«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді

Ет жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді
Автор
Қазан айының басында ет бағасы шарықтады. Әсіресе сиыр етіне деген сұраныстың жоғарылығы ма, әлде нарықтағы бағаның тұрақсыздығы ма екен, әйтеуір ел осы түліктің етін іздеп кетті. Тіпті, Астана мен Алматыдай мегополистерден хабарласқан жақындарына етті сәлемдемемен жөнелткендерді де көрдік. Ал статистикаға сүйенсек, еліміз әлемде сиыр еті арзан жиырма мемлекеттің қатарында тұр. Алдағы қарашада Шерхан Мұртаза айтпақшы, нағыз «жілік фестивалі» соғым басталады. Ол кезде бағаның жайы қалай болар екен? Көптің көкейіндегі сауал да осы.

Өткен жексенбіде облыс орталығында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде сиыр және қой етінің килограмы – 3700, жылқы еті 3900 теңгеден өткерілді. Қалалық тұтынушылардың күнделікті ас мәзіріне қосуға таптырмайтын қабырға, омыртқа сынды сүйектерді алатынын ескерсек, сан еті, жілік дегендеріңіздің қашанда бағасы жоғары болатыны айтпаса да түсінікті.

Соғым сою науқаны басталғанда, құда-жекжат сынды құрметті қонақтарға жол-жоралғысымен табақ ұсынатын қазекем бағаға қарап қалмай, мүйізді ірі қараны немесе жылқыны жыға салатыны анық. Өйткені аяқ-аяққа, жілік-жілікке бөліп алса, қазықарта, жал-жаяның түгел болатынын біледі. Ал тұтынушы базар жағалап, жілік түгендеймін дегенше қанша пұлының жұмсалатынын тағы біледі.

Ет бағасының күрт өсуіне байланысты тиісті басқармаға хабарласқан едік. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасы сауда бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаевтың айтуынша, ет бағасының өсуі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалып отырған көрінеді.

– Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, аймақта осы жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша сиыр еті, әсіресе сүйекті жауырын-төс бөлігі – 25 пайызға немесе 2579 теңгеден 3224 теңгеге қымбаттаған, ал сауда нысандарында килограмы 3200-3750 теңгені құрап отыр. Ет бағасының өсімі экспорт көлемінің ұлғаюына байланысты, яғни Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан мемлекеттеріне тасымалдануынан туындауда. Ал тараздықтар үшін қала аумағында орналасқан «Дәмді себет», «Нурислам», «Оптовик №1» сауда желілерінде және «Ауыл береке» базарында ет бағасы 3200-3750 теңгеден саудалануда, – дейді Бақытжан Мұратұлы.

Өткен жылы облыста 56219,7 тонна мүйізді ірі қара, 31765,7 тонна қой еті, 17118,9 тонна жылқы еті сойылған және союға өткізіліпті. Жыл әлі аяқталған жоқ, сондықтан биылғы статистика әзірге белгісіз. Әрине, ет өндірушілер негізінен шаруалар. Олардың есебі түгел болмаған соң, мал бордақылауда келген шығын ет бағасына да әсер етпей қоймайды.

Дегенмен «Ет дегенде бет бар ма» дейтін қазекем күнделікті тағамнан бөлек соғым уақытында, әрине, жағдайы болса бағаға қарамайды. Шаруалар не дейді? Расында, мемлекет тарапынан асыраушы саланы көтеріп, дамытуға аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Сол қаржының өтеуі қандай?

– Субсидия ретінде берілген қаржы ысырап болып жатыр. Асыл тұқымды малға деп субсидия түрінде берілген қаржының ізіне түскен кім бар? Мемлекет қаржысын алып, шаруамды дөңгелетемін дегендердің көбі – отбасы қуанышы мен өзінің тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге жұмсауда. Қаржы да бөлінуде, жеңілдіктер де бар. Бәрібір агроөнеркәсіп кешенінің еңсесі көтерілмеді. Уақытында субсидияны қаржылай берудің қажеті жоқ деп мәселе көтердік. Одан да мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық құрылымдарына көшпелі вагон-үй, мал жайылымын қоршайтын жиналмалы темір шарбақ, тағы басқа мал өсіруге қажетті дүниені субсидия түрінде беріңіздер деген болатынбыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми парақшасына бірсыпыра мемлекеттердегі еттің бағасын жариялапты. Ең арзан ет Қазақстанда көрінеді. Енді осы салада еңбек ететіндердің жалақысы мен қарттардың зейнетақысынан да хабардар ма екен. Делдалдарға да қарсы «жорыққа» шығыпты. Егер шаруа өз өнімін өзі өткеруі керек болса, базар немесе басқа да сауда орнының жанынан мұздатқышпен жабдықталған қойма болуы керек. Шаруа тұтынушы сұранысын а қарай баға қояды. Қазір мал азығының бағасы да шарықтап тұр. Ал делдалдардың да еңбегі бар. Малды сою, тасымалдау дегендей, ал сатушы күннің ыстығы мен суығында оны өткереді. Сондықтан мұны бір жақты қарау дұрыс емес. Еттің қымбаттай беретінін де аз айтқан жоқпын. Әлі де қымбаттайды. Әр облыстан «Сиыр еті бағасына қатысты шағым қабылдайтын телефон нөмірлері жарияланыпты. Сонда «Сиыр етін неге қымбатқа сатасың?» деп базарда өнімін өткеріп тұрған шаруаға айыппұл сала ма? Түсініксіз. Мұның «көкесін» соғым науқаны кезінде көреміз әлі. Ет бағасы көтерілгенде мал бордақылап отырған шаруа ғана емес, мал байлап отырған тұрғындар да «сәті түскен кез» екен деп, малын пышаққа іледі. Осының салдарынан ертеңгі күні бордақы санының басы азайып кетпесіне кім кепіл? Жоғарыда айтқанымдай, мал азығының бағасы анау?! Сала басшылары мәселені зерделегенде шалғайдағы шаруашылықтардың тұрған тірліктерін көрсе дейсің. Өйткені, шаруашылық болмаса – қазақтың тірлігі тіктемейді, – дейді Жамбыл аудандағы «Байелі болыс» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмасейіт Нұрбаев.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар