«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Теңге тиыннан құралады

Теңге тиыннан құралады
Автор
Әркімнің кіріс көзі әртүрлі. Біреу қолынан келген ісімен табыс табуда, енді біреуі тума қабілеті мен машығына байланысты жас кезде бір жолды таңдап, кейінгі өмірін соған арнап жүр. Яғни адам не маман, не менеджер, не кәсіпкер болуы мүмкін. Егер бір істің шебері болса, сол істі әрі қарай індетіп, ең мықты маманға айналғаны жөн. Егер басқаруды ұнатса, қолынан келсе менеджерлікті таңдап, жекеменшік немесе мемлекеттік құрылымға атқарушылық не ұйымдастырушылық жұмысқа тұрғаны жөн. Ал егер ақша табуды, көпке көмектесуді қаласа, тынымсыз еңбек пен жауапкершіліктен қорықпаса, кәсіпкер болуға болады.

Әйел баласы болған соң әдемілікке, жинақылыққа құмармыз. Бірде әлеуметтік желілерден жарқ ете қалған перде жарнамалаушылардың біріне көзім түсті. Ол тараздық ісмер, тігінші Айгүл Байбосынқызының парақшасы еді. Оның барқыттан тігілген пердесі мен түрлі пішінде ойып, тастармен көмкерген ламбрекендері қарамасыңа қоймайды. Адам көркі – шүберек болса, үйдің көркі – терезе пердесі. Айгүлдің перделері жайнап тұр, тіпті көздің жауын алады. Айгүлдің кәсіпкерлік саласына келуі жайдан-жай емес. Ол – ісмер тігінші. Өз әжесінен дарыған бұл қасиет немересіне қоныпты. Қызылды-жасылды матадан көйлек тігіп ойнайтын бала Айгүл бұл күндері дана Айгүл атанған. Ақылына көркі сай келіншек бүгінде төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Адамға жақсы көретін жұмысы бақыт сыйлайды дегенге сенемін. Тігін машинасына отырғанда менің жаным жай тауып, жүрегім тынышталады. Әлемдегі бар жағдайды ұмытып рахат күйге бөленемін. Тапсырыс берушінің қалауына орай пердені тігіп шығамын. «Неліктен перде тігу ісін таңдадыңыз?» дедіңіз ғой, бір көйлекті азаннан қара кешке дейін тіккенше бір күнде үш-төрт бөлменің пердесін тіккенім артық. Жақында мыңнан бір қайырлы істі бастадым. Қаншама қазақ әйелі тегін тігін тігуді үйренуде. Шәкірттерім өте көп. Алматыдан келген Аида ханым іс тікпек түгілі тігін машинасына отырып көрген адам емес. Қазір менің жанымда жұмыс істеуде. Мен кәсіпті нөлден бастадым. Әлеуметтік желі арқылы «тапсырыс қабылдаймын» деп статусқа жазып қойдым. Содан кәсібім жүріп кетті. Тапсырыстың көптігі сонша, бір өзім үлгермегендіктен жаныма «сегіз қырлы, бір сырлы», он саусағынан өнері тамған қыздарды алдым. Тауып жатқан табыстары жаман емес. Ісмерлік өз әжемнен жұққан. Ана жағынан болсын, әке тарапынан болсын, жеті атаңды білген дұрыс екен. Себебі солардың бойындағы асыл қасиеттері кейінгі ұрпаққа беріледі. Әжем шапан, тақия тіккен, елге белгілі ісмер болған екен. Тегін шеберлік сағаты бір күн бойы өтеді. Артынша олар ақылы тігін курсын сатып алады. Перде саудасында ақша көп. Елдің бәрі үйдің дизайнына, интерьеріне мән береді. Әсіресе әйелдер қауымы мұндайға жақын. Үйдің сәнін кіргізетін де терезеге ілінген перде емес пе?! Үйдің ажары ашылып, оның түсі, тігісі әдемі болса, тіптен қатып кетеді, – дейді тігінші Айгүл.

Айгүл Есенбаева Тараз қаласында дүниеге келген. Кәсіпкерлікке бала күтіміне байланысты декретте отырғанда кіріпті. Өзінің жасауындағы көрпелерді де тігіпті. Қазақтың қай қызы болса да, ине сабақтап, көрпе көктейді ғой. Десе де Айгүлдің тігіншілікті өзгелерге үйретуінің мәні – біріншіден, жеке брендін дамыту. Екіншіден, өзгелер де тігінді үйренсе, кәсіп қылып, ақша тапса деген ниеті бар. Бес жылдан бері осы кәсіпті жанына серік етіпті. Мобилография саласын да бір кісідей білетін ол Instagram парақшасын да өзі жүргізеді. «shtorytaraza» парақшасы арқылы тапсырыс алып, «Перде тігіп, миллион тап» деп аталатын тегін шеберлік сағатын өтуде.

 – Тапсырыс берушіні бөлмейміз. Үлкен мейрамханалардан бастап үй ішілік перделерді тігеміз. Көбіне бір тапсырыс берген адам ұнатып, келесі жолы міндетті түрде қайта тіктіртеді. Жұмысымызды барынша адал атқарамыз. Шебер Айгүлдің қолынан келмейтіні жоқ. Оның тіккен перделері қайталанбас дизайнымен көзге түседі. Аудан, ауыл демей, шақырған жерге барып, өлшеп, іліп беріп кететін оның еңбегі зор. Нәпақасын адалынан тауып отырған оның 4 баласы бар. Тіпті дастарқан, диванжапқыш, майлықтарды да ерекше етіп тігіп береді. «Шебердің қолы ортақ» демекші ісмер ханымның ісі баршаға ортақ. Күні бойы көз майын тауысып тіккен дүниесі тек тараздықтарды ғана емес, республика бойынша ел тұрғындарын қуантуда.

– Желі болмаса мені де, кәсібімді де ешкім білмес еді. Парақшамда 1600- дей жазылушы бар. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстаудан көп түседі тапсырыс. Поштамен, пойыз арқылы жеткізіп беремін. Әзірге тіккен перделерім барлық тұтынушының көңілінен шығуда. Бұл сауда ғой. Ал саудада береке бар. Онлайн да өлшем аламын. Түп-тура етіп тігіп беремін. Әйел баласының бітпейтін шаруасы көп қой. Бәріне үлгеруге тырысамын. Болашақта цехты үлкейтіп, елу шақты адамды жұмыспен қамту ойда бар. Кей кездері басқа қалаларға да тігін үйретуге кете беремін. Ұлы Абай «Есектің артын жусаң да мал тап» деп бекерге айтпаған шығар. Біздікі таза жұмыс. Ән салып, шаттана, шабыттана отырып, тігіп тастаймын. Тігін бұл өнер туындысы. Үйдің ажарын қайтсек ашамыз деп талпынып, үйдің егесіне, сол үйдегі интерьерге қарай жарасатындай етіп суретін салып тұрып, көркемдеп тігіп береміз. Біз тіккен перденің сапасы жоғары. Он жылға дейін жарамды. Шикізаттың бәрін шетел өндіреді. Жіп, мата бәрі Ресейден, Қытайдан әкелінеді, – дейді Айгүл тігінші.

Бүгінгі кейіпкеріміздің қолға алған кәсібі құптарлық-ақ шаруа. «Талпынған жетер мұратқа» дейді дана қазақ. Таудай талабы арқылы табысқа кенеліп отырған ісмердің ісі көпке үлгі. Білімі мен біліктілігін арттырудан аянбайтын оның алда әлі талай биік белестерді бағындыра беретініне сенеміз.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА.

 

 

Ұқсас жаңалықтар