«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Олар Отан алдындағы сертіне берік

Олар Отан алдындағы сертіне берік
Автор
Еліміздің Қырғыз бағытындағы шекарасын нығайту, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жетілу бағдарламасына сәйкес 2000 жылғы 10 қазанындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына орай, «Тараз» шекаралық бақылау жасағы құрылды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның оңтүстік шекарасындағы жаңа бетбұрыстың бастауы еді. Еліміз егемендігін енді ғана нығайта бастаған кезеңде, мемлекеттік шекараларды заңдық және инфрақұрылымдық тұрғыдан бекіту – ұлттық қауіпсіздіктің ең маңызды басымдығына айналды.

2000 жылы Тараз қаласына алғашқы офицерлер мен сарбаздардың келуімен шекара жасағының тарихы бастау алды. Олардың алдында үлкен әрі жауапты міндет тұрды: Қырғыз Республикасымен шектесетін аумақты күзету, мемлекеттің саяси-экономикалық мүдделерін қорғау, заңсыз көші-қон мен контрабандалық әрекеттерге тосқауыл қою, ел тыныштығын сақтау.

Бұл міндеттерді орындау үшін жасақ құрамына «Қордай» және «Меркі» шекаралық бақылау бөлімшелері мен «Қордай» шекара комендатурасы енді. Алғашқы әскери қалашық бұрынғы кәсіптік-техникалық училище ғимаратында орналастырылып, шекара қызметінің бастамасы қарапайым, бірақ рухы биік ортада қаланды. Облысымыздың таулы және жазық аймақтарында шекара заставаларын орналастыру – сол жылдардағы басты стратегиялық тапсырма еді.

2001 жылдың сәуірінде «Тараз» шекаралық бақылау жасағының алғашқы бастығы болып подполковник Михаил Сергеевич Лобыкин тағайындалды. Ол 2001- 2003 жылдары жасақтың іргесін берік қалыптастырып, ұйымдық және жауынгерлік тәртіпті күшейтті. Оның орынбасары майор Құмарбек Әубәкіров шекарашылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мен материалдық мұқтажын қамтамасыз ету бағытында зор еңбек сіңірді. Сол кезеңде еліміздің өзге шекара жасақтарының штаттық негізінен бөлініп, жаңа бөлімшелер құрылды: «Ақсуат», «Гродикова» (қазіргі «Бесағаш»), «Қайыңды», «Күмбел» (2002 жылы қысқартылды), «Қайнар», «Қарасу» және «Михайловка» (қазіргі «Қарасай батыр»).

Бұл бөлімшелер облыс шекарасының ең белсенді әрі күрделі бағыттарын қамтыды. Алғашқы командирлер – аға лейтенанттар В.Асанов, Ж.Ермағамбетов, А.Қалтаев, Е.Серікбеков, Р.Умаров және А.Уфимцев – өз борыштарын шын адалдықпен атқарып, тәуелсіз шекара тарихының алғашқы парақтарын жазды. 2001 жылдың желтоқсанында «Айша бибі», «Тараз» (авиациялық), «Нововоскресеновка», «Камышановка» және «Меркі» (теміржол) өткізу пункттерінде шекаралық бақылау жүйесі толық іске қосылды. Шекаралық бақылау қызметін алғаш ұйымдастырған офицерлердің қатарында аға лейтенанттар А.Бетехтин, Б.Қаржаубаев, прапорщиктер Б.Абдраманов, С.Цой, Т.Тәжібаев және Б.Абдраимов болды. Сол сәттен бастап Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы әкімшілік-аумақтық шекараны жоспарлы және жүйелі қорғау дәстүрі қалыптасты. Әрбір жаңа бөлімше ашылған сайын шекарашылардың отбасы жағдайы да ескеріліп отырды.

Шекарашының отбасылық тыныштығы – оның қызметтегі тұрақтылығы мен рухани күшінің кепілі еді. Осы тұрғыда облыс әкімдігі шекарашылар үшін оннан астам пәтерді тегін бөліп берді, Меркі ауылында 30-дан астам қызметтік үй дайындалды. Шекара бөлімшелерінде автономды жылу жүйелері орнатылып, тұрмысқа қолайлы жағдай жасалды. «Қордай» комендатурасында тұрғын үйлер бой көтеріп, әскери қалашықтар өз өмірімен тыныстай бастады.

Күнделікті қызмет шекарашылардан қырағылық пен сабырлықты, батылдық пен тәртіпті талап етеді. Тараз жасағының сарбаздары қыс-жаз демей, қырағы қызметтің алдыңғы шебінде болды. Қиындыққа төтеп беріп, техника жетіспеушілігіне қарамастан олар ел шекарасының тыныштығын күзетіп, болашақ құрылымдық жүйенің іргетасын қалады.

Жылдар өте келе «Тараз» шекаралық бақылау жасағы облысымыздағы мемлекеттік шекараны қорғаудың ірі әскери құрылымына айналды. Бұл жылдар тек қызметтің күшеюі ғана емес, жаңа ұрпақтың қалыптасу дәуірі болды. Әр шекарашы өз борышын адал атқарып, Отан алдындағы сертіне берік болуымен ерекшеленді.

2020 жыл – шекара тарихындағы ерекше бетбұрыс кезеңі. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 26 наурыздағы №025 бұйрығына сәйкес Шекара қызметінде ауқымды қайта құру жүргізілді. Осы реформаның нәтижесінде «Тараз» шекара жасағының құқықтық және құрылымдық негізі жаңарып, ол жаңа мәртебеге ие болды. Осы күннен бастап бұрынғы 2035 әскери бөлімі негізінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің облыс бойынша департаменті құрылды. Бұл шешім шекара қызметін өңірлік деңгейде тиімді үйлестірудің бастамасы болды. Департаменттің орталығы Тараз қаласында орналасты, ал оның қарамағына үш негізгі басқарма – Жамбыл, Меркі және Қордай аудандары бойынша шекара басқармалары берілді. 2035 әскери бөлімі – Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасы, 2093 әскери бөлімі – Меркі ауданы бойынша шекара басқармасы, ал 2038 әскери бөлімі – Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы болып өзгертілді.

Бұл өзгеріс тек атау ғана емес, мазмұндық жаңғыру еді. Жаңа форматтағы департамент құрылымы заманауи технологияларды қолдануға, әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, офицерлер мен сарбаздардың кәсіби деңгейін көтеруге бағытталды. Шекара комендатуралары шекара бөлімдері болып, ал заставалар шекара бөлімшелеріне айналды.

Осылайша, қызмет жүйесі біріздендіріліп, басқару тетіктері жаңартылды. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің облыс бойынша департаменті бүгінде еліміздің оңтүстік шебінде қауіпсіздіктің сенімді қалқанына айналды. Мұнда заманауи бақылау жүйелері, бейнебақылау желілері мен ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады.

Бұл – уақыт талабына сай бейімделген, үздіксіз дамып келе жатқан құрылым. Департаментке қарасты шекара басқармалары мен бөлімшелер халқымыздың қаһарман ұлдарының есімдерін иеленіп, ұлттық рухты асқақтатып тұр. Жамбыл ауданында – халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының атымен аталатын шекара бөлімшесі, Меркі ауданында – Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіров және Сыпатай, Андас, Жауғаш, Аспара батырлардың есімдері берілген бөлімшелер бар. Ал Қордай ауданында – Қордай, Қарасай және Өтеген батыр атындағы бөлімшелер қызмет атқаруда.

Бұл атаулар – шекарашылардың бойына рух береді, ұлт намысын ұлықтайды. Әрбір бөлімшенің туы астында – ел қорғауға ант берген ұлқыздардың батырлық дәстүрі мен адалдық анты жатыр. Бүгінде бұрынғы 2035 әскери бөлімі – тәуелсіз елдің қауіпсіздік тарихында айрықша із қалдырған құрылым. Оның базасында құрылған департамент бүгінде шекара қауіпсіздігінің жаңа дәуірін бастап, еліміздің оңтүстік қақпасын мызғымас бекініске айналдырды.

Тараз шекара жасағының өткені – бұл батылдық пен адалдықтың, ұлтқа қызмет етудің символы, ал бүгіні – жаңарған, заманауи, қуатты шекара жүйесінің бейнесі.

Тараз өңірінің әрбір шекарашысы – осы тарихтың жалғасы, осы рухтың иесі. Олардың саптағы адымдары мен жүректегі серті – мемлекеттің тәуелсіздігі мен бейбіт аспанының кепілі.

 

Аслан ЖЕКСЕНБИН

«ОС-ЧР» әскери журналисі, капитан.

Ұқсас жаңалықтар