Ол ар сотына түскен жаһил жанның қан қысымы мен жан азабын:
«Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.
Кейде ыстық қан басып кетеді оны,
Дөңбекшіген түнде де тыншыға алмай.
Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,
Еркелік пен достықты ауыр көрген.
Ақылы жоқ, ары жоқ шуылдақты Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.
Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп,
Осы күнді күн демес қарғап, міндеп.
Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,
Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп.
Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын,
Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін.
Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап,
Кетірер деп мазақтап беттің арын.
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін тығып ішке, ол білдіре алмай.
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығара алмай», – деп суреттейді.
Абай: «Білімдіден шыққан сөз» өлеңінде «...Жүрегі – айна, көңілі – ояу» десе, «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңінде:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі.
Тыңдағыш қанша көп болса
Сөз ұғарлық кем кісі», – деп оқырманына ой тастайды.
Бәрі ақиқат. Жүрек – адам бойындағы ең нәзік, сезімтал, өмір бойы бір тынбай лүпілдеп соғатын ерекше керемет ағза. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?!», – деп дана Абай айтқандай, адам өмірінің көзі осы жүрек екеніне дау жоқ. Адамды ізгілік пен жақсылыққа үндейтін де, қылмыс пен жамандыққа итеретін де – жүрек.
Адам жанын бірде қинап, қайғы мен қасірет дәмін тарттыратын, бірде қуанышқа бөлеп, адам көңілін шаттыққа толтыратын да – жүрек. «Махаббат іздеп талпынар, Асау жүрек алқынар» деген Абай – адамды бақытқа бастар жол, олардың бір-біріне деген ыстық сезімі деп түйеді.
Енді бір сөзінде Абай жүрекке байланысты: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім. Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!», – деп тебірене шер төгеді. Иә, жүрек жайлы қай ақын төгілте жыр жазбады, қай әнші ән салмады?
«Сарыла отырып санап шыққанымда, Абай өзінің шығармаларында «жүрек» деген сөзді 167 реттен аса қолданыпты. Ал сол «жүректің» баламасы не ауыспалы мағынасы ретінде қолданылған көңіл, көңіл кірі, кірлі көңіл, күпті көңіл, бұла буын, ысынған кеуде, булыққан тұла бой, жан, тән, тағы да басқа телімдерді қоссақ, оның саны екі еселенбек. «Телміріп, терең ойдың соңына» түсіп, тек «жүректің» өзін ғана Жүрек-Қалб философиялық жүйесінің ұғым-категориялары туралы оқымыстылардың арлы-берлі айтылған ойларымен салыстырып қарағанымызда, бұл 167 жүректің 167 түрлі мағына мен көңіл-күй ауанын беретініне көзіміз анық жетті.
Келтірілген: «Орныққан жүрек», «жылы жүрек», «ауру жүрек», «жаралы жүрек», «күйген жүрек», «сүйген жүрек», «қалыпты жүрек», «кірлі жүрек», «ғаділетті жүрек», «таза жүрек», «тән жүрек», «жан жүрек» «айна жүрек», «жүрек айнасы», «жүректің көзі», «ұйықтап жатқан жүрек», «кірлеген жүрек» сияқты, тағы да басқа тәмсілдердің барлығы жай қисынды сөз, қиынды ұғым, әдемі теңеу, не ойды шендестіру ғана емес, сонымен қатар мұндағы әр ұғым жеке-жеке философиялық категория. Әр ұғымның өзіне тән анықтамасы, қалыптасқан қағидаттары, қамтитын шек-шекарасы, дербес мазмұны бар.
«Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақта», «жүрекке бір сәуле жан рахаты боп құйылған кезде», «ұйықтап жатқан жүректі (өмір аңсары) ән оятады». Сөйтіп, «Көңіл құсы шартарапқа құйқылжып, Адамның ойы түрленіп»: «Құдай-ау, бұл көңілім, Күн бар ма бір тынар?» деп сілкінеді. «Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжытып, жүректі тербейді, миды оятады». «Кейі зауық, кейі мұң, тәтті үн дертіңді қозғап, жас балаша көңілді уатады». «Мұңмен шыққан тәтті күйге жылы жүрек қозғалады», – деп жазады белгілі алаштанушы, жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай Абай шығармаларына терең сараптама жасай отырып.
«Ақылды, сөзі майда асыл жүрек»: «жүректі – ізі кетпес қызық пен жақсылыққа бөлейді». «Жаралы болған жүректі дауалап», «сынық көңілін жамайды». «Жүрек – ақылдың сауыты». Содан кейін, «Көңіліне түрлі ой түсіп, әр тереңге нұсқайды». Шамырқаныпқомданып, өзін-өзі: «Енді аяңда, жығылма, Сыймас жерге тығылма, Қой бұрынғы желгенді! Қайғы шығып иыққа, Қамалтпасын тұйыққа, Сергі, көңілім, сергі енді!
Балапан құстай оңдалып, Қанатыңды қомданып, Жатпа ұяда, қорғанып, Ұш, көңілім, көкке, кергі енді! Көңілде қайғы, қалың зар, Айтатұғын сөзім бар, Салсын құлақ ұққандар, Өрбі, сөзім, өрбі енді! Іште қайғы дерт пысып, Көкіректі өрт қысып, Айтуға көңілім тербенді», – деп шабыттандырады Абай.
«Сылдырлап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін,
Тұра алмас әсте жуынбай».
«Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек.
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Тағы бір жыр жолдарында:
«Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.
Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл – күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,
Арын, алқын – бұл күннің мәртебесі», – деп жырлаған ақын жүректің адамның рухани өміріндегі орнын орынды бағалайды.
Абай «Он жетінші қара сөзінде» жүректі былайша сөйлетеді: «Мен – адамның денесінің патша¬сымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп, еритұғын – мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын – мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің барлығы менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не?».
Бір сәт зер салып, көңіл аударыңызшы. Қандай керемет тауып айтылған, философиялық мәні зор, жүректен жүрекке жететін салмақты, образды жыр мен сөйлемдер?! Жалғыз бір ғана жүрек туралы қаншама тағылымы мол, баға жетпес сөздер бар? Әрбір саналы адамның жүрегіне ұялайтын, тауып айтылған тамаша нақыл сөздер емес пе?
«Ауру адамның» ар-ұяты өртенген, кеудесінде ар-ожданның күйігі қалған. Арлы емес, бірақ арсыз болудың амалын таппайды. Ұстамдылық, сабыр, қанағат, тәуба, төзім жоқ. Күнәһар болса да, күнәсіз боп көрінгісі келетін қылымсыған алмағайып күн көрістің иесі. Өлі де емес, тірі де емес, алмағайып тірі өлік». Міне, Абайдың бір «ауру жүрек» ұғымының өзінде осыншалықты фәни мен бақидың арасын қамтитын астар жатыр.
«Ақыл мен қайратты бір сәт қалыс қалдыра тұрып, оның тек қана «жүрек» сөзі мен ұғымын қолданудағы психологиялық желісі мен ой ырғағын ғана қарастырсақ, «жүрек» ұғымы оның көркем бейнелеу жүйесінде соншалықты тиянақты сыпатқа ие екендігін аңлау қиынға соқпайды», – дейді профессор Тұрсын Жұртбай.
Онысы рас. Осыдан кейін Абайдың талантын мойындап, оны аса дарынды ой иесі, асқақ, қайталанбас тұлға, философ-гений деуімізге толық хақымыз бар. Жүрек жайлы жазылған тағы бір әдемі жырдың иесі – көрнекті қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев.
Ол жүрек туралы көктемнің жылы шуағындай, оның себелеп жанға жайлы мөлдірей жауған жауынындай етіп былай деп жыр төгеді: «Қалай-қалай соғасың, қан жүрегім?!
Соғасың, әлі өмірің бар білемін.
Дем ала ғой, байғұсым, дем ала ғой,
Бұл тірлікте құмарым қанды менің.
Қалай-қалай соғасың, қан-жүрегім?!
Білмеймін, қанша өмірім қалды менің.
Торға түскен торғайдай боп барасың,
Қаршығадай самғаған алғыр едің...
Өртенбей қалып едің от-жалыннан.
Көздеп атқан кімдердің оқтарынан.
Қорқамын, қорқам сенің, қан-жүрегім,
Қалжырап ойпы-тойпы соққаныңнан».
Мұқағалидың бұдан бөлек «Дариға жүрек» деген шығармасы бар. Онда ақын көркем тілмен адамның ішкі тазалығының, ар-ожданының қаншалықты маңызды екенін асқақтата көрсетеді. ХХ ғасырдың басында танымал ақын Мағжан Жұмабаев: «Жүрегім, мен зарлымын жаралыға, Сұм өмір абақты ғой саналыға. Қызыл тіл – қолым емес – кісендеулі, Сондықтан, жаным күйіп, жанады да», «Әлі-ақ кетер жүректен – от, күш – бойдан», «Ессіз жүрек тулады, бермеді ырық, Ақыл сорлы ере алмай, қалды тұрып.
Ессіз жүрек, бөгелші бір азырақ, Отыз тұр ғой үңіліп, арты – қырық!», «Сұм жүрек сол қызметімді ақтадың ба?», «Ессіз жүрек аспанға қол сермеді, Ессіз жүрек ақылға жол бермеді», «Мені атама, бұл жүрек – жынды дерсің, Ұмтылған аламын деп, Күнді дерсің», – деп күңірене келіп: «Дариға, сол күндерде күнім қараң, Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған: Болғайсың сыншы болсаң, әділ сыншы, Кінәні жүрекке қой, қойма маған!», – деп басына салған өмір туқыметін суреттеп, ақталғандай болыпты.
Ал орыстың жазушысы Федор Достоевскийдің: «Адам бойындағы бағалауға лайық қасиет – ақыл емес. Қайта сол ақылды басқаратын қасиеттер: мінез, жүрек, мейірімділік, таза ой» деген керемет сөзі бар. Міне, осылай жүрек туралы сан түрлі толғаныстарды оқи отырып, еріксіз ойға кетесің. Заманымыздың шебер суреткері Шерхан Мұртаза ағамыздың «Жүрекке әжім түспейді» деп аталатын жан сырын сүйсіне оқып отырғанда, жүрек деген әзізге жыл он екі айдың 365 күнінің бәленбай сағаты мен түгенбай минөтінде батпандаған салмақ түсетінін ұмытып кете береді екенбіз.
Расында, адам дүние есігін ашқаннан бақилыққа аттанардағы соңғы демін алғанға дейін тынымсыз жұмыс істейтін бұл ағзаның құдіреттілігінде шек жоқ. Ойланып көрсек, кеудеміздегі көлемі жағынан 250-300 грамдық жұдырықтай нәзік әрі сезімтал жүрегіміз жай кезде минутына орташа 70 рет соғады екен. Ендеше, ол сағатына – 4200, тәулігіне – 100800, айына – 3 миллион 24 мың, жылына 36 миллион 288 мың рет соғады емес пе? Сонда елу, жетпіс, сексен жасқа келген кісінің жүрегі туғаннан бері қанша рет соғады?! Ол қанша көлемде қан айдайды? Бүкіл бойымыздағы қан тамырларына қан айналымын.
қамтамасыз ету жеңіл қызмет емес. Ол – біз әңгіме етіп отырған жұдырықтай жүректің басты міндеті, басты мақсаты. Керемет таңғажайып, таңғаларлық дүние! Демек, адамзат қиялында жүрекке «әжім» түспейтіндей көрінгенімен, өзіміздің де «жүрек қартаймайды» (көңіл деп те түсініңіз) дегенге құмбыл екенімізді жан дүниемізбен сезінгенімізбен, нәзік жүрекке тонналап жүк түсетінін мойындау керек.
Қандай ғажап шыдамды да қуатты ағза! Оны тіпті «адам бойының патшасы» деп те жатады. Онысы орынды да. Халық арасында қаншама ертегілер, аңыз әңгімелер, қанатты сөздер, жауһар жырлар, сазды әндер бар. Мысалы, батыл, ержүрек азаматтарды «Жүрек жұтқан батыр» деп атайды емес пе? Сондай-ақ «Әркімнің иманы жүрегінде», «Өмірді жүрегімен сезіну», «Жүрегі – таза, ойы – азат», «Жүрегім ән толғайды», «Жүрекке әмір жүрмейді», «Жомарт жүрек», «Мейірімге толы жүрек», «Жүрегінде айнасы бар», «Ғашық жүрек», «Жүрегім сізді қалады», «Жүрек жылуы», «Жүрек қалауы сол болды», «Жүрекпен шешім қабылдады», «Жүрегімен сөйлесіп, жүрегімен сырласады» және де басқа жүрек жайлы мағыналы да қанатты сөздерді пайдаланбаймыз ба? Тағы бір есте қалған әннің бірінде «Жүрегім сенде, жүрегім сенде. Жүрексіз қалай жүр дейсің...» делінсе, енді бірінде «Жүрегім сені қалайды, Өзгелер сендей бола алмайды», деп ыстық сезімін әнмен жеткізеді. Ән әлемін сараптап, ой елегінен өткізіп көрсеңіз, кеудеміздегі кіп-кішкентай, жұдырықтай ғана тынымсыз лүпілдеген жүрек жайлы жанға жайлы, көңілге сіңімді талай керемет әндер бар екен. Иә, жүрек деген ерекше ағза, ол нәзік сезімнің, парасаттың мүшесі екенін еріксіз мойындаймыз. «Өмірдің кілті – жүрек» деген де ұғым бар халық арасында.
Жүректің маңыздылығын ескере отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйымдастыруымен 29 қыркүйек – Дүниежүзілік жүрек күні болып бекітілген. Ойланыңызшы, «бауыр күні», «бүйрек күні», «ми күні», «көкбауыр күні» және де басқа ағзалар күні деген түсінік бар ма? Әрине, жоқ. Осының өзі адам үшін жүректің ерекше қасиетін, зор қызметін көрсетіп отыр. Қасиетті Құран Кәрімде жүрек жайлы 132 жерде айтылады екен. Бұл жүректің маңыздылығын аңғартса керек. Сол үшін Алла Тағала адам баласының иманды яки имансыз болуының, таза яки күнәһар болуының басты себебін адам баласының жүрегіне байланысты екендігіне назар аудартады.
Жүрек – адам баласының дене мүшелерін, санасезімін басқаратын орталық. Адам бойындағы ағзалар осы орталықтан алған бұйрық бойынша әрекет етеді. «Егер жүрек иманға, ар-ұятқа, мейірімділікке ұяласа, адам баласының бойында имандылық, көркем мінез-құлық көрініс табады. Ал жүректе күпірлік, қатыгездік мекен етсе, адам бойында имансыздық, теріс іс-әрекеттер пайда болады. Осы себепті адам баласы ақыретте жүрегіндегі түрлі дерттер үшін де жауап береді», – делінеді қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 36-аятында.
Тағы бір жерінде: «Пенде бір қателік істеген кезде жүрегінде қара дақ пайда болады. Егер құл күнәні қайталап істемей, кешірім тілеп тәубе етсе, жүрек нұрланып шығады. Ал қателік (күнә) істегенді доғармай жалғастырса, қара дақтар көбейе түседі де, ақырында жүректі түгелдей қаптайды. Адам баласы жасаған әрбір жақсылығы оның жүрегін нұрландырады. Әдетте, біз біреуге көмек көрсетіп, қуаныш сыйлайтын болсақ, жүрегіміз жұмсарып, көңіліміз жай табады», делініпті. Ислам әлемінің ғұламасы Аид әл-Қарни жүрек туралы былай деп жазыпты: «Кісідегі бағалы һәм лайықты нәрсе – оның жүрегі. Ол жаратқан туралы біледі, оған ұмтылады және оны сүйеді. Жүрек – иманның және білімнің ошағы...
Жүрекке ең қымбыт нәрсе – иман және ақыл-ой тарту етілген, дененің қалған барлық бөліктері оған ереді. Ол оларды қожайын қызметкерлерін пайдаланғандай пайдаланады» (Аид әл-Қарни. Мұңайма! Бақыттың бұлағы және қайғы-мұңның дауасы. Аударған Қанат Сұлтанбекұлы. Алматы, 2019, 152-бет). Шығыстың философ ғалымы Әбу Мұхаммед әл-Ғазали (1059-1111) «Жүрек – адам денесінің барлық мүшелерімен байланысты және мемлекет әміршісі сияқты оларға билік жүргізеді», – дейді.
Мойындауымыз керек, адамның игі қасиеті жүректен шығады, жақсылыққа қуанады, жамандықтан жиренеді. Ақиқат тапқан жүрек алдамайды, алаламайды, адалдықтан айнымайды. Қазір қоғамда бір беймазалық бар. Ол неден? Сіздің жүрегіңіз тыныш па? Ол неден тыныштық табады? Жүрек қайғырса өміріңіз баянды болар ма? Жаның тыныштық таппаса, ісіңде береке бола ма? Адам баласы қайтсе, бейғам бола алады? Жүректің көзін дүниеге байлағандар неге көбейді? Сұрақ аз емес... «Нағыз бақыт жүректің тыныштығында», – дейді халық.
Мұныменен, сірә, келіспеуге болмас. Бірбірімізге деген жүректегі ыстық ықыласымызды, таза сезімімізді, ерек махаббатымызды, ең сезімтал және нәзік жүрек лүпілін суытып алмайықшы, ағайын! Лайым, баршамыз рухани кеселден алыс болып, жүрегіміз бауырмалдықпен, жақсылықпен нұрланып тұрса ғой, шіркін! Барлығымызға мына беймаза өмір жүрек тыныштығын берсін! Жүрекке салмақ, сызат түспесін!
Сағындық ОРДАБЕКОВ
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ерте анықтау – аурудың алдын алады
- 4 желтоқсан, 2025
Ұзақ өмір сүргіңіз келсе, жүйкеңді сақта
- 29 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




