«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Болат Жаппарұлы

Болат Жаппарұлы
Автор
Облыс журналистикасы мен руханияты ауыр қазаға ұшырады. Аймақ журналистикасының ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Тараз қаласының Құрметті ардагері, «Aq jol» газетінің ардагері, сатирик ақын Болат Жаппарұлы 74 жасқа қараған шағында өмірден озды

Болат Жаппарұлы 1952 жылдың тамыз айында Жамбыл ауданында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, еңбек жолын облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінде бастаған.

Облыстың бас басылымында шыңдалған соң, Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетіне бас редактор болып 1997-2008 жылдары абыройлы қызмет атқарды. Облыстық бірқатар басылымдарда, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің газетінде аса жауапкершілікпен еңбек етті. Кейіннен облыстық «Aq jol» газетінде еңбек жолын жалғап, осы қара шаңырақтан зейнет демалысына шықты.

Зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмай облыстық «Ғұмырдария» газетінде 8 жыл жауапты хатшы қызметін атқарып, ардагерлер өмірін терең қамтып жаза білді. Соңғы жылдары шығармашылыққа ерекше ден қойған еді. Оның қаламынан бірнеше мазмұнды кітаптар туып, оқырманның олжасына айналды.

Әр жылдары Қазақстан Журналистер одағының, облыс әкімінің, Жамбыл ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Болат Жаппарұлы өзінің көркем мінезімен дараланып тұратын. Үлкенге ізетті іні, кішіге үлгілі аға бола білді. Қай кезде де журналистика мамандығына адал болды. Жас журналистер үшін қуанып, оларға бағыт бағдар беруден жалықпаушы еді. Өмірінің соңғы сағаты соққанша қолынан қаламы түспеді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай майдангерлер өмірінен кітап әзірлеп, оны баспаханаға ұсынғаны кеше ғана еді. Ол облыстың қоғамдық өміріне және ардагерлер жұмысына әрқашан белсенді үлес қосты. Әр жұмысына, әр жазған мақаласына жоғары жауапкершілікпен қарайтынын байқаушы едік. Әр материалынан білімі, жанының тазалығы көрініп тұратын. Амал қанша, аяулы ағамыздың соңғы сағаты соқты.

Болат Жаппарұлының қазасына орай отбасына, жары Күләй апамызға, ұл-қызы, немерелеріне қайғырып көңіл айтамыз. Аяулы ағамыздың алды – пейіш, арты – кеніш болғай! Аяулы азамат оны танитындардың жүрегінде мәңгі сақталады.

 

«AULIEATA – MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі,

ҚР Журналистер одағының облыстық филиалы

Ұқсас жаңалықтар