Шалғай аудандардағы мектептер де интернеттің шапағатын көріп отыр
- author «Ақ жол»
- 25 қыркүйек, 2025
- 650
– Бүгінгі күні Президент тапсырмасымен ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарына ерекше көңіл бөлінуде. Аудандық білім бөлімі тарапынан жергілікті атқарушы билікпен келісім арқылы барлық бала үшін парасатты тәрбие мен сапалы білім алуға теңдей қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытындағы мемлекет саясатын жүзеге асыру мақсатында ауқымды істер атқарылуда. Жоспарға сай жаңа мектеп салудың 7 жобасы, 7 білім беру мекемесін модернизациялау, 43 білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жетілдіру және заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, білім беру ортасын жақсарту бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыру шамамен 10 мың оқушы үшін білім алу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Жоба заманауи білім беру стандарттарына сай тоғыз негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Жаңғырту жұмыстары аясында мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне қосу, спорт залдарын, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау және аумақтарды заманауи стандарттар бойынша абаттандыру көзделген. Бұл қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтып, балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан тең жағдайда білім алу және жан-жақты даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта да сапалы білім беруге жағдай жасалып, материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Аудан бойынша 30 мектептің жетеуі ыңғайласқан ғимаратта орналасқан болатын. Бүгінгі уақытта 2 мектеп жаңа құрылыс есебінен шешімін тапты. Бір мектептің құрылысы жүргізілуде, 3 мектеп 2026-2028 жылдары жаңа құрылыс есебінен шешімін табады. Өкінішке қарай бір мектеп 2026 жылы жабылады деп жоспарлап отырмыз. Анығын айтсақ, Жұма бастауыш мектебі ынғайласқан ғимаратта орналасқан. Онда 24 бала білім алуда, жобалық сыйымдылығы 30 орын. Демографиялық өсім төмен болуына байланысты экономикалық тұрғыдан мектеп салу тиімсіз болып отыр. Бұрнағы жылы Шоқай ауылында 150 орындық білім ошағы пайдалануға берілген болатын. Осы жылдың мамыр айында 2 мектептің құрылысы қолға алынды. Атап айтсақ, Шайдана ауылындағы 150 орындық мектеп 1495 миллион теңгеге салынса, Бәйтерек ауылындағы 100 орындық мектептің құны 1216 миллион теңгеге бағаланып, құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл Қостөбе ауылында 100 орындық мектеп құрылысы басталды, жоба құны – 1249 миллион теңге. Алдағы 2026-2028 жылдары Қызылдиханда 150, Қапалда 80, Рахатта 80 орындық мектеп құрылысын жүргізу жоспарлануда, – дейді З. Әбдірәсілова.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде бірыңғай заманауи мектеп инфрақұрылымына көшуге бағытталған ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Жамбыл ауданы бойынша 18 білім беру мекемелері кешенді реновациядан өтеді. Жоспар бойынша 7 білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Атап айтсақ, 2026 жылға Төле би, Тарази, Абай және №2 орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, 10 білім беру мекемесіне ағымды жөндеу және кешенді материалдық жабдықтау жүргізілмек. Бір мектепке – реконструкциялау, яғни қосымша жапсарлас құрылыс жүргізілуде. Тоғызтарау ауылында Т. Тоқтаров атындағы орта мектепке жапсарлас құрылыс салу, атап айтқанда, мектепті спорт зал, асхана және 4 оқу кабинетімен жабдықтау және негізгі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталған.
Биыл аталған мектепке мердігер ретінде «АКМ Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталып, бүгінгі уақытта келісімшарт жасалған. Нысанды алдағы жылы аяқтау жоспарлануда. Биыл ағымды жөндеуге ауданда 106 миллион теңге бөлініп, педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің ғимараты ағымды жөндеуден өткізіліпті. 2 мектепті газдандыру, 2 мектепте жылыжай зертханасын іске қосу, 2 мектепке ауызсу жүргізу және басқа да қажетті нысандарды талапқа сәйкестендіру жұмыстары жүргізілген екен. Бүгінгі күні аудандағы 43 білім беру мекемесінің 38-і газбен, 15-і көмірмен жылытылуда. Өткен оқу жылында 3 білім беру мекемесі, яғни Төле би, №2 және «Гүлдер» балабақшасының жылу қазандығы газға ауыстырылса, биылғы оқу жылында 2 мектепті газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Негізінде ауданда білім саласына тиесілі 25 жылу қазандығы бар. Олар 22 орта мектеп пен бір негізгі, 8 балабақша және өнер мектебіне тиесілі.
Биыл аудандағы білім беру мекемелері 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Абай және Гродеково орта мектептеріне ауыз су құбырын жүргізу жұмыстары толық аяқталған. Жылыту маусымына дайындық бойынша 43 білім беру мекемелеріндегі электр желілері, өрт сөндіру құралдары қайта тексеруден өткізіліп, оқу кабинеттеріне жылу өлшеуіш термометр орнатылған. «Балдырған» бөбекжай бақшасы ғимаратын ағымды жөндеуден өткізу арқылы жеке модульді автономды қазандық қою жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында 3 мектепке футбол алаңы салынды. Олар № 1 орта мектеп пен Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия және Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицей. Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия мен Жасөркен орта мектебінің акт залы мен асханасы жөндеуден өткізіліп, Айша бибі, №1, Т.Тоқтаров атындағы орта мектебінің аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Еңбек және Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің жылыжайын ағымды жөндеуден өткізіп, іске қосу жоспарда бар. Аудандағы білім беру ұйымдарын жаңа үлгідегі пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 79 пайызға жетті. Оның ішінде 20 лингафондымультимедиалық, 22 физика, 23 химия және 22 биология кабинеті толық жасақталып, оқушылардың игілігіне берілді. 2024 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 233 миллион теңге есебінен 29 жаңа үлгідегі кабинетке қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде бес кабинет химия пәніне, алты кабинет физика пәніне, жеті кабинет биология пәніне арналды. Сонымен қатар бір кабинет STEM бағыты бойынша, бір кабинет робототехникаға, ал тоғыз кабинет ұлдар мен қыздардың технология пәніне толық жарақтандырылды, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Сондай-ақ мектеп жиһаздарын жаңартуға жыл сайын көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 18 мектепке 23 миллион теңгеге 27 сынып жиһазы, биыл 23 мектепке 11 миллион теңгеге 23 сынып жиһазы сатып алынып, пайдалануға берілген.
– Аудандағы білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда тұр. Бұл бағытта оқу орындарын бейнебақылау камераларымен, мамандандырылған күзет қызметімен, дабыл түймесімен және турникеттермен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда барлық білім беру ұйымдары толықтай бейнебақылау жүйесімен және дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген. Нақтырақ айтқанда 22 мектепке 220 бейнекамера орнатылған. Бұдан бөлек, 6 балабақшада 64 бейнекамера, 2 қосымша білім беру мекемесінде 18 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Жалпы саны 302 бейнебақылау камерасы орталық жүйеге интеграцияланған, – дейді Зауре Әбдірәсілова.
Бүгінгі таңда аудандағы білім беру ұйымдарында оқушыларға сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалуда. Соның ішінде интернетке қолжетімділік мәселесі басты назарда тұр. Өйткені қазіргі заманның білім беру жүйесі ақпараттық технологияларсыз, онлайн платформалар мен цифрлық құралдарсыз толыққанды жүзеге аспайтыны белгілі.
Аталған білім бөлімінің басшысы аудандағы жалпы саны 30 білім беру мекемесінің барлығы интернет желісіне қосылғанын айтады. Әр мектепте Wi-Fi құрылғылары орнатылып, ұстаздар мен оқушыларға еркін пайдалану мүмкіндігі жасалған.
Айта кету керек, шалғай ауылдардағы мектептер де назардан тыс қалмаған. Мәселен Жамбыл ауданы бойынша үш білім ордасы – №2 орта мектеп, Жамбыл орта мектебі және Матросов атындағы негізгі мектеп – Starlink спутниктік интернет жүйесіне қосылған. Аталған жылдам әрі тұрақты интернет шалғайдағы ауылдарға үлкен мүмкіндік беріп отырған көрінеді. Жаңа жүйенің арқасында ауыл оқушылары да қаладағы замандастарымен бірдей деңгейде білім ресурстарына қол жеткізіп отыр. Онлайн сабақтарға қатысу, цифрлық кітапханалар мен түрлі білім беру платформаларын пайдалану мүмкіндігі кеңейе түскен.
Жалпы аудан мектептерінің түгелдей интернетпен қамтылуы білім сапасын арттыруға, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты қысқартуға, оқушылардың ақпараттық сауаттылығын дамытуға зор ықпал етуде. Бұдан бөлек, мектеп инфрақұрылымын мемлекет тарапынан жаңарту жұмыстарымен қатар, жергілікті ата-аналар мен түлектер тарапынан да қолдау көрсетіліп, білім мекемелерін дамытуға өз үлестерін қосып жатқанын айтап өткен орынды. Мысалы мектепті 20,30,40 жыл бұрын бітірген түлектер өздерінің білім ошақтарына 5968000 теңгеге 30-ға жуық сыйлық тарту еткен. Бұл қаражаттар сол мектептердің игілігіне жұмсалған.
Қорыта айтқанда, Жамбыл ауданы мектептерінің инфрақұрылымы жылдан-жылға жаңарып, нығайып келеді. Заманауи пәндік кабинеттердің жасақталуы, сапалы интернеттің қолжетімді болуы оқушылардың қамы үшін жасалған игілік. Қауіпсіздік жүйелерінің енгізілуі мен түлектердің қамқорлығы да жас ұрпаққа лайықты білім беру ісіне қызмет етіп отыр. Осындай жетістіктер ауданның білім беру саласының әлеуетімен қоса абыройын да асқақтата беретіні сөзсіз.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мұғалімнің мүддесін қорғауда үлкен рөл атқарып келеді
- 15 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




