Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Жамбыл өңірі транзиттік әлеуеті жоғары өңір болғандықтан автомобиль жолдарының қыс кезеңіне дайындығы – алдын ала пысықтауды қажет ететін маңызды шаруа.
Жиында облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов хабарлама жасады. Оның айтуынша, ағымдағы жылы жол саласына 28 миллиард теңге бөлініпті. Яғни, 184 жобаны іске асыру аясында 17,7 шақырым көше мен 6 көпір құрылысы, 8 шақырым жолдар қайта жаңғыртылып, 440,5 шақырым жолдар орташа жөндеумен қамтылады.
Бұл жобаның 23-і 2024 жылдан өтпелі. Ал қалған 161-і жаңа жобалар, оның 23-і келесі жылға өтпелі.
– Бүгінде 184 жобаның 136-сында жұмыстар аяқталды, 48-інде жұмыстар жалғасуда. Оның ішінде, облыстық маңызы бар жолдар бойынша 7 жоба жоспарланған. Оның 2-уі келесі жылға өтпелі. Бүгінде 7 жобаның 6-уында жұмыстар аяқталды, 1 өтпелі жобада жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жалғасуда. Жұмыстарды 15 қазанға толық аяқтаймыз. Аудандық маңызы бар жолдар бойынша 17 жоба іске асырылуда. Оның 2-уі келер жылға өтпелі. Бүгінде 14 жобада жұмыстар аяқталды, 3 жобада жұмыстар жалғасуда. Қайта жаңғырту, құрылыс нысандары бойынша 15 жоба іске асырылуда, оның 14-і келесі жылға өтпелі. Бүгінде 10 нысанда ағымды жылға жо спарланған жұмыст ар аяқталды, 5 жобада жұмыстар жүргізілуде. Елді мекен көшелерін орташа жөндеу бойынша барлығы 145 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның 4-уі келер жылға өтпелі. Бүгінде 105 жобада жұмыстар аяқталды, 40 жобада жұмыстар жүргізілуде, – деді Мұрат Саурықов.
Баяндамашы бүгінде аудандар мен қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, іске асырылып жатқан жобалар ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін аяқталып, пайдалануға берілмей қалу қаупі бар ныс андар жоқ екендігін тілге тиек етті. Әйтсе де, басқармамен жүргізіліп отырған мониторинг бірқатар нысандарда кешігу барын көрсетіп отыр екен.
– Мысалы, Қордай ауданында аудандық маңызы бар «ОтарСұлутөр-Көктөбе» автожолын 0-16 шақырымын орташа жөндеу жобасы. Келісімшарт құны – 537,4 миллион теңге. Жобаны іске асыру мерзімі – 3,7 ай. Алайда жұмыстар бүгінгі күнге дейін аяқталмаған. Мердігер – «Қордай ТҮКШ кәсіпорны» ШЖҚ КМК. Бұл жұмыстарды тездету қажет. Сондай-ақ облыстық бюджеттен Шарбақты ауылындағы Ырғайты өзені арқылы өтетін көпір құрылысына бөлінген 167, 6 миллион теңгенің игерілмей қалу қаупі бар. Жалпы, жоба құны – 225,8 миллион теңге. Жоба қайта мемлекеттік сараптамадан өтіп, шілде айының 24-іне оң қорытынды алғанына қарамастан, бүгінгі күнге дейін мердігерді анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталмаған. Рысқұлов ауданында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жоспарланған «Көгершін» ауылындағы ұзындығы 6 шақырым үш көшені орта жөндеу нысанында жұмыстар басталмай, кешігуде. Құрылыс маусымының аяқталып қалуын ескерсек, нысанның пайдалануға берілмей қалу қаупі бар. Облыс орталығында 2 жоба бойынша өндіріс жұмыстарының баяу жүру фактісі байқалуда. Олар «Ұлы дала» шағынауданында 2000 орындық жайлы мектепке кіреберіс және Комратов көшесін орта жөндеу нысандары. Тапсырыс берушіге жол жөндеу жұмыстарының қарқынын күшейту қажет, – дейді басқарма басшысы Мұрат Саурықов.
Тағы бір айт ары, жол жөндеу жұмыстарының сапасы «Жол активтерінің Сапа орталығымен» бірлесіп тексерілуде. Жасалынған шарт – 279 миллион теңге. Бүгінгі күнге 248 инспекциялық шығу өткізіліп, 1079 сынама іріктелді. Оның 222-інде сәйкессіздік анықталып отыр. Бұл – 21 пайыз. Барлық сынақ қорытындылары (хаттамалары) «KazRoadLab» зертханалық мәліметтер базасына орналастырылған.
Бұл ретте, қала және аудандарға кемшіліктерді жою жұмыстарын қарқынды жүргізуді қолға алу қажет. Автожолдарды қысқы күтіп ұстау жұмыстарына дайындық барысына тоқталатын болсақ, тамыз айында жолдарды қысқы кезеңге дайындау бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалуы бақылауға алынды.
Іс-шаралар жоспарымен ағымдағы жылдың 15 қыркүйегіне дейін мердігерлерді анықтау рәсімдерін аяқтау, 25 қазанына дейін қажетті инертті материалдар қорын толық дайындау, жол техникаларының жағдайын тексеріп, қыс мерзіміне әзірлеу, сонымен қатар, өндірістік базалар мен бокстарды жұмыс деңгейіне келтіруді аяқтаумен қоса, 1 қарашаға дейін қысқы уақытша жол белгілерін орнату шараларын жүргізу тапсырылды. Биыл қарашажелтоқсан айларында жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп ұстауға 385,5 миллион теңге қарастырылған. Бұл жұмыстарға 21 мердігерлік ұйымдарды тартып, 178 бірлік техника жұмылдыру жоспарлануда.
Бүгінгі таңда, қысқы күтіп ұстауға облыс көлемінде жоспардағы 14925 тонна құмның 7075 тоннасы (47 пайыз), жоспардағы 1500 тонна тұздың 860 тоннасы жасақталған (57 пайыз). Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға 163,1 миллион теңге қаралды. Бұл жұмыстарға 11 мердігерлік ұйымдармен келісімшарттар жасалған. Қазіргі таңда, инертті материалдардың қоры, яғни жоспарлы 5350 тонна құмның 2400 тоннасы (44 пайыз), 535 тонна тұздың 260 тоннасы дайын (48 пайыз).
Жоспарға сәйкес 25 қазанға дейін тайғақтыққа қарсы материалдар қоры толық жеткізілетін болады. Сондай-ақ қысқы күтіп ұстау жұмыстарына мердігер ұйымдар тарапынан 85 бірлік жол техникалар мен жабдықтар жұмылдырылады.
– Ал аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына келетін болсақ, қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына жалпы 222,4 миллион теңге қарастырылған. Бұл жұмыстарға 10 мердігерді тарта отырып, 93 бірлік жол техникасын жұмылдыру көзделген. Бүгінгі күнге дейін анықталған мердігерлермен 48 бірлік жол техникалары дайын. Айта кетерлігі, Жуалы ауданында қысқы күтіп ұстау жұмыстарына мердігерді анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері тек 30 қыркүйекте жарияланып, аяқталмаған. Жамбыл ауданында мемлекеттік сатып алу конкурсы «Баға ұсынысын сұрату» тәсілімен жарияланған. «Ашық конкурс» емес «Баға ұсынысын сұрату» тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін олардың біліктілігі, тәжірибесі неме се өзге де маңызды факторлар тұрғысынан қарау мүмкіндігі болмайды. Бұл жағдайда рәсімнің жеңімпазы болып міндеттемелерді тиісінше орындау бойынша оның нақты мүмкіндіктеріне қарамастан, ең төменгі соманы ұсынған қатысушығана айқындалады. Бұл ерекшелік қажетті материалдық және еңбек ресурстары мен құзыреттері жоқ кез келген жеке кәсіпкер немесе шағын бизнес субъектісі жеңімпаз болуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде тапсырыс беруші шартты жосықсыз орындау тәуекелдерін көтереді. Оған дәлел «баға ұсынысын сұрату» тәсілімен жарияланған конкурсқа жалғыз әлеуетті өнім беруші ретінде «BAQ – Bereke KZ» мүгедектігі бар адамдар қоғамдық бірлестігі қатысқан. Талас, Т.Рысқұлов аудандары бойынша қысқы күтіп ұстау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу рәсімдері мүлдем ұйымдастырылмаған. Бұл тұрғыда мердігерлер анықтау рәсімдері кемінде 15 күн алатынын, сонан соң мердігермен инертті материалдардың және техникалардың дайындығына кемінде 10 күн қажет етілетіндігін ескерсек, кенеттен қар жауған жағдайда автожолдар қысқы күтіп ұсталмай, үздіксіз жол қозғалысының ұйымдастырылмау қаупі бар. Тараз қаласына жеке тоқталып өтетін болсақ, көше желілерін күтіп ұстауға 100,0 миллион теңге қаржы қаралған. Бұл жұмыстарды «Жасыл ЕлТараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарады. Серіктестіктің қоймасында 2600 текше метр құм және 1530 тонна тұз жасақталған. Қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 50 бірлік жол техникалары мен жабдықтар жұмылдырылады. Жалпы бұл бағытта бекітілген іс-шаралар жоспарының нақты орындалуы 25 қазаннан бастап жергілікті атқарушы органдар, әкімшілік полициясы басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен бірлесіп тексерілетін болады, – деді Мұрат Саурықов.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жоғарыда аталған Талас, Жуалы, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандары және Тараз қаласының әкімдеріне мердігерлердің тиісті деңгейде тез арада анықталуын және олардың дайындығын қысқа мерзімде қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




