«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Нәзік жандылардың адал еңбегін дәріптеген фестиваль

Нәзік жандылардың адал еңбегін дәріптеген фестиваль
Автор
«Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында «Әйелмен әлем әдемі» атты ерекше форматтағы сұлулық фестиваль-байқауы өтті. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында және Еңбек күніне орай ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – нәзік жандылардың еңбегі мен шеберлігін дәріптеу болды. Сондайақ орталықтың әлеуметтікпсихологиялық сүйемелдеуіндегі әйел-аналарға қолдау көрсетіп, әсемдік, сұлулық сыйлауды мақсат тұтты.

Фестивальге орталықта қысқа мерзімді оқыту курстарынан өткен, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы аналар, жалғызбасты әйелдер мен әлеуметтік осал санаттағы қызкеліншектер қатысты. Олар сұлулық индустриясының, оның ішінде «Бет әрлеу» және «Тырнақ әрлеу» бағыттары бойынша біліктіліктерін көрсетіп, қазылар алқасының әділ бағасына ие болды. Ал Аmanat партиясы өңірлік филиалының Әйелдер қанаты, зиялы қауым және қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, көпбалалы аналар, курс қатысушылары және жастар көрермендердің қатарынан табылды.

Байқау барысында орталықтың «бет әрлеу және тырнақ әрлеу шеберліктері» курстарын тәмамдаған, бүгінде кәсіпке машықтанған қыз-келіншектер мен аналар өз шеберліктерін көпшілікке ұсынып, еңбек нәтижелерін көрсетіп, кәсіп иесі ретіндегі қабілеттерін дәлелдеді.

Айта кету керек, көп жағдайда әлеуметтік қиындықтарға тап болған әйелдер өз мүмкіндігін толықтай пайдалана алмай жатады. Орталықта білім алып, өз бетімен табыс табуға жол ашқан қатысушылар үшін бұл фестиваль – жаңа өмірге қадам басуға, өзіне сенімді болуға жол ашқан рухани серпіліс болғанын айтпай кетпеске болмас. Еңбек етіп, өмірін жақсартуға ұмтылған аналар қоғамда лайықты орынға ие болуы керек.

Аталған іс-шара осыған қоғам назарын аударуды көздеді. Жай ғана сән байқауы емес, бұл – еңбек адамының бейнесін дәріптеген мәдени платформа. Көрермен назарына шағын концерттік бағдарлама ұсынылып, рухани әсерге де толы болды. Сахнада өлең оқылып, әсем әндер шырқалды. Қатысушылардың көпшілігі алғаш рет осындай сахнаға шықса да, өздерін сенімді, әдемі әрі мақтанышпен көрсете білді. Әрбір ана мен қыз-келіншек сахна төрінде өміріндегі бір белесті артқа тастап, жаңа кезеңге қадам басқандай әсер қалдырды.

Іс-шара соңында орталықтың директоры Эльмира Мырза-Ғали сөз сөйлеп, фестивальдің мән-маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде орталық – жай ғана оқыту алаңы еместігін, ол – әйелдің жаңа өмірге, жаңа бетбұрысқа жасаған алғашқы қадамы екенін айтып, ал бұл фестиваль – сол өзгерістің айғағы екенін жеткізді.

Байқау қорытындысы бойынша қатысушыларға І, ІІ және ІІІ жүлделі орындар тағайындалып, үздік шыққан шеберлерге қаржылай сыйақылар табысталды. Оқ бойы озық шыққан жүлдегерлер және басқа да қатысушылар арнайы дипломдар, Алғысхаттар мен ынталандыру сыйақыларымен марапатталды.

Сонымен бірге бұл аналарға орталықтың «Қолөнер және дизайн» үйірмесіне қатысатын жас шеберлері арнайы дайындаған моншақпен тоқылған сәндік сөмкелерді сыйға тартты. Әр сөмке – қолдан тоқылып, ерекше махаббатпен дайындалған, аруларға арналған бірегей туынды. Бұл сый – жай ғана зат емес, бір ұрпақтың екінші ұрпаққа деген құрметі мен алғысының белгісі іспетті.

Өнерлі жас буынның қолынан шыққан әр бұйым – аналарға деген ықыластың, рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі болды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар