«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отыз жыл өтсе де «құл базар» әлі құрыған жоқ...

Отыз жыл өтсе де «құл базар» әлі құрыған жоқ...
Автор
Тіршіліктің мәні – табыс. Яғни, жұмыс істеген адамның табысы да бар, сыйы да бар. Бірақ сол жұмысты әркім әрқалай табады. Біреуге табыла кететін жұмыстың келесі адамға табылмай, зарықтырып қоятыны бар. Сосын адамдар екі қолға бір күрек деп күнделікті табыс табатын жұмысқа шығып кететіні бар. Сондай жұмыс іздеген адамдардың тұратын орны Тараз қаласындағы «Мөлдір», «Гауһартас» мейрамханаларының жаны. Бұл жерді көпшілік «Құл базары» деп те атап кеткен.

Мұнда жүзге жуық ер азамат, қырықтан астам әйел кісілер жұмыс табу үшін тұратыны рас. Бірақ біреуі ерте, бірі кеш табылған жұмыстарға кетіп жататындықтан, олардың саны соншалықты көп екені де байқала бермейді. Кейбір кісілер осы «Құл базардағылар» теңгені қырып тауып жатыр деп те ойлайды. Әрине, жүзге жуық азаматтың ішінде қолы майлы, тірлікке икемді жақсы табыс табатындары бар шығар. Бірақ көпшілігінің қолына тиетіні күнделікті күнкөріс көлеміндегі ақша. Біз осы маңдағы жұмыс сұраушылардың бірнешеуін сөзге тарттық. Бірақ ешқайсысы аты-жөндерін көрсеткісі келмейді. Амал жоқ, аты-жөндерін өзгертіп жазып отырмыз.

Мәселен, Баймырза Ақыловтың айтуынша, мұнда шекесі шылқыған ешкім жоқ.

«Мен осы жерде тұрғалы 18 жыл. 4 ұл-қызым бар. Бізді ақшаны күреп алады деп ойлайтындар бар. Өзіңіз есептеңізші. Тәулігіне 10 мың теңге төлейтін жұмыс шықса қуанамыз. Ол бірақ өте ауыр жұмыстар. Қай қожайын қалтасынан оңайлықпен ақша шығарады? Күн батқанша дамыл таппайсың. Түскі асты біреуі береді, біреуі бермейді. Әуелі келісіп алып, жұмысы біткен уақытта алдап кететіндер де бар. Келіскеннің жартысын ғана төлейтіндер де аз емес. Талайымен дауласып, шырылдап жатып ақымызды әрең аламыз. Уәдеде тұрып, келіскен бағаны беретіндер әр бес адамның біреуі ғана. Біз тұратын орынға талай журналист келді. Бірақ Тараз қаласы әкімдігінен немесе жұмыс беруге қатысты мекемелерден бір қызметкер келген емес. Мен ондай галстук таққан кісілерді кездестірген емеспін», – дейді.

Ал 8 баласы бар бір жас келіншек есімімді көрсетіп жаза беріңіз деді. Дегенмен сол есімге ұқсатып Сая Сапарова деп өзгертіп атадық. «Күйеуім бөлек кеткен. Ол кісіге отбасының жағдайы, балалардың қамы бес тиын. 8 балама тәулігіне 8 мың теңге тамаққа кетеді. Қазір азық-түлік те қымбат. Үйдің қасындағы дүкенге 80 мың теңгеге дейін қарыз болып, атаулы әлеуметтік көмек ақшадан беріп тұрамын. Бірақ өз қалтамда көк тиын қалмайды. Кіші балам екі жаста. Соларға қарауға да уақыт жоқ, азанмен осы жұмысқа, тиын табуға асығамыз. Мұнда уыс-уыс ақша жоқ. Тәулік бойы жұмыс істетіп қожайындар 3 мың теңге, мырзалығы ұстағанда 5 мың теңге бергілері келеді», – деді.

Ал өзін «Ләззатпын» деп таныстарған кісі 25 жылдан бері осы орында тұрады екен. Жалпы бұл орын 1995 жылдан бар. Яғни, жұмыс іздеген адамдар 30 жылдан бері осында.

«Қазір адамдар әртүрлі. Біздерді қорлап пайдаланғысы келеді. Мәселен, өткенде Сая екеуміз ит бағатын орынға жұмысқа бардық. 50 иттің былғаған жерлерінің бәрін тазаладық. Жүрегіміз айнып, кешке дейін әрең шыдадық. Сол еңбегімізге 5 мың теңге ғана алдық. Сөйтсек әр итке төленетін жақсы ақша бар екен. Жаңылыспасам, ит басына 50 мың теңге төленеді. Сондайды естігенде бізден иттің жағдайы жақсы ма деп те ойлайсың. Байлар бізді жұмысқа шақырғанымен, менсінбей, қорлап, түскі асты далаға бергізеді. Байлардың моншасында отырып түскі ас ішкен күніміз болды. Байлығы бар немесе қызмет істейтін кісілерге қарағанда қатардағы қарапайым кісілер жақсы. Олар келіскен ақшаны береді және түскі асты өздерімен бірге отырып ішеміз. Шын пейілмен жақсы түскі ас дайындайды. 40 жасқа толмаған жас келіншектерге жұмыс тез табылады. Менің жасым 57- де. Сондықтан табылған жұмысқа бара беремін. Зейнетке шығуыма төрт жыл бар. Сол төрт жылды асыға күтіп жүрмін. Біздің көрген күніміз осындай», – дейді ол кісі.

Біз осы орайда Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гауһар Олжабаеваға хабарласқан едік. «Бұл мәселемен «Еңбек мобильдігі» орталықтары айналысады» деп жауап берді. Ал облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Еңбек мобильдігі» орталығының бас маманы Гүлнар Тұрсынбекқызы нақты жауап берді.

«Біз сол жұмыссыздар отыратын орынға үнемі барып, оларға түрлі қоғамдық жұмыстарды ұсынып тұрамыз. Қоғамдық жұмысқа орналасса, айына 117 мың теңге жалақы Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы төленеді. Зейнетақы қорына ай сайын ақшасы аударылып отырады. Ол да зейнетке шыққанда өте қажетті көмек», – дейді ол.

Бізге түсініксіз болғаны, «Еңбек мобильдігі» орталығының өкілі аталған орынға барып тұратындарын айтса, жұмысшылар үлкен жақтан ондай ешкімнің келмегенін тілге тиек етті. Қалай десек те күн сайын сол орынға жұмыссыздар жетіскеннен барып жүрген жоқ. Азық-түлік, киім бағасы қымбаттап барады. Әйтеуір сол жұмыс тапсам деп барған азаматтарға ақшасы мен адамгершілігі мол жұмыс иелері кездессін деп тіледік.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар