«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қос зауыттың құрылысы басталды

Қос зауыттың құрылысы басталды
Автор
Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған Жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестиция тартудың аса маңызды екенін атап өткен болатын. Президент «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасын алға тартып, әлемдік деңгейде капитал үшін бәсеке күшейіп тұрғанын, мұндай жағдайда батыл әрі жедел шешімдер қабылдануы тиіс екенін баса айтты. Жалпы, биыл біздің елге 25 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл үшін өңірлерде арнайы бағдарламалар қабылданып, шетелдік инвесторлармен тікелей жұмыс күшейтілуде.

Бүгінгі таңда Жамбыл жерінде де бұл бағытта бірқатар іргелі істер қолға алынған. Президент тапсырмасына сәйкес, аймақта инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Мәселен, бірер күн бұрын Байзақ ауданында жылына бір миллион тонна қант қызылшасын өңдейтін заманауи қант зауытының қазығы қағылды. Салтанатты рәсімге өңірімізге жұмыс сапарымен келген Ауыл шаруашылығы минист рі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Олар ең әуелі қант зауыты салынатын аумақтағы «Талап» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабына барды.

Шаруашылық иесі Маут Фазуловтың айтуынша, мұндағы қызылша алқабы 35 гектарды құрайды. Қант зауытына аталған және тағы да бірқатар шаруашылық жер берген көрінеді. Іс-шара барысында министр еліміз бойынша тәуелсіздік алған жылдардан бері алғаш рет салынып жатқан қант зауыты екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізуіміз қажет. Қазіргі уақытт а бұл көрс еткіш 50 пайыз деңгейінде. Сондықтан бұл бағытта атқарылар жұмыс ауқымды. Осы межеге біз жергілікті жердегі шаруа қожалықтар мен ауылшаруашылық саласы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын іскер азаматтарды қолдау арқылы қол жеткізе аламыз. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан лайықты көмек көрсетілуде. Соның арқасында былтыр Жамбыл облысының қызылша өсірумен айналысатын шаруашылықтары үлкен жетістікке жетіп, қызылшадан рекордтық өнім алды. Жергілікті фермерлер өз әлеуеттерін, қызылша өсіру қолдарынан келетінін көрсетті. Бірақ оны өңдеуге келгенде біз біршама қиындыққа тап болдық. Көрші мемлекеттің көмегіне жүгініп, олардан бізге қосымша өнім өңдеуге көмектесуін сұрадық. Енді міне, осы олқылықтың орнын толтыратын күн де туды. Бұл жобаның қолға алынуын үлкен жетістік деп білемін. Өйткені тәуелсіздік алғаннан бері елімізде бірде-бір қант зауыты салынбаған. Бұл еліміздегі ең бірінші зауыт. Осы сәтті біз отыз жылдан астам уақыт күтіп, қазір жаңа зауыттың қазығы қағылғалы тұр. Президент былтыр қант қызылшасын өңдейтін зауыт салу туралы тапсырма берсе, әулиеаталықтар осы үдеден шықты. Мұнда құрылатын жұмыс орны мен толайым табыс Қазақст анның экономикасына үлкен үлесін қоса берсін деген тілектемін, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Айта кетейік, жобаның инвесторы – қытайлық «Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co.» компаниясы. Ал технологиялық серіктесі – «Oushangyuan Process & Equipment Intelligent Co» компаниясы. Инвестиция көлемі шамамен 200 миллион АҚШ долларына тең. Байзақ ауданының Ақшолақ ауылы маңынан салынатын заманауи қант зауыты жобасының құны 76,8 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың құрылыс жұмыстары барысында 1 200 адам еңбекке тартылады деп күтілуде.

Облыс әкімі өз сөзінде өткен жылы жалпы құны 214 миллиард теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске асырылғанын, ал биыл 161 миллиард теңгеге 26 жоба жүзеге асырылып, 1100 жаңа жұмыс орнын құру көзделгенін атап өтті.

– Жыл басынан бері облыста 13,3 миллиард теңгеге 8 жоба іске қосылып, 184 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025-2028 жылдары жалпы құны 3,5 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сол жобалардың бірі – осы қант қызылшасын өңдеу және қант өндіру зауытының құрылысы. Жалпы құны – 2 0 0 миллион АҚШ долларын құрайтын кәсіпорын аумағында 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт жылына бір миллион тоннаға дейін қант қызылшасын өңдеп, 120 мың тоннаға дейін қант өндіруге қауқарлы. Бұл жоба ауыл шаруашылығының іргет асын нығайтуға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосады. Жоба облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін айқындап, тұрақты даму мен жаңа технологияларды енгізу бағытындағы басты қадамымызды көрсетіп отыр. Биыл облыс көлемінде 640 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, жиналуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артық. Сонымен қатар 2025 жылы қант қызылшасы алқабы 6,6 мың гектарды құрап, 250 мың тонна өнім алу күтілуде. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 4 есеге дейін ұлғайту жоспарлануда. «Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co.» компаниясының бастамасы ауыл шаруашылығына тың серпін беріп, шаруалардың тұрақты табысын қамтамасыз етеді. Тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әлау қатының артуына оң әсерін тигізбек. Жобаны жүзеге асыру үшін Жамбыл облысын таңдап, сенім білдірген осы компанияның басшылығына алғысымды білдіремін, – деді Ербол Шырақпайұлы.

«Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының бас директоры Сяо Анбаоның айтуынша, Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдайлар мен кең мүмкіндіктер бар. Жаңа зауыттың құрылысы агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, қант қызылшасы өндірісін сапалы жаңа деңгейге көтереді. Сондай-ақ дәл осы күні Тараз қаласының индустриялық аймағы алаңында ауыл шаруашылық техникасын шығаруға маманданған жаңа кәсіпорынның құрылысы басталды.

Жобаның инвесторы–«Kaz FM World agriculture machinery» ЖШС (Nuode Network Technology Co., Ltd, Қытай). Өндіріс алаңы – 5 гектарды алып жатыр. Мұнда тракторлардың сан түрін, сонымен қатар тіркеме жабдықтарын шығару көзделіп отыр. Құрылысқа салынған инвестицияның жалпы көлемі 10 миллиард теңгені құрайды. Зауыт іске қосылғаннан кейін жыл сайын 2 000 бірлікке дейін техника шығарылып, 55 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік тумақ.

– Отандық машина жасауды дамыту – аграрлық сектор үшін шешуші мәнге ие. Өзімізде өндірілетін техника шаруаларымызға заманауи құралжабдықтарды қолжетімді етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, өндірістік әлеуетін кеңейтуге жол ашады, – деді өз сөзінде Ербол Шырақпайұлы.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар