Бұл бірегей құрылғының көмегімен сөйлегендегі дауыс адамның өз дауысынан еш айырмашылығы болмайды екен.
– Дауыс – адам болмысының бір бөлігі. Одан айырылу тек медициналық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да ауыр соққы. Біздің жобамыз – адамдарға қайтадан сөйлесу қуанышын сыйлайтын мүмкіндік, – дейді жобаның бастамашысы Айзере Сәрсенбек.
Бүгінде қолданылып жүрген технологиялар негізінен механикалық дыбыспен шектелетін. Оқушылардың ғылыми ізденісінің жемісі болған VoiceX құрылғысы көмейдегі микродірілдерді анықтап, оларды адамның өзіне тән тірі дауысқа айналдырады. Сондықтан адамның сөйлегендегі тембрі, интонациясы мен эмоциялық болмысы сол күйінде сақталып, дауыс шынайы да табиғи қалыпта естіледі. Қарапайым көрінгенімен бұл жобаның астарында күрделі инновациялық жүйе бар.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің таратқан мәліметіне сүйенсек, арнайы сенсорлар адамның сөйлеуге талпынысы кезінде көмейде пайда болатын микродіріл мен шуды тіркейді. Ал ESP-32 контроллеріне негізделген интеллектуалды жүйе сигналды өңдеп, дауысты қалыптастырады. Күшейтілген сигнал мойынға бекітілген шағын вибромоторларға беріледі. Соның арқасында айналадағы адамдар динамиксіз-ақ таныс әрі эмоцияға толы дауысты ести алады. Оқушыларға бұл идея дауысынан айырылған жандарға көмектесу ниетінен туындаған.
Жобаның авторлары – 10-сынып оқушылары Бекжан Бақыт, Ажар Мырзабек, Жания Серік және Айзере Сәрсенбек. Олар қазірдің өзінде үлкен жетістікке қол жеткізіп отыр. VoiceX Астана медицина университетінде сынақтан өткен. Ал жобаны дайындаған команда халықаралық Solve For Tomorrow 2025 (Samsung) және Diamond Challenge 2025 (Startups) байқауларында жоғары бағаланған. Оқушылардың озық ойынан туған жобаға Стэнфорд пен Оңтүстік Калифорния университеттерінің профессорлары оң бағасын беріп, оның зор әлеуетін растаған.
VoiceX құрылғысы жастардың әлеуметтік инновациялар жасай алатынын айқын дәлелдеді. Қазіргі таңда әлем халқының 20 пайыздан астамында дауыс бұзылыстары бар көрінеді. Осындай құрылғылар олардың өмірін түбегейлі өзгертіп, депрессия мен оқшауланудан құтқаруға сеп болары анық. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларының жобасы оқу тапсырмасынан асып, мыңдаған адамның өмірін жақсартатын технологияға айнала алатынын көрсетіп отыр.
Әзірше бұл – VoiceX тарихының бастауы. Команданың құрылғыны жетілдіріп, мамандармен бірлесе жұмыс істеп, жаңа серіктестер іздеп жатқан еңбектері жаңа құрылғының әлі де дамитынын байқатады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Мұғалімнің мүддесін қорғауда үлкен рөл атқарып келеді
- 15 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




