Әрбір жақсы баға үшін ата-ана емес, банк ақша береді. Жаңа бастама оқушылармен қатар ата-аналарды да, ұстаздарды да қуантуда. Бұған дейін бірен-саран жекеменшік білім беру орталықтары есепті дұрыс шығарғаны үшін деп оқушыға ақша төлеп бастаған еді. Енді мұндай жоба республика бойынша қолға алынды.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап BilimClass платформасы мен Freedom Bank бірлескен жобасы іске қосылды. Яғни жоғары баға алған 2-11-сынып оқушыларының карталық шоттарына Freedom Bank бонустары беріледі. Нақтырақ айтсақ, 10 балл = 100 тенге. Жиынтық бағалау мен тоқсандық жылдық бағалау 85 пайыздан жоғары болғанда – 200 теңге. Төрттік немесе жылдық қорытынды бойынша «5» бағасы – 300 теңге. Бонустарды алу үшін оқушының Freedom Bank картасы болуы керек. Сонымен қатар оқушы BilimClass жүйесінде тіркелуі тиіс.
– Айына 3000-5000 теңгедей болады деп үміттеніп отырмыз. Балалардың сабаққа деген ынтасын арттыру үшін, әрі қаржылық сауатын кеңейтіп, теңгенің тиыннан құралатынын білсін деген мақсатта осындай жоба жүзеге асырылып отыр. Бонусты оқушы жол картасын толтыруға, бірдеме сатып алуға жұмсай алады. Яғни, бала өз еңбегімен ақша таппақ. Миды жұмыс істетіп сабақ оқып, есеп шығару арқылы нанға қол жеткізбек. Ақша табудың қандай екенін біліп өседі. Қазіргі балалар смартфондарды тамаша қолданады. Олар үшін бұның түк қиындығы жоқ, – дейді Freedom Bank маманы Нұрдәулет Рақымбек.
Қазақстандық үздік оқитын оқушылар бестік бағаларын ақшаға айналдырып, тұрмыстық және электрондық техника дүкендерінің бірінен қажетті затын сатып ала алады. Платформаны құрастырушылардың дерегінше, бұл ел оқушыларының қаржы сауаттылығы мен оқу үлгерімін жақсарту мақсатында әзірленген әлеуметтік жоба. Ол арқылы балалардың сабақта алған бестік бағалары бонус ретінде есептеліп, кейін оны BilimClass компаниясының серіктес дүкендерінен зат сатып алғанда қолдануға болады.
Ендеше банктен бонустарды қалай алуға болатынын да айтып өтейік. Ол үшін ата-анаға Freedom Bank картасын ашып, бағаларды жіберуге келісім беру керек. Ал оқушыдан керегі сабақты жақсы оқыса болды, бонустар түседі.
– Бұл жобаның балалар үшін артықшылықтарына тоқталсақ, әрбір картамен сатып алған затқа бонустар беріледі. Смартфоннан Apple Pay, Google Pay, Samsung Pay, Freedom QR арқылы және Freedom POSтерминалдарында төлемді бонустармен төлеуге болады. Ата-аналар үшін артықшылықтары Freedom Bank қосымшасында BilimClass электронды күнделігіне кіру мүмкіндігі беріледі. Балаңыздың картасына жылдам ақша аудара аласыз. Баланың қаржылық сауаттылығы артады. Қажетті деректерді көрсетіп, бағаларды жіберуге келісімді ресімдесе, жеткілікті. Осы әрекеттерден кейін бала үздік бағалар алғаны үшін жақын арада бонустар ала бастайды. Бонустар келесі күні аударылатын болады Бонустарды есептеу шарттарына тоқсалсақ, максималды бонус – айына 3 000 бонус. Тоқсан үшін және ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) бойынша алынған белгілер 100 бонусты есептеу шартына жатпайды, – деп түсіндірді банк менеджері Нұрбақыт Оспан.
Бұл жайлы мектеп оқушыларынан да сұрап білдік. Олар жаңа бастаманы қолдайтындарын жеткізді.
«Бұл – бізге берілген мүмкіндік. Бұл жоба оқуға деген талпынысымды арттырып, мотивация берді. Оқу үлгерімімді бір қалыпта сақтап келемін. Үздік оқушымын. Ақша жұмсау жоспарын құрып, техника дүкенінің жеңілдік акцияларын бақылап отырамын. Өзіме тиімді шарттар болған кезде тауар сатып аламын», – дейді Тараз қаласындағы №15 мектеп гимназияның 9-сынып оқушысы Сырым Жуанышбек.
Білім алушының еңбегін дұрыс бағалау – оқытуда жетістікке жетудің бір факторы. Оқушылар да әр сабақта балл жинап, «қоржындары қомақталған сайын» құлшынып, оқуға деген зейіні жоғарылайды. Жалпы, жақсы нәрсені айту, жаңа бастамаға қолдау білдіру адамды ынталандырады емес пе? Қорыта келгенде, еліміздің ертеңі болар, білімді, білікті, кез келген жағдайда тиімді шешім қабылдап, тығырықтан шыға білетін, өзіне де, өзгеге де әділ баға бере алатын өскелең ұрпақты дұрыс бағалай білейік! Оқушыларымыздың бестігі көп болсын!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




