«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Қызыл сызыққа» өткен нысандар неге бұзылмай тұр?

«Қызыл сызыққа» өткен нысандар неге бұзылмай тұр?
Автор
Бас жоспар кез келген шаһар үшін үлкен маңызға ие. Бір сөзбен айтқанда, бұл құжат – қала құрылысының егжейтегжейлі жоспарлануының, сәулет құрылыстары композициясының, жол айрықтар мен автомагистралдардың негізі. Ал осылардың барлығы дерлік тиімді жоспарланса, онда тұрғындар үшін өмір сүру қолайлы болмақ. Жалпы, қала құрылысының негізгі құжаты – сол мекеннің болашақтағы тұрақты дамуы мен сапасын белгілейді. Әйтсе де, бір ғана Тараз қаласында «қызыл сызық» нормаларын бұзған нысандарды көптеп кездестіруге болады. Мұндай жайт Т.Рысқұлов, Қордай және Талас аудандарында да тіркелген. Бұл жөнінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте кеңінен сөз болды.

Басқосуда ең әуелі облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Әлібек Аманбай баяндама жасап, заңсыз нысандарға қатысты дәлел мен дәйектерді сот органына жолдап, тиісті шаралар қолдануы қажеттігін атап өтті.

– Елімізде «қызыл» сызықтар «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңымен айқындалып, реттеледі. Бүгінгі күнде облыс бойынша 152 құрылыс нысаны мен сауда дүңгіршектері анықталды. Оның 113-і Таразда, қалғаны Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас және Шу аудандарында. 152 нысанның ішінен 7 нысанға тиісті шара қолданылып, алынды. 56 нысанның, яғни Тараздағы 53, Сарысудағы 3 нысанның құжаттары рәсімделген, ал 5 нысан бойынша сотқа дейінгі ескертулер мен талап-арыздар ұсынылды. Қалған 84 құрылыс нысаны мен сауда дүңгіршектерінің рұқсат құжаттарына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заң аясында тиісті шараларды қабылдау қажет.

– Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі №118 мекенжайындағы «BeshBQ» кафесінің ғимараты Қонаев көшесінің бойынан 17 метрде орналасып, «қызыл» сызық нормасын 13 метрге бұзған. Жер учаскесінің көлемі 0,0609 гектарды құрайды. 2024 жылы Тараз қаласы әкімдігі тарапынан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «қызыл» сызық нормасын бұзған жапсарлас және екінші қабатта өз бетінше жүргізілген құрылысты бұзу туралы талапарыз жолданыпты. Талап-арыз толығымен қанағаттандырылып, сот органының шешімімен нысанды меншік иесі өз есебінен бұзуға міндеттелген. Алайда меншік иесі сот органының шешімін орындамауына байланысты қала әкімдігі тарапынан оны бұзу туралы талапарыз жолданып, сот бұл талапты қанағаттандырды. Ендігі кезекте сот органының анықтамасына сәйкес қала әкімдігі тарапынан бұзу жұмыстары жүргізілетін болады. Осы ретте Тараз қаласы әкімдігі мен Қордай, Т.Рысқұлов, Талас аудандары тарапынан бақылау күшейтіліп, сотқа дейінгі зерделеу жұмыстары жүргізілуі керек, – деді спикер.

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, бүгінгі күні облыс көлемінде 51 нысанның құрылысы бақылауда тұр. Оның 35-і Тараз қаласында болса, 16- сы аудандарда. Ол өз сөзінде облыс орталығының өңін кетіріп, сұрын қашырып тұрған 2 нысан түгелдей сүрілгенін жеткізді. Сондай-ақ Тараз қаласындағы 12 нысанның үшеуінде құрылысмонтаждау жұмыстары толық жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Осы уақытқа дейін 25 нысан пайдалануға берілсе, оның 15-і қалада, 10-ы аудандарда. Бұдан бөлек, 3 нысан мемлекет меншігіне қайтару сатысында, ол бойынша барлық құжаттар тиісті орынға жолданды. Сонымен қатар Байзақ, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас, Шу және Қордай аудандарында бірбір нысанның құрылысы тоқтап тұр. Шу ауданындағы нысанның «сақалды» құрылысқа айналғанына 7-8 жыл болды. Иесі Жоғары сотқа шағым жасап, ол бойынша да шешім мемлекет пайдасына шыққанымен құрылысы әлі қолға алынған жоқ. Сондықтан аудан әкімдігіне шара қолдану туралы тиісті хат жолданды. Қордай ауданында да жеке адамның тапсырысы бойынша салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үй құрылысы көптен бері тоқтап тұр. Талас ауданы, Қаратау қаласында орналасқан бір ғимарат бойынша да сараптамалық қорытындылар алынып, қаржы мәселесі шешілмеуде, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Жиын барысында аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Т. Рысқұлов және Шу аудандарында кейбір елді мекендердің бас жоспарларын цифрландыруға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілмегенін сынға алып, бұл мәселе былтырғы сәуір айында Үкімет отырысының хаттамасында тапсырылғанын жауаптылардың есіне салды.

– Бұл Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы. Дегенмен Жамбыл ауданында – 6 , Жуалыда – 7, Мойынқұмда – 15, Т.Рысқұлов ауданында 7 елді мекеннің бас жоспары әлі күнге цифрландырылмаған. Мұның себебі неде? – деген облыс әкімі Тараз қаласы және тиісті аудан әкімдерінен аталған кемшіліктер бойынша жеке-жеке жауап алды. Басқо су соңында Ербол Қарашөкеев жауаптыларға цифрландыру ісін жеделдету, орын алған кемшіліктерді жедел жою, «сақалды» құрылыс иелерімен келіссөздер жүргізіп, құрылысты жандандыру секілді бірқатар тапсырма берді. Ал нақты нәтиже көрсетпегендердің жауапкершілігі жыл аяғында қолданыстағы заңға сәйкес қаралмақ.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар