, Алатау қойнауында Ыстық көлі, – деп айтылатын белгілі ән де осының дәлелі.

Біз білетін тарихи еңбектің ішінде Мұқамеджан Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкентте жарық көрген «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» атты кітабында: «Қыбырай батыр Төле биді билік тағына отырғызған адам» деп жазылған. Осылай ауызша, жазбаша жеткен деректерде Қыбырай бірде батыр, бірде би атанады. Алайда, бабамыз шашақты найза кезенген батыр емес, Үйсіннің ықпалды биі болғаны, Әлібекұлы Төлеге дейін үлкен биліктің тізгінін ұстағаны, бейіті Ташкенттен 23 шақырым жердегі Қыбырай ауылында жатқаны ақиқат». («Төле би», Алматы, 2008, 11 бет).

Соңғы жылдары (2022 ж.) жарық көрген жазушы Әділбек Ыбырайымұлының Кенесары қозғалысының себеп-салдары туралы тарихты кеңінен қамтитын «Семсер жүзіндегі серт» деген романтрилогиясының бірінші томында: «Екеуміз ағайындарды жаныстың үлкен биі, әкеңе кезінде батасын берген Қыбырай бидің сүйегі жатқан Қыбырайтөбеден қарсы алайық» деген жолдар бар (229-бет). Бұл Төле би қайтыс болғанда бидің қырғыз тоқалы өз ұлы Қожамжарға (Төле биден кейін 14 жыл Ташкенді билеген, қара шаңырағы осы кісіде қалған) әкесін жер қойнына беріп қайтып келе жатқан жұртты жолда тосып алып, демалдырып, сусындатуға тапсырма беріп тұрған сәті. Бұдан Қыбырай бабамыз жерленген жердің «төбе» аталуынан оның нысаналы – биіктеу жер екенін болжауға болады.

Төле бидің бейіті Ташкенттегі Шайхонтохур зиратында, басына кесене тұрғызылған. Бірақ, өзбектер кесененің маңдайына «Қалдиргоч би» (Қарлығаш би) деп жазып оны өзбектің биі деп келген. Кейін бұл қателік түзетілді. Сол сияқты, зираты Науаи қаласы маңындағы Алшын Әйтеке биді де «осы жерде туып, осында өлген өзбек» деп біледі екен. Осы арада «Қазақтың билері неге Өзбекстанда жерленген?» деген заңды сұрақ туады. Оның жауабын ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаевтың жазбаларынан табамыз.

«XVII ғасырда дәл бүгінгідей шекара болған жоқ. Самарқанның бер жағындағы Науаи облысының жерінде қазақтардың ықпалы мықты болды. 1598 жылы Қазақ хандығы мен Мәуреннахрды билеуші әулет Аштарханилер мемлекеті арасындағы келісім бойынша Ташкент аймағы қазақтарға берілді, содан кейін 200 жылдай Ташкент Қазақ хандығының құрамында болды», – дейді тарихшы.

Өзбекстанның солтүстік облыстарында әлі қазақ, өзбек болып жіктеле қоймаған тұста қазақтардың көп шоғырланғанын білдіретін топонимикалық атаулар жиі кездеседі. Өйткені, мал баққан көшпенді қазақтың жайлауы Сарыарқада болса, қыстауы қазіргі өзбек жерінің орталығына дейін көсіліп жатқан. Содан да Ташкент маңындағы Қыбырай және Сіргелі аудандарындағы Бәйітқорған, Оймауыт, Дархан ауылдарында ертеректе қазақтар өмір сүрді, Сырдария мен Жызақта да қазақ Жалайыр, Дулат ауылдары, Самарқан қаласына кіреберісте Жамбай ауданы бар. Ал Науаи облысындағы Кенемах және Тамды ауылдарында қазір де қазақтар тұрады.

Самарқанның солтүстік-батысындағы Дағбет деген жерде кіші жүздің Төртқара руынан шыққан, сол Самарқанның әмірі болған Жалаңтөс баһадүрдің бейіті бар. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының профессоры, тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабай институт ғалымдары «Өзбекстандағы қазақтардың киелі жерлері» деген экспедиция ұйымдастырып, Жалаңтөс батыр, Төле, Әйтеке билердің қабірлерін зерттеумен қатар, Көктерек әулие, Бабай шертер, Құс қонбас әулие, Зеркет баба, Ақсақ ата, Нұреке әулие, Былғары ата, Еңсе әулие, Шымыр ата, Жыланды ата, Жалаңаш әулие, Қазақмазар тағы басқа көне мазарлар анықталғанын айтады. Бірақ, арасында біздің Қыбырай атамыздың мазары жоқ. Дегенмен, Қыбырай атауы бұл елде сақталып қалған.

Қазір Ташкенттен жиырма шақырымдай жерде Қыбырай ауданы және оның орталығы Қыбырай ауылы бар. Ташкент маңынан Қыбырай баба бейітінің табылмауының бір себебі бұл елде қарқынды жүргізілген «өзбектендіру» саясатының салдары болуы мүмкін. Тіпті, жоғарыда айтқанымыздай, Алты алашқа аты мәлім Төле би, Әйтеке билердің өзін меншіктей жаздаған «өз ағамыз» әсіресе кеңес үкіметі жылдары өзбектендіруді барынша қарқынды жүргізді емес пе. Ашаршылық жылдары аш-жалаңаш босқан елді бір шапан, бір келі қант, қос уыс жүгері беріп «өзбек» деп жаздырып қабылдай берген болса, елуінші жылдардан арғы ата-анасының төлқұжатында – қазақ бола тұра, кейінгі туған балаларының ұлтын өзбек деп жаздырғаны да ащы ақиқат.

Орталық шешімімен 1934 жылы ауыл шаруашылығын тиімді басқару деген желеумен қазақтардың Тамды, Үшқұдық жерлері өзбектерге берілсе, 1955 жылы Мәскеу (Хрушев) тізеге басып тұрып Қазақстанның Бостандық, Мақтарал, Киров, Жетісай, Шымқорған сияқты шұрайлы бай өңірлерін Өзбекстанға күштеп бергізді. Кейіннен билік басына келген Д.Қонаевтың кірісуімен Жетісай, Киров, Мақтарал аудандары кері қайтарылды. Ал Қыбырай бабамыздың бейіті бар делінген Қыбырай ауылы Ташкенттің маңындағы өзбектерде қалған бұрынғы Бостандық ауданында болатын.

Ұлы Отан соғысында Кеңес Одағының батыры атанған генерал Сабыр Рахимовтың ұлты қазақ екені анықталған бойда Ташкенттегі ескерткішін алып, батыр атындағы үлкен көшенің атын өзгертіп жіберген бұл елдің Қыбырай бабамыздың да бейітін басқа адамға теліп жібермегеніне кім кепіл? Әлгі кезең-кезеңмен жүргізілген «өзбектендіру» науқанының салдарынан қаншама қазақ бауырларымыз, оның ішінде Қыбырай ұрпақтары да өзбекке айналып кетпеді десейші. Біздің облыс Қордай жерінің біраз бөлігінде Қыбырай баба ұрпақтары мекендейді. Айталық, Қаракемер, Күнбатыс, Қордай ауылдарында Қыбырайдың бес ұлының бірі – Қалқаман, одан Көлбай, Қосқұлақ (Ақ машақ, Қара машақ, Шойғара) ұрпақтары, ал мына жағы Қасықтан тартып Бетқайнарға дейінгі ауылдарда – Бердіке мен Жолайдан тараған Күшік, Балпан, Шомақ, Әйтімбет, Қазы ұрпақтары тұрады.

Еламан, Жоламан ұрпақтары қазіргі Түркістан облысы мен Өзбекстанның теріскей өңірлерінде тұрақтап қалған. Қыбырай бабамыз бүгінде жер басып жүрген біздерге тоғызыншы, ал балаларымыз бен немерелерімізге он-он бірінші ата болып келеді. Шүкір, өзін «Қыбыраймыз» дейтін бауырларымыз қай жерде де баршылық. Алайда, жалпақ жұртқа аты мәшһүр бұл бабамыз жайлы мәліметтерді әр жерден тірнектеп жинауға тура келді. Қыбырай би туралы деректерді іздестіру кезінде ғаламтор желісінен Джамиля Стехликова деген чехиялық азаматшаның жазбалары кездесті.

«Нашим прямым предком был Кыбырай би Жайылмысулы, из рода Дулат, блестящий оратор, поэт, и би (судьяпосредник). Кыбырай би известен как наставник великого Толе би и продолжатель традиций справедливого управление родом. Кыбырай би отличался образованностью, поэтическим талантом, терпеливостью, краткими и емкими высказываниями. Упоминается в трудах китайских и русских авторов, в.т.ч. выдающихся русских востоковедов А.И. Левшина и А.Е.Алекторова» деп жазады ол.

Бұдан әрі Қыбырай бидің қазақ тарихына бәрінен бұрын Төле бидің ұстазы ретінде енгенін, жас шәкіртін Ұлы дала мәдениетіне, сөз өнеріне, әділдік пен ұлттық құндылықтарға тәрбиелеудегі рөлін баса көрсетеді. Қыбырай бидің Төлеге берген батасы туралы да айта келіп оның орысша мазмұнын беруді де ұмытпайды. Мұны жазып отырған Жәмила ОрдабаеваСтехликова 2002 жылы 91 жасында өмірден өткен қаракемерлік Баймұқан Ордабаевтың немересі. Б. Ордабаев қазақ журналистикасының қарлығаштары қатарында 1930 жылдан бастап «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде еңбек етіп, кейіннен ұзақ жылдар «Қазақстан коммунисі» журналының редакторы болған кісі еді. Оның бір ұлы Алмас Ордабаев «Қазақстанның Құрметті сәулетшісі», этнограф ғалым.

Жәмила, міне осы Алмастың қызы, Мәскеу медицина институтын бітіріп чех азаматына тұрмысқа шыққан. 2007-2009 жылдары Чехия Республикасының Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесі жөніндегі министрі болып қызмет атқарған. Қыбырай бабадан тарап атағы алысқа кеткен бауырларымыз, шүкір, аз емес. Осы Қордай өңірінен ғана көптеп келтіруге болады.

Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер Дәурен Әбіров, Қордайда кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан Мақсұт Өтелбаев, композитор Өмірбек Байділдаев, әскери медицина подполковнигі, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Авиценна» орденінің иегері тоқсан жастағы Есімқұл Халықбаев, бүгінде сексен үш жастағы атақты математик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Мұқтарбай Өтелбаев, химия ғылымының докторы, Қырғызстан ҒА профессоры болған Жеңіс Жаманбаев, «Қазақстанның Құрметті сәулетшісі», этнограф-ғалым Алмас Ордабаев, жазушы-баспагер Әшірбек Көпіш, техника ғылымдарының докторы Ерік Бесімбаев, ТарМУ-дің доценті болған Әбдімәлік Сағынбеков, қазақ теледидарының ардагері Гүлмәрия Барманбекова, Қордай ауданында ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтер атқарған Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай тағы басқа көптеген азаматтарды атауға болады. Қалай болғанда да, Төле бидің үлкен атасы Қожамбердімен бірге туған бауыры – Қыбырай би ел құрметінде болғандығы тарихи ақиқат. Сондықтан, көптеген ұрпақтары мекендейтін Қордай ауданында Қыбырай бабамызға ескерткіш белгі орнатылуы, мұражайы ашылып, көшелерге, тіпті, ауылға аты берілуі қай тұрғыдан да лайықты болмақ. Ауыл демекші, бүгінгі Бетқайнар о баста «Қыбырай ауылы» деп аталғаны туралы тарихи құжаттар кездеседі.

Орыс қоныстанушыларының келуіне байланысты «Успеновка» болып өзгертілген. Осы тұрғыда өзбекстандық бауырларымыздың үлкен азаматтық ісін айтпай кетуге болмас. Қазір Ташкенттен жиырма шақырымдай жерде Қыбырай ауданы және оның орталығы Қыбырай ауылы бар дедік. Бабамыздың ұрпақтары көптеп мекендеген бұл өңір жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде-ақ «Қыбырай» аталған болса, кеңес үкіметі оны «Ордженикидзе» деп өзгерткен екен. Өзбекстан тәуелсіздік алған бетте 1991 жылдың 20 қыркүйегінде «халқ депутатлари Ордженикидзе район Совети қароримен» қайтадан «КИБРАЙ» атауын қайтарған. Нақ осылай біздің кешегі Успеновка, бүгінгі Бетқайнарға бұрынғы Қыбырай атауын неге қайтармасқа?. Осы Бетқайнар ауылында Қыбырай бабамызға ескерткіш-белгі орнатылды, алдағы күндері оның ашылуы болып, баба рухына ас беріліп, ат шаптырылмақ.

Айтпақшы, «Жаныс» қорының қаржыландыруымен Ташкентте «Төле бидің ізімен» деген деректі фильм түсірілді. Онда Төленің ұстазы болған Қыбырай бабамыз туралы да айтылады. Қыбырай бидің өзі туралы да осындай фильм түсіріп, кітап шығару да ойда бар. Айтпақшы, бабамыздың Өзбекстандағы және Шымкент аймағындағы ұрпақтары Ташкент маңындағы бірыңғай Қыбырай ұрпақтары жерленіп келген қорым төрінен Қыбырай баба кесенесін тұрғызбақшы. 17-18 қазанда Қордай ауданында Қыбырай баба рухына ас беріліп, ұрпақтар алаңы ашылады.

 

Құрманбек ӘЛІМЖАН

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар