«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасөспірім неге қылмыс жасайды?

Жасөспірім неге қылмыс жасайды?
Автор
Биылғы оқу жылының алғашқы екі аптасында өңірімізде үш бірдей оқушы қатарластарымен болған жанжал салдарынан ажал құшты. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың жиілеп кетуіне байланысты шұғыл кеңес өткізіп, нәтижесіз жұмыстарды сынға алды. Тіпті орын алған мәселелерге қатысты бірқатар лауазымды тұлғаларға тәртіптік сипаттағы шешімдер де қабылданды. Бұдан бөлек зерделеу тобы құрылып, әрбір білім беру мекемесінде кең көлемде сауалнама жүргізу ісі қолға алынды. Бастысы, бұл жұмыстар өз нәтижесін берер деген үміт мол.

Иә, екі ап т ада үш оқуш ы қаза тапқан оқыс оқиға Таразда тіркелгені былайғы жұрттың төбе шашын тік тұрғызды. 1 қыркүйек күні облыс орталығындағы Қаратау шағынауданында орын алған кәмелетке толмағандар арасындағы дау-дамайдың соңы төбелеске ұласып, жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған 14 жастағы жасөспірім ажал құшады. Ал Шу ауданындағы Көкқайнар ауылында футбол ойынынан соң 11-сынып оқушысы қатарластарын соққыға жығып, жасөспірім ауруханаға жетпей көз жұмған.

Бұл оқиғадан небәрі екі күн өткен соң Тараздағы №47 орта мектепте кәмелетке толмаған тағы бір жасөспірім қайтыс болады. Сөйтіп, он бес күннің ішінде үш бірдей жасөспірім оқыста қаза болады. Белгілі журналист Асқар Бековтың айтуынша, соңғы ширек ғасырда Тараздағы жағдай өзгермеген.

– Бар кінәні ұсталған балаларға артады. Мектеп директоры оқиғаның аумақта болғанын айтып ақталады. Шындығында өңірдегі мектептердің жоғары сыныптарында әлі күнге ақша жинау, күш көрсету қалыпты жағдайға айналған. Осы мәселені жылдар бойы неге шеше алмай келеміз? – дейді журналист. Облыстық білім басқармасы таратқан мәліметке сенсек, мамандар тарапынан психологиялық көмек көрс етіліп, профилактикалық жұмыстар күшейтілген. «Білім басқармасы және құқық қорғау органдары тарапынан заң аясында барлық қажетті шаралар қабылдануда. Өңірде жастар арасында алдын алу шаралары күшейтіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді», – делінген ақпаратта.

Өкінішке қарай, жыл өткен сайын елімізде жасөспірімдер қылмысы көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Дерекке сүйенсек, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жыл сайын орта есеппен 145 мыңнан астам заңбұзушылық тіркеледі екен. Мәселен, өткен жылы жеткіншектердің қатысуымен екі мыңға жуық қылмыс орын алса, оның 130-ы ауыр санатта. Ал бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың көбі ұрып-соғу, ұрлық және өз-өзіне қол салу сияқты фактілерден тұрады. Ең сорақысы, жыл сайын заң талабымен жазаланатын жасөспірімнің кемінде біреуі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу үшін жабық мекемелерге жіберіледі.

Айталық, осы жылдың басында біздің облыста 8-сыныптың оқушысын ұрып өлтірген үш бозбала сотталды. Оқиға Байзақ ауданына қарасты Құмжота ауылындағы Алтынсарин мектебінде болған. 14 жастағы бозбалаға жоғары сынып оқушылары даладағы әжетханада әлімжеттік жасаған. Нәтижесінде, күдікті деп танылған үш жасөспірімге сот үкімі шығып, біреуіне ауырлығы орташа санаттағы қылмыс жасағаны үшін айып тағылғандықтан, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ былтыр облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әкімшілік құқықбұзушылыққа байланысты бас-аяғы 58 істі қараған. Оның ішінде 48 ата-анаға айыппұл салынса, буллинг бойынша екі іс Тараз қалалық әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі сотына жолданған.

– Өткен жылы 56 тұлғаға қатысты 49 қылмыстық іс қаралды. Нәтижесінде, 28 тұлғаға қатысты 28 іс бойынша үкім шықты. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты 53 іс қаралып, 50 заңды тұлғаға айыппұл салынды. Бұдан бөлек есепті кезеңде 48 тұлғаға қатысты 35 қылмыстық іс тіркеліп, 16 іс бойынша 22 тұлғаға сот шешімі шықты, – дейді облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің басшысы Жасұлан Шыршықбаев.

Естеріңізде болса, 2023 жылдан бастап әрбір білім беру мекемесіне барлығы 6,6 мың ювеналды полиция қызметкері, учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бөлінді. Әйтсе де, жасөспірімдер арасында анықталған бопсалау дерегі бәсеңдемеген. Нақтылай түссек, өткен жылы нақ осы заң бұзушылық дерегі 11-ден 19-ға дейін ұлғайған. Сондай-ақ мектептерде қоғамға жат әрекеттерге бейім бейресми 1,5 мың топ басшы бар екені анықталған. Тоқтала кететін бір жайт, білім ұясындағы құқыққа қайшы талай жағдайларға қанық кейбір мектеп басшылығының алдын ала тиісті шара қабылдамайтын сыңайлы. Оның үстіне кейбір мектеп директорлары мұндайды жария етпеуге барын салады. Біраз уақыт бұрын аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен алқа отырысында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы осылай деген еді. Оның сөзінше, өңірде жас өскіннің бүршік жармай жатып қылмысқа баруы жиілей түскен. Ведомство өкілі Т.Рысқұлов, Сарысу, Байзақ және Меркі аудандарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен ауыр және аса ауыр қылмыстардың болуы орны толмас қайғылы жағдайларға алып келгенін ашық айтып, облыс прокуратурасының алқа мәжілісінің шешімімен құрылған арнайы топ кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы мінез-құлқына қатысты бірқатар бұзушылықтарды анықтағанын атап өтті.

 – Бұл күнде аумақтық комиссиялардың қызметі формалды сипатқа ие. Мысалы, комиссия жұмысы Т.Рысқұлов, Сарысу мен Байзақ аудандарында еңбек өтілдері бір жылға да толмаған аудан әкімі аппаратының мамандарына қосымша жүктеме ретінде бекітілген. Аталған мән-жайлар осы аудандарда кәмелетке толмағандармен жұмыс екінші жоспарда екенін растайды. Сонымен қатар комиссиялардың шешімі өз деңгейінде орындалмайды. Комиссия төрағаларының тарапынан қандай да бір бақылау жоқ. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция қызметінің талдау нәтижелері комиссия жұмысының тиімділігі шамалы екенін көрсетті. Нәтижесінде жасөспірімдер арасында қылмыс деңгейінің күрт өсуі байқалды. Профилактикалық жұмыстардың әлсіз жүргізілуіне мектептерде инспекторлардың жоқтығы да кері әсерін тигізуде. Бірнеше мектепке бекітілген инспектор барлық оқу ошағындағы жағдайдан бейхабар күйде болады, – деген еді Нұрбек Ұласбекұлы.

Айта кетейік, өңірімізде былтырдан бері «Бестерек» жобасы іске қосылды. Мақсат – жеткіншектер арасындағы жанжалдарды жою. Бүгінде жоба шеңберінде құзырлы органдар мен білім беру мекемелері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешуде тың тәсілдерді қолдануда. Соның нәтижесінде аудандарда еш себепсіз сабаққа бармауды әдетке айналдырған оқушылар анықталған. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог Айсұлу Тасымованың айтуынша, бала тағдырына жауапты кейбір ата-аналардың салғырттығы жасөспірімдер қылмысына «жол» ашуда. Ол сөзінде ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты.

– Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын, – дейді маман.

Ал психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа жиі баруының түрлі себебі бар екенін айтады. Мәселен, психологиялық тұрғыдан а лғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне байланысты. Сондай-ақ баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеу де әсер етеді. Жасөспірімдердегі әлеуметтік өмір туралы ақпараттың қолжетімсіздігі, жас ерекшелігіне байланысты орын алатын өзгерістердің де ықпалы бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу қасиетінің жоғарылауы, жеткіншектік негативизм, өмірлік құндылықтардың әлі толық қалыптаспауы жастардың бойынан табылады.

«Ата-аналардың баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауы да үлкен рөл ойнайды. Тәрбие беруге ата-аналардың білімі мен дүниетанымының жетіспеуі. Осы мәселелер жасөспірімдердің қылмысқа баруын жиілете түседі», – дейді психолог.

Қорыта айтқанда, жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Ендеше, оғландарымызды қате қадам жасаудан сақтандыруға құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат жауапты болуға тиіс. Сонда ғана жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу мүмкін болмақ.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

Ұқсас жаңалықтар