Артықшылықты айыру үшін салыстыру қажет. Мысалы, сала ардагерінің айтуынша, Кеңе с дәуірінде біздің облыста 147 колхозсовхоз болған, онда 7,5 миллион бас қой бағылған. Содан кешегі жекешелендіру кезінде қолдағы барымыз талан-таражға түсіп, мыңғырған малдан 7 бас қой да қалмаған.
«Қазіргі кезде ел экономикасын, халық тұрмысын көтеру мақсатында көптеген жұмыстар істеліп жатқанымен кейбір салаларда сол жұмыстар дұрыс бағытта жүргізілме стен керісінше ел экономикасын көтеруге өз кесірін тигізіп отыр. Бұрынғы Кеңес дәуірінде шаруашылықтар жер жағдайына байланысты биязы жүнді меринос, арқар-меринос, қаракөл, жартылай қылшық жүнді кроссбред тәріздес будан қойларды өсіретін еді. Билік өз қолына тиген біздің халық ол қой тұқымдарын өсіруден бас тартып, тек қазақы Еділбай қой тұқымын өсіруге көшті. Бұл адасушылыққа алып келді. Себебі, Еділбай қой тұқымының тек еті болмаса жүні мен терісі жарамсыз болғандықтан оны еш жер қабылдамай, ауыл адамдары оларды өртеп жатыр. Демек, біз ол қойларды тек еті үшін ғана өсіріп отырмыз. Мұндай етті жоғарыда көрсетілген қой тұқымдарынан да алуға болатын еді», – дейді сала ардагері.
Негізінде қой жүні мен оның терісі аса құнды шикізат болып есептеледі. Қой жүнінен сапасына қарай әртүрлі кездеме маталар мен жылы киімдер тоқуға, ал терісінен әртүрлі күздік киімдер мен жылы тондар тігуге болады.
Бұл жөнінде де Аманқұл ақсақалдың айтар сөзі дайын:
«Негіздемеге сүйенсек, Еділбай қой тұқымы өсімтал қой тұқымының қатарына жатпайды. Мысалы, табиғи жаратылысына байланысты қазіргі қазақы қойлардың әрбір 100 саулығынан 70-75 қозы алынады. Ал жоғарыда аталған қой тұқымдарының әрбір 100 саулығынан 120-125 қозы алуға болады. Демек, біздің шаруалар әрбір 100 саулықтан 50 қозы жоғалтып отыр. Соған байланысты елімізде қой саны екі есеге қысқарып, нәтижесінде мал жүні мен оның терісі жетіспегендігінің салдарынан елімізде тері, жүн өңдейтін зауыт, фабрикалар жабылып қалды. Сонда біз еліміздің экономикасының дамуы үшін қажетті мал тұқымын өсірместен керегі жоқ қой тұқымын өсірудің салдарынан қыруар қаражаттан ажырап отырған жоқпыз ба? Дәлел ретінде айтар болсақ, биязы жүнді меринос қой жүнінің әрбір килосы 1,0-1,5 АҚШ доллары тұратынын және әр қой 3-4 килограмм жүн беретінін, ал оның терісі 8-10 АҚШ доллары тұратынын ескерсек, біздің елде қой өсірген ауыл адамдары тек 2024 жылдың өзінде қанша қаражаттан ажырап қалғандығын есептеп білу қиын емес. Өкінішке қарай, бұл қателектерді қадағалап жатқан ешкім жоқ. Болмаса ауыл шаруашылық министрлігі немесе оның әр облыстағы ауыл шаруашылық басқармалары көрс етілген келеңсіздіктерді тоқтатуға осы уақытқа дейін неге ешқандай шара қолданбайды? Мал өсіретін кәсіпкерлердің жұмысын жергілікті жерлердегі мемелекеттік органдар басқарып отырулары керек емес пе?», – дейді ол.
Ескеретін жағдай, әлемдегі ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті жоғары ел ретінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдеріне, оның ішінде тері, жүн секілді мал өнімдеріне деген сұраныс ешқашан жойылған емес. Сондықтан өз байлығымызды қорғау мақсатында ауыл шаруашылық өнімдерінің барлық түрлерінің мемлекеттік өлшемдерін (ГОСТ) және өнімінің сапасына байланысты бүгінгі күннің талабына сәйкес оның тұрақты бағасын бекітіп алып, келешекте тек сол бағамен жұмыс істеуіміз керек сияқты.
Бұл жұмыс елімізде өнім бағасын тұрақтандыруға және ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатын көтеруге әсерін тигізетін болады. Сонда мемлекет субсидия төлеудің машақатынан құтылады.
Осыған байланысты А.Нысанбаев:
«Жоғарыда көрсетілген ауыл шаруашылық өнімдерінің мемлекеттік өлшемдерінің (ГОСТ) бұрынғы Кеңес дәуірінде пайдаланылған түпнұсқалары архивте сақталған болуы керек. Ол құжаттар біздің пайдалануымызға жарайды. Ал өнімнің сапасына қарай тұрақты қолданылатын бағасын бүгінгі күннің талабына сәйкес өзіміз анықтауымыз қажет. Қазіргі мамандар ол құжаттармен жұмыс істеуге қиналатын болса, сол дәуірде қызмет істеген мамандарды пайдалануға болады. Қажет болған жағдайда өзім де көмектесуге дайынмын. Нарықтық экономика деген сылтаумен еліміздің байлығын бақылаусыз қалдыруға қақымыз жоқ, оларды қорғауға міндеттіміз. Сондықтан қоқысқа тасталып жатқан мал сүйектерінен сүйек майын (емдік қасиеті бар ең таза май) және сүйек ұнын алып, мал өнімдерін қалдықсыз пайдалануға тырысуымыз қажет», – деген өзінің ақыл-кеңесін де ортаға салады.
Осы жерде жөні келіп тұрғасын, біз де жеміне сүйек ұны қосылып берілген малдың тез семіретіндігін дәлел ретінде айта кетуді жөн көріп отырмыз. Тіптен орайын тапса, мал сүйегі емес, қырман тартқанда бидайдың арасынан шығатын шошқа тікеннен де ұн жасап, малға берсе, үш айда семіретін қойдың бір жарым айдың ішінде ет алып шыға келетіндігін айтсақ, артық бола қоймас.
Мұның мысалын біздің бүгінгі кейіпкеріміз Аманқұл ақсақал қызмет бабымен ауылдарды аралап жүрген кезінде, бір ауылдың қырманынан шошқа тікенді үймелеп жинап жатқан бір қарияны әңгімеге тартқан сәтінде естіп, білген, көрген. Әлгі қария оған жыл сайын қырманнан 5-10 тонна шошқа тікен жинап, оны диірменнен өткізіп, малдың жарма жеміне қосып беретіндігін айтқан. Сөйтіп, малының тез семіретіндігіне ешкімге қажеті жоқ шошқа тікеннің септесіп жатқандығын жеткізген.
«Енді біз келешекте ел экономикасын, ауыл халқының тұрмысын көтереміз десек, қазіргі өсіріп жатқан Еділбай қой тұқымын жоғарыда көрсетілген қой тұқымдарымен алмастырып а луымыз керек. Алмастыру кезінде бұрынғы қой тұқымдарын жер жағдайына байланысты дұрыс орналастырсақ, алдағы 2-3 жылда саладағы кемшіліктер өздігінен жойылып кетеді. Айта кетерлік бір жайт, жергілікті халықтан ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу және оны өткізу турасында жиі шағым айтылады. Бұл жерде бағаны көтеріп отырған – ортадағы делдалдар. Олар халықтан дайындалған өнімдерін арзанға алып, қымбатқа өткізуге тырысады. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Соған байланысты азық-түлік бағалары тұрақты түрде қымбаттап, халық тұрмысының қиындауына өз әсерін тигізіп отыр. Бұл жұмыс тәсілін мүлдем тоқтату қажет. Бұрынғы Кеңес дәуірінде ауыл өнімдерін жергілікті халықтан сапасына қарай арнайы бекітілген бағамен кезіндегі тұтынушылар одағының (Казпотребсоюз) дайындау кеңсесі (заготконтора) сатып алып, азық-түлік өнімдерін жергілікті сауда орнына, ал шикізаттарды оларды өңдейтін кәсіпорындарға жіберіп отыратын. Соған байланысты өңірлерде біркелкі тұрақты баға сақталатын. Айтылғандарға байланысты сол бұрынғы дайындау кеңсесін әрбір ауданда қайтадан ашып, еліміздегі ала-құла саудаға тыйым салуымыз керек», – дейді жоғарыдағы мәселеге қатысты өз ойын бүкпесіз баяндаушы тәжірибелі маман.
Расында да ауылдағы қозы мен лақ, бұзау мен құлын терілері және ауыл адамдары ұстаған қарсақ, түлкі, борсық, қоян секілді аң терілерін де ауыл адамдары қазір өртеп жатыр. Ал негізінде бұлар аса құнды шикізат болғандықтан олардан неше түрлі жылы киімдер тігуге болар еді. Мұндай бағалы шикізаттарды бекерге өртеп жібергенше оларды арнайы өңдейтін фабрикаларға жіберіп, оны халық кәдесіне жаратуымыз керек емес пе.
«Көрсетілген кемшіліктерді түбегейлі шешу үшін бізге кезінде жабылып қалған тері, жүн шикізаттарын өңдейтін зауыт, фабрикаларды қайта дамытуға тура келеді. Барлық өндіріс саласының ішіндегі ең тиімді және пайдалы сала – жеңіл өнеркәсіп саласы. Дәлел ретінде айтар болсақ, қазіргі кезде біз өртеп жатқан 5 қойдың терісін ол өңдеп, одан ешбір шығынсыз бір тамаша жылы тон шығарар еді. Ендеше, біз неге сол саланы дамытпауымыз керек?! Өткен Кеңес дәуірінде елімізде өндірілген ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасын бақылап отыратын бұрынғы дайындау министрлігіне қарасты «Ауыл шаруашылық өнімдері мен шикізаттарын сатып алу және оның сапасын тексеру мемлекеттік инспекциясы» бар болатын. Енді сол инспекцияны қайтадан ашып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін шаруашылықтардан бастап, сол өнімдерді өңдейтін барлық мекемелердің жұмыстарын тұрақты түрде бақылауда ұстайтын болсақ, ауыл өмірі түбегейлі өзгеріп, халық мұқтажы шешілер еді деп ойлаймын», – дейді еңбек ардагері.
Сала ардагерін мал шаруашылығымен қоса жеміс-жидек, көкөніс өндірісіне қатысты бүгінгі қалыптасып отырған жағдай да алаңдатады. Осы орайда оның айтар өз ойы, уәжі бар.
– Өкінішке қарай, оңтүстік өңірде өндіріліп жатқан өнімдер толықтай игеріліп жатқан жоқ. Оларды өңдейтін консерві зауыты жоқтың қасы. Барларының өзі қазіргі технологияларға бейімделген. Мәселен, бұрын Алматы, Талдықорған, Жамбыл облыстарында ауыл адамдары қант қызылшасын өсірумен айналысатын. Қазір сол кезде өндірілген қызылшаның 20 пайызын ғана кәдеге жаратып отырмыз. Қант зауыттарының кейбірі қирап, құрып кетті. Әрине, өткенді кері қайтара алмаймыз. Бірақ өткеннен сабақ алуға болады. Демек қант қызылшасы егілетін алқаптардың көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Қант зауыттарының жұмысын жандандырудың тетіктері көп. Бұл ретте қант қызылшасын өсірушілер зауыттар қабылдап алынған өнімге төлемақыны дұрыс есептемейді деп шағымданады. Төлемақы өткізілген қант қызылшасының салмағы мен қанттылығына қарай төленетіні мәлім. Мысалы, зауыт өнімді орташа есеппен 15 пайыздық қанттылықпен қабылдап алады. Ал одан алынған қант шекері 20 пайыздық қанттылықты көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда артылған 5 пайыз зауыттың пайдасына қалады. Мұны тексеру қиын, әрине. Өйткені қант зауыттарының дені жергілікті атқарушы билікке емес, Алматы қаласындағы қант корпорациясына қарайды. Сондықтан осы мәселені де реттеу маңызды, – дейді ол.
Бұдан бөлек, сала жанашыры бізге шетелден мал тасымалдағанда немесе тұқымдыққа дәнді дақылдар әкелерде шекарадағы кеден қызметіндегі тексерісті күшейтуіміз қажеттігін ескертеді. Әсіресе елімізге шекара асатын мал болсын, дақыл болсын, барлығы да 40 күндік карантиннен өтуі тиіс дейді маман.
Бұлай болмаған жағдайда, алдымыздан малдан тарайтын сарып секілді аурулардың шығатындығын, сондай-ақ ауруы бар дақылдармен бірге келіп, жерімізге сіңетін зиянкестерден шіріген жеміс-жидек жинайтынымызды алға тартады. Қарт маманның пайымдауынша, түптеп келгенде саладағы проблеманың дені жауапты органдардың енжарлығынан туындап отыр.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




