«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Алдымен атақ емес, адал еңбек ету маңызды»

«Алдымен атақ емес, адал еңбек ету маңызды»
Автор
Қасиетті Әулиеата өңірінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова келді. Сахна тілі саласының шебер маманы Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының шақыруымен ат басын бұрып отыр. Майталман маманмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Бекзада өнер жайлы бүкпесіз әңгімені оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Сіз мемлекеттік тілдің тазалығымен күресіп жүрсіз. Көбіне театр мамандарымен жұмыс істейсіз. Қандай олқылықтарды байқайсыз?

– Қазір сөз көбейді, көп сөйлейтін адам көп. Бірақ сөздің мағынасы мен тиянағы аз. Әнші де, биші де, күйші де сөйлеп жатыр. Олардың телеарнада бағдарламаларды жүргізуі жаңалық болмай қалды. Осы ретте ойдың тереңдігі, сөз мазмұнының бай болмауы, тілдерінің нәрсіздігі ойландырады. Тіліміз уақыт өткен сайын жұтаңданып барады. «Отырқ», «Тұрқ», «Жатрқ» деген сөздер шықты. «Біз отырмыз», «Келе жатырмыз» десе бірдеңелері кете ме? «Керекпіз», «Сіз солай істеу керексіз», «Ойым солай сияқты» дейміз. «Менің ойым солай» деп нақты айтуымыз қажет. Орыстар «Мне надо» дейді. «Маған керек». Ал біз «Маған керексіз» дейтін болдық. Бұл бәлкім біреуге болмашы нәрсе көрінер. Ал түсінгенге – қасірет. Бабалардан аманат болған қасиетті тіліміздің құнары кетіп барады. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Махамбет, Исатай, Бөлтіріктер сөйлеген ардақты тіліміздің абыройы азайып жатыр. Жоғарыда мен айтқандай шала сөйлеу немесе қазақ тілінде мүлдем сөйлемеу белең алуда. Қазақтың көптеген жас отбасында баланың тілі орысша шығып жатқаны да жасырын емес. Өзінің баба тілін, ана тілін менсінбейтін буын пайда болуда. Мұның барлығы ойланатын мәселелер. Сондықтан тілдің тазалығымен шамам келгенше күресіп жүрмін.

– Кейде қатардан қалмай мамандық алудың өзі оңайға соқпайды. Сіз профессор, академиксіз. Еңбек сіңірген қайраткер атағыңыз бар. Осындай абыройлы белеске қалай жеттіңіз? «Сабақты ине сәтімен дегендей» алдыңыздан жақсы адамдар көп кездесті ме?

– Бір жағдайға бір жағдай себеп болады. Мен өзіміздің Түркістан облысының Бостандық ауданында дүниеге келдім. Ол аудан кейіннен Өзбекстан Республикасына жалға беріліп, қайтадан өзімізге қайтпай қалыпты. Өзекеңдердің айырылмай қалатынындайы бар. Себебі Бостандық деген – табиғаты таулы, жасыл желекке оранған тамаша аудан. Аталған ауданда орта мектепті бітіре салып, еш ойланбастан Алматы қаласына келдім. Қазақтың ортасына асықтым. Басқа мемлекетте қалмаймын деген намыс та бар бір жағы. Қазақ Ұлттық консерваторияның актер мамандығына түсіп кеттім. Ұстазым – Рабиға Қаныбаева. Ол кезде Ғазиза Жұбанова ректорымыз болды. Міне, осындай жақсы кісілер жолымды ашты. Оқушы, студент кезімнен қазақтың бишешендерін, халық ертегілерін, дастанжырларын, классик жазушыларын, орыс және шетел әдебиетін терең сусындап оқыдым. Сол оқыған білімім мені көтеріп тұрды. 1970 жылы консерваторияны бітіріп шықтым. Сол уақытта ұстазым Рабиға Мұқайқызы маған оң бағыт берді. «Актриса болу оңай емес. Актриса болған соң, ең үздігі болу қажет. Мен сенен жақсы ұстаз шығатынын көріп тұрмын» деп ақылын айтты. Сол ақылды тыңдап 55 жылдан бері ұстаз болып, студенттерге сабақ беріп келе жатырмын.

– 55 жыл ұстаз болу – өте қажырлы еңбек. Шәкірттеріңіз үмітіңізді қаншалықты ақтады?

– Мұндай сұрақ мені үнемі қуантады. Себебі шәкірттерден жолы болған адаммын. Олардың көпшілігі халыққа кеңінен танымал. Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов, Меруерт Өтекешова, Құдайберген Сұлтанбаев, Лидия Каденова, Тоқсын Құлыбеков, Бақытжан Әлпейісов, қазір ұзақ жылдан Тараз қаласында еңбек етіп жүрген, өзінің бастамасымен кафедра ашып жүрген Айгүл Қабиева. Бұл тізімді жалғай беруге болады. Барлығымен байланысым бар, бәрімен де сәті келгенде жүздесіп, пікірлесіп, әңгімелесіп отырамын. Менің осы шеберлік сабақтарыма да Айгүл Қабиева басқаратын мамандықта оқитын студенттер келіп жатқаны қуантады. Шәкірттерімнің қаншалықты талантты екенін Айгүлдің еңбегіне қарап бағалай берсеңіз болады.

– Тараз қаласына шеберлік сабақ өткізуге арнайы шақыртумен келіп жатырсыз. Жас мамандар сізден сабақ алуда. Сізді қандай сәттер қуантты немесе қандай мәселелерге көңіліңіз толмады?

– «Талпынған жетер мұратқа» дегендей, әуелі облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Ақылдос Тәжиевтің бастамасына көңілім толады. Сахна тілі бойынша арнайы маман шақырып, жас актерлердің оң қалыптасуына ықпал етулері – құптарлық іс. Байқағаным облыстық қазақ драма театрында жас актер, актрисалар көп екен. Ол – әрине жақсы. Ешкім біліп тумайды. Осындай шеберлік сабақтары арқылы өздерін шыңдайды. Сахнадағы тіл тазалығы, тілдің сұлулығы маңызды. Менің сабағым арнайы жоспар жүйесі бойынша 51 тақырыпты қамтиды. Мақсатым – жастардың алдында сөйлеп кету ғана емес. Көздегенім – жас актер мен актрисалардың сөйлеу мәдениетін, тіл сауаттылығы мен тазалығын арттыру. Сахнадағы актердің еркіндігі, қысылмауы, шаршамауы, ентікпеуі маңызды. Ол үшін дауысты дыбыстармен көп жұмыс істеп, тілдері жаттығу керек. Сол бағытта шамам келгенше шеберлік сабағын өткізуге келдім. Бұл жерде жас актер, актрисалардан бөлек, оқу орындарында сахна тілінен сабақ беріп жүрген оқытушылар да, оқып жүрген студенттер де келіп, сабағымды тыңдауда. Әрине, айтылған сабаққа үлгеру, оң нәтиже шығару әр тыңдаушының қабілетіне, зейініне байланысты. Бірақ осы жастардан жақсы нәтиже шығатынына сенімдімін. Мені аталған театрда жас актер, актрисалардың көп екендігі қуантты. Осы бір ғана сапармен шектелмей, келесі жолы актер шеберлігі бағытын сахна тілімен ұштастыра үйретуді тағы жоспарлап отырмын. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың құнарлы тілін өлтірмеуге, құнарын сақтауға тамшыдай үлес қосып жүрген маманмын. Семей қаласында жұмыс істеп, «Дариғаай» деген жастар театрын ашып, қалыптастырдым. Қазір ол театрдың ашылғанына 25 жыл. Жақында сол мен ашқан жастар театры Жезқазған қаласында өткен халықаралық театр фестивалінің бас жүлдесін иеленді. Еңбектің еленгені осы болар. Сахна тіліне, тіл көркемдігіне қатысты 4 кітап жазып шықтым. Сол еңбектерім де қазақ тілінің тазалығына, мазмұнының жоғарылауына қызмет етеді деп ойлаймын. Сол кітаптарымды белгілі ғалым Рабиға Сыздықова жоғары бағалады. Осы тұста өзім қазір еңбек етіп жүрген Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы туралы айта кеткім келеді. Қазір жаңашыл ректор Арман Жүдебаев келіп, біраз жұмысты ілгерілетті. Талай жыл жүдеп тұрған оқу театрымызды күрделі жөндеуден өткізіп, оған талантты режиссер Асқар Тоқпановтың атын бергізді. Яғни, Тоқпанов атындағы оқу театрынан Тоқпанов театрына келіп тұрмын.

– Атақ, марапат дегенге қалай қарайсыз? Қанша қарапайым болсаңыз да, адамның сіңірген еңбегі бағалануы керек емес пе?

– Әр маман алдымен атақты ойламай, адал еңбек етуі керек. Аянбай еңбек еткен кісінің маңдай тері ақталмай қалуы мүмкін емес. Бәлкім еңбектің ақталуы атақ алуымен де өлшенбейтін шығар. Еңбектің ақталуы– жұмысымыз арқылы біреудің жетістікке жетуіне ықпал ету шығар. Мен 27 жасымда «Қазақ КСР еңбек сіңірген қайраткері» атағына ұсынылған адаммын. Алайда сол кездегі айналамдағы ықпалды кісілер «Бұл кісіге әлден ондай үлкен атақты беруге болмайды. Еңбегін әлі сіңіруі қажет» деп қарсылық білдірген. Содан ондай ұсыныстың реті ұзақ жылдарға дейін келген жоқ. Жалпы менің алдымнан кедергілер де көп кездесті. Дегенмен Абай хакім айтқандай, ақырын жүріп анық бастым. Осы жасыма дейін біраз марапаттарды алдым. Білім беру ісінің үздігі, Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағым бар. Еліміздің алғашқы Президентінің қолынан 3 мәрте марапат алдым. Ол да – еңбектің еленуі. Ешкім маған марапат беруге асыққан жоқ. Бірақ біртіндеп жүріп бірнеше марапатқа ие болдым. «Сабырлы жетер мұратқа» дегендей, еңбек еленіп жатыр. Ұстаздық қызметімде де талай құрметке бөлендім. Астана қаласына барып, басқару тілі мен мәдениеті бойынша бірқатар министрлер мен Парламент депутаттары алдында есеп бердім. Ол да – сәттілік. Шақырудың үлкен-кішісі жоқ. Бастысы – нәтиже. Жас актер, актрисалардың жағдайын ойлап, бір апталық шеберлік сабағын ұйымдастырған ат а лған те ат р директоры Ақылдо с Тәжиевке, жағдайымды жасап, жанымда жүрген театрдың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбековаға алғысым шексіз. Талантты шәкіртім Айгүл Қабиевамен де жүздесіп, сөйлесіп, бір жасап қалдым. Биыл 90 жылдығы аталып өтетін Асқар Тоқпанов атындағы театрдың абыройы арта беруіне тілектеспін!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар