Қазір теледидар, ғаламтордан ата-анасына сыйлық жасап, тіпті, пәтер, көлік сыйлап жатқан жастарды көріп қатты қуанамын. Тіпті, көзіме жас келіп толқимын. Не деген бақытты ата-ана, не деген тәрбие көрген инабатты бала.
Осы орайда осыдан он жыл бұрын естіген бір әңгіме есіме түседі. Бір ауданда әкесі мен баласы кәсіпкерлікпен айналысып, тойханалар ашады. Екеуінің төрт тойханасы бар екен. Былайша айтқанда бай-бақуатты тұратын жандар. Бірде шай үстінде баласы мен келіні екеуі ұрысып қалып, бір-біріне қатты сөздер айтады. «Келінге қой деп айтсаңшы, біздің көзімізше жаман сөздер айтып жатыр ғой», – деп әкесі әйеліне ескерту жасаса керек. Әйелі де тыңдай қоймаған сияқты.
Сонымен жастардың ұрыс-керісі енді үлкендерге ауысып, ақырында әкесі әйелінің бетінен шапалақпен салып қалады. Күйеуіне өкпелеген әйел дүниесін жинап баласының қолына кетіп қалыпты. Дәл осы күннен бастап әке мен баланың арасында өшпенділік, дүниеге талас басталады. Төрт тойхананы бөлісе алмай бірбірін сотқа береді. Бірде әкесі тойханаға келсе баласы алдынан шығып «Менің тойханама неге кіресің?», – деп жағасынан ала түседі.
Тіпті тепкілеп тастаған көрінеді. Қанжоса болған әкесі полицияға арыз жазады. Бірақ полицияның бастығы танысы болып шығып, баласы бұл істі жаптырып тастайды.
Осылайша әкесі қара шаңырақта қарақан басы жалғыз қалды. Болмаған соң ғаламтор арқылы бір әйелмен танысып, көп ұзамай екеуі бас қосты. Қуанышқа қарай, ол әйел ақылды боп шықты. Екеуі өте татутәтті тұрды. Алайда арада жеті жыл өткенде отағасы дертке ұшырайды. Амал жоқ, баласына адам салып, «Жинап жүрген ақшам бар, мені шетелге апарып емдетсін» деп сәлем айтып жіберіпті.
Ақшасы барын естіген соң баласы келіп әкесін шетелге емес, Алматыға апарып емдетеді. Бірақ ем қонбады. Амал жоқ, ауылына қайтып әкелді. Соңғы демі соғып жатқанын түсінген әкесі баласы мен қарындасын шақырып алып:
«Қазіргі әйелім мені жеті жыл бақты, жағдайымды жасады, мен оған өте разымын. Талай жылдан бері жинаған 17 миллион теңгем бар, соның бір бөлігін сол әйелге бер, бір бөлігін қарындасыма бер», – деп баласына өсиет айтыпты.
Баласы «әйеліңе де, қарындасыңа да бір тиын бермеймін», – деп ашық айтып, тіпті әкесі өлмей жатып әлгі әйелді сол үйден қуып шығыпты.
Аурудан әлсіреп жатқан әкесі ештеңеге араласа алмаса керек. Осылайша әкесі баласына қатты қапа болып жатып қайтыс болды. Міне, осындай да жағдай болған.
«А, Құдайым бала бер, бала берсең, сана бер», – деп атам қазақ бекер айтпаған ғой.
Шынында үлкенге де, кішіге де ең бастысы сана керек деп ойлаймын.
Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ
еңбек ардагері.
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




