«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жауапкершіліктің жүгін жанкештілікпен арқалаған

Жауапкершіліктің жүгін жанкештілікпен арқалаған
Автор
Бала кезімізде болашақта кім боласың деген сауалға біріміз мұғалім, ал біріміз – дәрігер боламыз деп шулап жататын едік. Расында біздің бала кезімізде осы мамандықтардың қадірі жоғары болатын. Қазір де осал емес. Дегенмен, дәрігер боламын деген қатарларымыздың біразы «ой, оның оқуы көп екен» деп басқа мамандық таңдаған еді. Ал замандасымыз Зулфия Әлиева әу бастағы арманынан танбай, таңдаған мамандығы – дәрігер болып бүгінде ел алғысына бөленіп жүр.

Зулфия Әбуғалиқызы бүгінде облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының химиотерапия бөлімінің меңгерушісі.

Жан сыздатқан ауруына ем іздеп келген науқастардың көңіл-күйін аулап, өз таңдаған мамандығының кәнігі маманына айналған Зулфия – жоғары санаттағы дәрігер химиотерапевт. Онкология-химиотерапия бойынша мамандандырылған, сапалы көмек көрсету жөнінде барлық қажетті практикалық қабілеттерді игерген дәрігер. Мектеп бітірген соң арманы алып ұшқан кейіпкеріміз Жамбыл медициналық училищесін акушер мамандығы бойынша 1995 жылы бітіріп, сол жылдардағы Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылында аудандық ауруханада еңбек жолын бастайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, дәрігер мамандығы көп білімді, тынбай ізденуді талап ететін аса аяулы мамандық. Осыны ескерген Зулфия Әбуғалиқызы Алматы мемлекеттік медициналық институтына түсіп, оны 2001 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдап, 2001-2002 жылдары Қазақ халықтық медицина университетінде терапия бойынша интернатурадан өтеді. 2003-2014 жылдар аралығында Жамбыл облыстық онкология диспансерінде химиотерапевт болды. Ал соңғы 11 жыл жоғарыдағы денсаулық сақтау мекемесінде үздіксіз еңбек етіп келеді. Білікті маманның еңбегі де ескерусіз емес. 2017 жылы ҚДенсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

– Еңбектің өтелуі де, өтеуі де еңбекпен келеді ғой. Тынымсыз еңбектің рахатын еңбегің бағаланғанда білесің деп тәрбиеледі ата-анамыз. Әкем осы «аты жаман» аурудан қайтыс болған. Сондықтан бала кезден дәрігер болуды армандадым. Екі әпкем медбике болып еңбек етті. Әсіресе, үлкен әпкем Сейсеп Әбуғалиқызының ықпалы көбірек болды. Ол аудандық туберкулезге қарсы диспансерде бас медбике болып еңбек етті. Сөйтіп, осы дәрігерлік жолды өзіме серік еттім. Қазір үлкен қызым Аяжан менің жолымды қуып, Алматыда С.Асфендияров атындағы медициналық университетінде жетінші курста оқиды. Қызыма бағыт-бағдар беріп отырамын, – дейді Зулфия Әлиева.

Әрине, бүгінгі заман ағымына қарай үнемі біліктілігін арттырып отыру кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымына айналған. Оның үстіне менеджмент және басқару жүйесінің де салаға қажет екенін ескеріп, 2020 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін «Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент.

Экономика және бизнес» магистратурасын аяқтады. Зулфия әсіресе жұмысының онкологиялық науқастармен тығыз байланысты болғандықтан, психологиялық әдістеменің жаңалықтарына көп сүйенеді. Өйткені, атқарып жүрген жұмыс көлемі жоғары кәсібилікті және тәуліктік жан қиярлықты талап ететінін жақсы біледі.

Бүгінде бірнеше халықаралық конференцияларға қатысып, жинақтаған тәжірибесімен жас мамандарға клиникалық жағдайлармен талдау жасауға көмек көрсетіп келеді. Әрине, осындай жауапты мамандықты таңдаған Зулфия Әбуғалиқызының ұжымға қадірлі, ортасына сыйлы болуына отбасы да қолдау көрсетіп келеді.

Өмірлік жары Шәкен Жұманқұлов энергетика саласында еңбек етеді. Жоғарыда айтқанымыздай, үлкен қызы Алматыда жоғары білім алып жүрсе, ұлы Әлихан Астанада С.Сейфуллин атындағы аграрлық институттың екінші курс студенті. Ұлы да, қызы да мемлекеттік грант иегерлері. Ал кенжесі Айсара №1 гимназияның 9-сынып оқушысы.

Жұмысы қауырт, жауапкершілігі жоғары маман иесі Зулфия Әлиева науқастардың алғысына бөленіп жүрген жан. Оны осы бөлімге бас сұққаннан байқайсыз. Кезекті науқастың жайын анықтау үшін дәрігерлер консилиумына асыққан Зулфия Әбуғалиқызы жол-жөнекей әр палатадағы науқастардың көңілкүйін сұрап бара жатты.

 

 Ерман ӘБДИЕВ.

Ұқсас жаңалықтар