«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сатушы үшін де, алушы үшін де қолайлы

Сатушы үшін де, алушы үшін де қолайлы
Автор
Өткен сенбіде Тараз қаласындағы орталық алаңда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде баға нарықтағыдан 20-25 пайыз төмен болғандықтан, бұл тұрғындар үшін қолайлы болды. Мәселен, алманың килограмы – 350, картоп пен сәбіз – 150, қызылша мен қырыққабат – 200, қияр – 300, қызанақ –150, асқабақ – 150, пияз 100 теңгеден ұсынылды. Үй қаймағы – 2200, сары май – 4000, айран мен сүт – 300, сүзбе мен құрт 1300 теңгеден өткерілді. Ірімшік килограмының 3000 теңгеден бағалануы да көпшілік көңілінен шықты. Ал жылқы мен қой етінің килограмы – 3400, жылқы еті 3100 теңгені құрады.

Тараз тұрғындарының мұндай арзан бағаны еш жерден таба алмайтыны да рас. Бұл әкімшілік және азық-түлік өнімдерін өндіруші кәсіпорындар мен шаруа қожалық тарапынан тұрғындарға жасалып жатқан тікелей қамқорлық. Сондықтан болар жәрмеңкеде сауда жасауға келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Сөмкесөмке азық-түлік алып жатқан тараздықтар сауда көркін қыздырды. Олардың көңілкүйлері жоғары.

«Басқа базарда жылқы етінің килограмы 3600 теңге. Жәрмеңкеде – 3100 теңге. 10 килограмм жылқының етін сатып алдым. Ал ет маған нарықтағыдан 5 мың теңге арзанға түсті. Бұл халыққа тікелей көрсетілген қамқорлық деп түсінемін», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ауданбек Қуанышбеков.

Қымыз, шұбат, сүт өнімдерін саудалап жатқандар да аз емес. Осылайша, биылғы күздің алғашқы жәрмеңкесі қызу саудаға толы болды. Алдағы апталарда Тараз қаласының телеорталық аймағында, шағынаудандарда жәрмеңке жалғасын табатын болады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар