– Кеңесбек Мыңжасарұлы, сіздің еңбек жолыңыз негізінен мемлекеттік қызметпен байланысты болды, бұл салада қырық жылдай жұмыс өтіліңіз бар екен, соның ішінде жеті жарым жылдан астам уақыт Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып қызмет еттіңіз. Мемлекеттік қызметті не үшін таңдадыңыз және бұл салада өзгермейтін басты ұстаным қандай? Қазіргі жас буынға осы тұрғыдан не айтар едіңіз?
– Мемлекеттік қызмет – қай кезеңде де халыққа біліктілікпен, еңбекқорлықпен, адалдықпен, шынайы жанашырлықпен қызмет ететін жол. Осындай қабілет-қасиеттері бар мемлекеттік қызметші ғана қоғамда абырой-бедел иесі болмақ. Табиғат заңы солай, адам баласы не нәрседе болсын үнемі ілгерілеуді, өзін тұлға ретінде танытуды, мойындатуды көздейді. Біз де жас кезімізден осылай болуға тырыстық, мемлекеттік қызметті ұмтылатын дәреже санадық. Шын мәнінде ол солай болып қала беруі керек, мемлекеттік қызметтегі азаматтар саланың абыройын түсірмеуді басты қағидат деп ұстануы шарт. Бір сөзбен айтқанда, жауапкершілік керек. Көкейкесті мәселесін шешуге жәрдемдеседі деп имандай сеніп келген, үміттеніп отырған адамдар алдында жауапкершілік болу керек. Қала берді, өзіңнің алдындағы жауапкершілігің қажет, атқарған не атқармаған жұмысың, жүрістұрысың үшін өзің ұялмайтындай болу ләзім. Әйтпесе, бәрі бекер.
– Жөн екен. Еліміз тәуелсіздік алған кезден бүгінге дейінгі отыз төрт жыл ішінде облысымызда идеология саласына жауап беретін орынбасар болып жұмыс істеген адамдар ішінде бұл қызметті ең ұзақ атқарған сіз екенсіз. Осы жылдар ішінде жаңағы өзіңіз айтқан жауапкершілік жүгі ауыр болған жоқ па? Қанша дегенмен, облыстық әкімдік атқаратын істер аясының едәуір бөлігі сіздің қызметтік функцияларыңызда болды емес пе...
– Расында, мен осы қызметке келгенде дербес дамуымызға сегіз жылдан енді өтіп бара жатты. Өтпелі кезеңнің болмай қоймайтын қиындықтары аяқ бастырмайды, былай барсаң өгіз өңменінен құлайды, олай барсаң арба аударылып қалады, әр жерде шешуін күтіп тұрған өткір мәселелер. Жағдайын жақсартуды талап еткен ереуілшілер, соның ішінде жыл, жыл жарымға дейін балаларға жәрдемақысын ала алмай жүрген ата-ана, осынша уақыт жалақысыз жұмыс істеп жүрген мұғалімдер мен дәрігерлер, тоқтап қалған, талантараж болған өндірістер, жұмыссыз адам жүдә көп. Айта кетейін, сол тоқсан тоғызыншы жылы облыс бюджетінің көлемі алты жарым миллиард теңге болса, балаларға берілетін жәрдемақы мен дәрігерлерге, мұғалімдерге төленбеген айлықтары үш миллиардты құрады. Жағдайдың қандай күрделі болғанын осыдан бағамдай беруге болады. Аудандарда кітапханалар, мәдениет, білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы бөлімдері жабылып қалған. Қаржы тапшылығы кеудені қысып тұрған кез. Өндіріс орындарын жандандыру, шағын бизнеске жол ашу, қолдау қажет болды, сол арқылы салық түсімін арттыру – негізгі мақсат. Содан барып мүмкіндігінше аз уақытта бюджеттің халыққа қарызын өтеу кезек күттірмейтін міндет еді. Наразылық болған жерде немесе еңбек ұжымдарында, көпшілік бас қосқан жиындарда мақсатымызды, жоспармызды айтып, елді тағы сәл-пәл шыдай тұруға шақырып жүрген кезім. Айналайын біздің Жамбыл жұрты төзімді ғой, сөзімізге құлақ асты, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып еңбек еттік. Нәтиже болды. Жылдан ұзатпай бюджеттен атқарылатын төлемдер толығымен жабылды. Бұл үлкен жетістік еді. Содан кейін облыс экономикасында бірте-бірте ілгерілеу басталды. Осы тұста бір жағдай есіме түсіп тұр. Жұмысқа жаңа келген кезім ғой, Сарымолдаев атындағы және «Ұлан» балалар үйлерін барып көрейін деп облыстық білім басқармасына хабарласқанмын, оның басшысы да енді ғана тағайындалған еді. Ондағылар «кейін келесіз бе, қазір жаңбыр жауып, төбеден су ағып тұр, екеуінде де». «Қалай?» «Шындығы солай». Содан барсақ, төбеден аққан суды тосып алуға шылаушын қойылған. Көптен бергі әдіс екен. Жөндеуге қаржы қарастырылмаған. Төбесін жамап шығуға қанша керек? Екеуіне үш жүз мыңнан алты жүз мың. Ол кезде бұл біршама ақша. Жүгіріп келіп көмектесе қоятын кәсіпкерлерді қапелімде таба қою қиын, мәселені кейінге қалдырудың реті жоқ енді. Білім басқармасында артық бір тиын да жоқ, бір бағдарламадан екіншісіне бір теңге де аудара алмайсыз. Басқарма басшысы Бәтес Егембердиевамен және оның қаржы бөлімінің меңгерушісімен бірге таң атқанша мәселені шешу жолдарын қарастырдық. Ақыры, таптықау. Су ағатын шатыр жөнделді. Бұл көңіл бір тыныштанған шуақты сәт еді. Сол тұста уақытқа қарайтындай болған жоқпыз, жұмысқа таң атпай ерте келдік, кеш қайттық. Туған жерге қызмет етуге келген соң өңірдің жағдайын тезірек түзеуге өз үлесімді қосу үшін ешқандай аянып қалғаным жоқ. Үлкендікішілі әрбір игі қаракетіміздің нәтижесіне қуанып жүрдік. Бірде тиісті басқармалардың басшыларымен, бөлім қызметкерлерімен лездеме өткізіп, алдағы жұмысымызды пысықтап отырғанбыз. Жиналысымыз сәл созылып кетті, хатшы қыздан «күтіп отырып қалған ешкім жоқ па?» деп сұрадым. Бар екен, Нілзия Алғазықызы Рақышева. Еңбек ардагері. Бұрын бұл кісі де облыстың идеология саласын басқарған. Жиналысты тез доғарып, алдынан шығып қарсы алдым. Келгеніңізді білмей қалдым, әйтпесе...
Ештеңе етпейді, жұмыстың аты жұмыс, бәрін түсінемін, – деді ол кісі.
– Не мәселемен келдіңіз, айта отырыңыз,– деймін мен.
– Саған бір нәрсені айтайыншы деп келдім, басқа шаруам жоқ. Біраз болды, көріп жүрмін, естіп жүрмін, тынымсыз жұмыс істеп жатырсың. Аудандарда, елді мекендерде, мекемелерде шаралар ұйымдастырып, жергілікті жерлерде жағдаймен танысып, көптің ортасында боласың, митингілерге де қатысып, сауалдарға қанық жауап бересің. Басқа да жұмыстарың толып жатыр. Теледидардан да, газет жаңалықтарынан да оңды істердің ортасында екеніңді көреміз. Туып-өскен жеріңе келіп, жаныңды салып жұмыс істеп жүргеніңді түсінемін. Бірақ бір нәрсені естен шығарма, қанша ақ тер көк тер болсаң да бәріне үлгере алмайсың. Шапқылап жүріп, күшіңді сарқып, «жанып кетуің» мүмкін. Сондықтан бірінші кезекте атқаратын басты міндеттерді айырып отыр, содан кейін қалған жұмыстарды ыңғайына қарай көресің.
– Рақмет, Нілзия Алғазықызы, ұқтым. Басқа бұйымтайыңыз болса, айтыңыз, қолымнан келгенше көмектесемін.
– Кеңесбек, айналайын, ешқандай жәрдем сұрап келгенім жоқ. Бар шаруам осы, бір ауыз сөзіммен саған қолдау беріп кетейін деп келдім. Міне, біздің елдің ардақты ардагерлері! Шын жанашырлық танытқан ақ пейілдері көл-дария ғой.
– Айтып отырған әңгімелеріңіз кеңірек тарқатып жазатын очерктерге арқау болатындай екен. Сіздің елге, өңірге сіңірген еңбегіңізге омырауыңыздағы ордендер мен медальдар айғақ болып тұр. Бұларға қоса Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, ҚР еңбек сіңірген туризм қызметкері, ҚР еңбек сіңірген білім қызметкері, ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі сияқты және басқа да атақ-дәрежелеріңіз бар. Осы марапаттарға Жамбыл жерінде атқарған жұмыстарыңыз үшін ие болған екенсіз. Уақыт өтіп жатыр, біреу біледі, біреу білмейді, қызметтік жауапкершілігіңізге қаратылған салалардағы өзіңіздің бастамаңызбен, қатысуыңызбен атқарылған қандай айтарлықтай істерді еске алар едіңіз?
– Туып-өскен өңірге қызмет ету бір ғанибет қой, ал еңбегің еленіп жатса, абырой деген сол. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени, оқу-білім, денсаулық, спорт, дін, ақпарат, ұлтаралық татулық пен түсіністік секілді басқа да бірбірімен өзектес бағыттардағы тірлік – бұл, бір сөзбен айтқанда, идеологиялық жұмыс деген ұғымға саяды. Бірақ осы саладағы жұмыстардың бәрі бірдей көзге көріне бермейді, қолмен ұстап бағамдай алмайсың, бірақ оның нәтижелері қоғамдағы тұрақтылықтан, халықтың көңілкүйінен, әл-ауқатынан байқалады. Сұрағыңызға қатысты бірер мысал келтіріп көрейін. Тараз қаласының 2000 жылдығына әзірлік және оны өткізу жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы болу мен үшін үлкен абырой ғана емес, ең алдымен зор жауапкершілік болды. Сол тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев басқарған республика үкіметінің отырысында алдағы атқарылатын шаралар жоспарын баяндап, толық қолдау таптым. Әуелі оның әрбір тармағын облыста пысықтап алдым да, тиісті министрлердің, вице-премьерлердің, Президент Әкімшілігі Басшысының алдында қорғап шығуыма тура келді. Нәтижесінде облысқа бөлінген қаражат шеңберінде білім және денсаулық, әлеуметтік-мәдени, спорт нысандары қайта жаңғыртылып, жаңа ғимараттар пайда болды. Қаламыз көркейіп шыға келді. Тәуелсіздігімізге небәрі он жыл толған шақта бұл шаралар өңір жұртшылығына рухани күшқуат берді. Білім саласына кураторлық еткен жылдарда ұстаздардың өтпелі кезеңде қордаланып қалған тұрмыстық мұқтаждарына, соның ішінде олардың баспана жағдайларын түзетуге, үйін отынмен, малын жем-шөппен қамтамасыз етуге, жабылып қалған балабақшаларын қайта ашуға едәуір қаракет жасадық. Мектептерді түрлі оқу құралдарымен, мектеп әдебиетімен және компьютермен жабдықтау сын көтермейтін жағдай еді, бұл жағынан бірте-бірте республика көлемінде алдыңғы лекке қосыла бастадық. Сөз басында айттық қой, қаржы-қаражат жетіспеушілігі балақтан тартып тұрған кез. Мектептер жетіспейді, мәселені шешудің түрлі жолдарын қарастырып жүрдік. Облыста дарынды балаларға арналған мектеп жоқ екен, барлық облыста бар, бізде жоқ. Сондықтан негізінен ауылдық жерлердегі талантты балаларды жинап, оқытатын «Дарын» мектеп-интернатын ашуды қолға алдым, оған ғимарат ретінде жоғары оқу орындары бірінің қаңқасы ғана қалып, қаңырап тұрған көпқабатты жатақханасын қайта жаңғыртып, лайықтап пайдалануға бердік. Дәл осылайша білім беретін бір мекемесі жоқ бұрынғы мал базары аймағында мектеп (Ө.Жолдасбеков атындағы №50-ші мектеп) ашудың, дәл осылайша іргетасы жермен бірдей жатаған үйде орналасқан М.Мақатаев атындағы орта мектепке тағы бір алқам-салқам болып қалған нысаннан жаңа ғимарат жасап берудің бастамашысы болып, басы-қасында болғаным айта жүретін бір ісім десем болатын шығар. Өтпелі кезеңде облыста тағы бірнеше мектеп салуға Білім министрлігі (министр Ш.Беркімбаева болатын) арқылы қаржы бөлдіруге қол жеткізгеніміз бар. Оған қоса облыстағы тұрғыны аз ауылдардағы сабан кірпіштен салынған барлық ескі мектептерді облыстық білім басқармасының басшысымен бірге аралап көріп, шағын мектептер салуға бір типті жобалықсметалық құжаттама жасатып, республикалық органдарға тапсырған болатынбыз. Бұл жұмыс та тиісті нәтиже берді. Сол кезде мұның бәрі үлкен жетістік еді. Ал қазір елде проблема басқа: қаржы баршылық, уақытылы игеру – міндет. Білім беретін жаңа нысандар, соның ішінде «Келешек» мектептері салынып жатыр. Мұның бәрі Мемлекет басшысының бастамасымен, облыс басшысының тікелей қадағалауымен атқарылуда. Мәселен, сіздің газеттен көргенім: Жамбыл жерінде биылғы жылға 15 білім нысанын пайдалануға беру жоспарланған екен, «Келешек мектептері» жобасы аясында 3 мектеп оқушыларға есік ашады деген деректен хабарым бар. Облыстағы осындай жағымды жаңалықтар көңіл қуантады.
Өңірде атқарған нақты істеріңіз бар, айтарыңыз бар, бірақ бір сұхбатта бәрін қамти алмаспыз. Дей тұрғанмен, денсаулық саласында болған игілікті істерді бір ауыз сөзбен түйіндеп айтсаңыз, артық болмас.
– Сол тұста облыста өкпе ауруларына шалдығу республика бойынша өте жоғары болып, дабыл қақтырып тұр екен. Жылжымалы рентген аппаратының саны екеу ғана. Оның біреуі жарамды, біреуі бұзылып тұрған болып шықты. Аудандардың бәріне бірдей рентген алып бере алмаймыз, қымбат. Не істеуге болады? Сұрастырсам, ауруды қақырықпен өлшейтін аппарат болады екен, ол әрі жеңіл, әрі арзан. Аудандардың бәріне, ірі елді мекендерге соны алдырдық. Орталыққа барып баяндадым: бір жыл ауруға шалдыққандарды анықтаймыз, сонда олардың саны қазіргіден де көп болып шығады, сөкпеңіздер. Екінші жылы оларды жаппай емдеуді жүргіземіз. Үшінші жылы жұмыстарды жалғастыра отырып, оң нәтижеге қол жеткіземіз. Қысқасы, уәде үдесінен шықтық, мақсатқа жеттік. Ал аудандардағы тубдиспансерлер қырқыншы жылдары салынған қаңқасы қамыс үйлерде екен. Тағы бір жолы Денсаулық министрі Ж.Досқалиевке барып, қолдау сұрап, сегіз диспансерге қаражат бөлдіруге қол жеткізіп қайтқаным көңіл толған күндердің бірі болды. Сол қаракеттердің және облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық фтизиопульмонология орталығы атқарған жұмыстардың нәтижесінде өкпе ауруларына шалдығу әбден азайып, бүгінде аудандық тубдиспансерлер жабылып біткен сияқты. Конго-Қырым қанды безгегін жұқтырып, қайтыс болғандар саны алаңдатып тұрды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде шешім шығарып, жаз айларында Сарысу, Талас аудандарынан тірі мал, жүн-тері тасымалдауды доғара тұруды ұйғардық, кене тараған аймақтарды дәрілеу қатаң атқарылды, тұрғындар арасында, соның ішінде мектептерде қорғану, сақтану жұмыстары жүргізілді. Бір сөзбен айтқанда, жұқпалы кененің тарау өрісі тартылды, біз қызмет етіп тұрған кезде қанды безгектен болатын өлім-жітім тоқтатылды.
– Әңгімеңіз тартып барады, бірақ бұл реттегі айтар сөзді осымен қайыра тұрайық, мәдениет пен спорт саласында да жадымызды жаңғыртатындай тұшымды істер болды ғой.
– Әлбетте. Әуелі айтарым, дербес дамуымыздың алғашқы жылдарында жабылып қалған 200-ден астам кітапхана қайта ашылып, оларға қаражат бөлініп, аудандық мәдениет басқармаларының қайта құрылуы облыс көлемінде үлкен оқиға болды. Сондай-ақ Өтеген батырдың 300 жылдығын, Бауыржан Момышұлының 90 жылдығын, Жамбыл облысының 60 жылдығын және басқа да маңызы үлкен шараларды өткізу жөніндегі облыстық штабтардың жұмысын басқарып, жүргізу мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Бәйдібек бабаға, Бауыржан Момышұлына, Ақәділ Сухамбаевқа ескерткіш орнатуға бастама көтердім де, облыс әкімінің шешімімен бұл жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асырылуы маған тапсырылды. Осындайда еске түседі. Тараздағы орталық алаңда Бәйдібек бабаға ескерткіш орнату ұсынысымызды облыс әкімі қолдады. Ал жоғары жақ қалай қарайды? Тараздың 2000 жылдығына дайындалып жатқанбыз. Облыстағы ел жағдайымен танысуға Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев ағамыздың келе қалғаны жақсы болды. Сол жолы Сарысу, Талас жақты аралай келіп, Тараздағы алаңға тоқтады. Жұрт жиналып қалған. Журналист, тарихшы Бақтияр Әбілдаев ағамызға, келісіп алғанымыздай, «ортақ ойымызды айтып, сіз қалай қарайсыз деп сұраңыз» дегендей ымдадым.
Таным-тарихтың терең білгірі, заңғар жазушы Әбіш аға Кекілбаев былай деді:
– Бәйдібек баба Қарашаұлы – қазақ тарихында үлкен орны бар зор тарихи тұлға. Ел басқарған көсем, қол бастаған батыр, бейбіт өмір сүру жолын таба білген мәмілегер. Өзіне қараған аймақты жаудан аман сақтап отырған. Қала берді, бүгінде үш миллион ұрпағы бар Бәйдібек Қарашаұлына ескерткіш қоймағанда, кімге қоямыз. Артынша Тараз мерейтойына дайындықты білу үшін вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов келіп кетті. Иманғали Нұрғалиұлы да қарсы болған жоқ. Содан кейін облыс әкімінің шешімі шықты. Оны «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Ержұман Смайыловқа жібергенбіз. Ол шешімді газет атауының қасына сол күйі басып шығарды: «Тараз қаласындағы орталық алаңда Бәйдібек Қарашаұлына ескеркіш орнатылсын. Осы шешімнің орындалуын қадағалау облыс әкімінің орынбасары К.Демешке жүктелсін». Ал енді дене шынықтыру мен спорт саласына кураторлық еткен жылдарда Тараз қаласында, аудандарда, стадиондар мен спорт алаңдарын көпшіліктің пайдалануына қайта жарату үшін көп күш жұмсалды, оған қоса бірнеше жаңа спорт мекемелері ашылды, жалпы спорт мектептеріндегі, клубтарындағы үйірмелер саны айтарлықтай артты. Сол кезеңде жаңадан ашылған мекемелер қатарында Олимпиадалық резерв даярлау орталығын айтуға болады. Бұл жұмыстар жұртшылық күткен нәтижелер берді. Олимпиадалар мен әлем, Азия біріншіліктерінде облыс спортшылары арасынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер бой көрсетіп, Қазақстан туын көкке көтерді, ел мерейін асырды. Солардың қатарында 2000 жылғы Сидней олимпиадасында алтыннан алқа таққан Ермахан Ибраимовты, күміс жүлдеге ие болған Ислам Байрамуков пен Болат Жұмаділовті атауға болады, осының алдында ғана, 1999 жылы Б.Жұмаділов әлем чемпионы атанған болатын. Ал 2004 жылы Афиныда өткен олимпиадада Бақтияр Артаев алтыннан алқа тағып, еліміздің абыройын асырды. Біз олардың бәріне жұртшылық атынан сый-марапат жасап, құрмет көрсеттік. Осылай жалғаса беретін мысалдар баршылық. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген мақал бар емес пе? Бүгінгі мен сөз еткен шаруалар, шаралар облыс басшылығының қолдауымен, әріптестерімнің бірлесуімен, барша жұрттың атсалысуымен мүмкін болған тірліктер. Солардың қатарында әкімдік құрылымдарының басшылары қызметінде болған Б.Егембердиева, К.Әбдікешева, Т.Әбілдаев, Б.Жетібаев, М.Смайылов, М.Дүйсембаев, М.Берік, К.Тоғызбаева, К.Олжабаев сияқты өз ісін жақсы білетін басқа да қызметтестерімді ілтипатпен айтып жүремін.
– Сұхбатымызды түйіндеуге бір сұрақ. Облыстағы жалпы жағдайға зер салып жүресіз бе? «Бәрекелді» деп айтатындай назарыңыз ауған нәрсе не? Қандай тілек ойға оралып тұр?
– Облыста соңғы жылдары үлкенді-кішілі жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Кеше ғана десек болады, Мемлекет басшысының Қытай жерінен онлайн қатысуымен Шуда бірлескен өндіріс бастау алды. Мұның бәрі өте құптарлық, тіпті қуанарлық іс. Өйткені тұрақты жұмыс орындары көбейген сайын халықтың тұрмысы жақсара түседі. Басқа бағыттарда да, оның ішінде маған жақын салаларда көңіл көншітетін оң өзгерістер бар. Іске білікті, алғыр жас буын кіріскен кезең ғой. Әрдайым туған жердің түтіні түзу шыққанын тілеп жүреміз.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
«Еңбек еткенде қарапайым ережені сақтау маңызды»
- 4 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




