Қызыләуіт ауылдық округіне Қызыләуіт және Ақтөбе елді мекендері қарайды. Жалпы халық саны – 1830 адам. Қызыләуітте – 300, Ақтөбеде – 35 түтін бар. Округте 1 әкімшілік мекемесі, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 бала бақша, 1 мәдениет үйі, 1 полиция пункті, 1 мал дәрігерлік пункті, 1 кітапхана, 1 мектеп және 1 шағын орталық, 1 мешіт, 1 спорт кешені және 1 ауыз су мекемесі, дүкен, ал Ақтөбе ауылында 1 медпункт,1 бастауыш мектеп, 1 мешіт бар. Ауылдық округте 35-ке жуық шағын кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалар Талас ауданы кірістер басқармасына тіркеліп қызмет атқаруда.
Ауылдық округ әкімі Қаршыға Шәріпханның белсенділігімен ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала, тәрбие, тәртіп, жалпы ұйымдастыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ауылдық округ басшысы осы кезге дейін ауданда қызметтер атқарып, ысылып келген азамат. Ауылдағы тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қаржылай және азықтүлікпен қамқорлық жасалуда.
Ауылды абаттандыру мақсатында 1963 жылғы ауыл азаматтары «Шапағат» саябағын ел игілігіне берді, 1977 жылғы ауыл азаматтары ауылдың кіре берісіне тал отырғызды, 1967 жылғы ауыл азаматтары мәдениет үйінің ауласына киіз үй орнатты. 1987 жылғы ауыл азаматтары атшабар орнына көрермендерге арналған жабылмалы сахна жасап, ауылға құрметтерін көрсетті. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша да жұмыстар жүйелі жүріп жатыр.
Атап айтқанда, «Еңбек» бағдарламасы аясында 20 ақылы қоғамдық қызметкер, 2 жастар тәжірбиесі, Күміс жас жобасы аясында 6 адам, әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 2 адам тіркеліп, жұмыс істеуге кіріссе, «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 15 әлеуметтік осал топтағы азаматтар қайтарымсыз грант алды, 2,5 пайыз несие бойынша жастар санатында – 3 азамат мал бағытында жалпы сомасы 13 500 мың теңге несиеге қол жеткізді. «Аграрлық несие корпорациясы арқылы» 9 жеке кәсіпкер 6 пайыздық несие алып шаруа қожалықтарын дамытуда.
«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды» ауылдық округтегі шаруалар тиімді пайдаланып отыр, атап айтсақ көктемгі егістік және егін жинау үшін қажетті жанар-жағармай отынын жеңілдетілген бағамен алуда және дихандардың техникаларын жаңарту мақсатында «Жеңілдетілген Лизинг» бағдарламасы бойынша 5 пайыз несиемен және 30 пайыздық субсидиясымен техникалар жаңаруда. Тек ғана 2024-2025 жылдар арасында ауылдық округте құны шамамен 150 миллион тұратын бірнеше техника пайдалануға берілді. Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар, уақ малды асылдандыру үшін және асыл тұқымды малды көбейту үшін мал басына 2500 теңге және 4000 теңгеден мемлекеттің қолдауын алуда.
«Дипломмен ауылға бағдарламасы» бойынша 2024 жылы ауылдық округте 2 маман тұрғын үйге қол жеткізді. Олар медицина қызметкері және мемлекеттік қызметші. Ағымдағы жылы да жоспарда бағдарлама бойынша тұрғын үй алып, ауылдық округке қызмет ететін азаматтар құжаттарын тапсыруда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының 5-ші бағыты, яғни кәсіпкерлік мақсатта 2 жеке кәсіпкер 2,5 пайыз несиеге қол жеткізді. Жыл соңына дейін 1 наубайхана, 1 жиһаз цехы ашылады. «Жер аманаты» жобасы бойынша 2024 жылы 1100 гектар пайдаланылмай отырған жер аудандық жер қорына қайтарылған болатын, 2025 жыл жер қайтару жоспары 1000 гектар, жыл соңына дейін жоспар орындалады.
Ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлерге жеңілдетілген 2,5 пайыз несиемен «Ауыл аманаты» жобасы жұмыс істеуде, керек құжаттардың барлығы ауыл әкімшілігінің нұсқауымен, сүйемелдеуімен жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы дақылдарына жаңа технологиялар бойынша жаңбырлатып суару жүйесі 60 гектар жері бар жеке кәсіпкер Дәулет Егембердиевке ұсынылып отыр, қолдау тапса 60 гектар жерге жаңбырлатып суару жүйесі орнатылады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында іс-шара жоспары комиссия құрамы бекітіліп жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізуде. Ауылдың тәрбиесі мен үлгілі жұмыстары бойынша округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Баяқовты, белсенді ақсақалдар Алдаберген Байпақов пен Әріпхан Жаңабаевты атап өтуге болады.
Ауылдың бас имамы Әбдіғали Төсбай өзінің негізгі жұмысын ауылдың тәрбие жұмысымен ұштастырып отыр. Жасөспірімдер тәрбиесі, тәртібі, тұрғындар арасындағы жылы қарым-қатынас, ысырапқа жол бермеу, жаназадағы жөнсіздіктерді реттеу бойынша бас имамның үлесі мол. Ауылдың белсенді жастарына көп міндет жүктелген. Оларды нақты іске жұмылдыруда көшбасшы жастар Нұрғали Қарғабаев пен Жанәділ Сейдақов ұйымдастыру жұмыстарымен көзге түсуде. Шаруа қожалықтардың белсенді жұмыстарына да көңіл толады.
Мәселен, Талғат Бегімбаев басқаратын «Мирас» шаруа қожалығы 1 мыңнан астам қой, 50 жылқы өсіріп, 4 кісіні тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ербол Әділов жетекшілік ететін «Еламан» шаруа қожалығының да белсенді істері көңіл қуантады. Шаруа қожалықта 1 мың қой, 100 түйе өсірілуде. Мұнан бөлек 500 уақ мал бордақыланып жатыр.
Шаруа қожалық 6 адамды тұрақты, 6 адамдық маусымдық жұмыстармен қамтып келеді. Аталған екі шаруа қожалық төрағасы да ауылдағы қоғамдық жұмыстарға, қайырымдылық істеріне белсене үлес қосуда. «Әкім болып сайланғаныма ұзақ уақыт болған жоқ. Дегенмен, ауылдың тынысын, тіршілігін бағамдап үлгердім.
Бұл ауылдың ынтамағы өте жақсы.Ауыл жастары әрбір жақсы бастаманы қолдап, жүзеге асыруда. Ауыл жасөспірімдерінің тәрбиесі бақылауда. Ауылда ішімдік сататын дүкендерді азайтып, қазақтың ұлттық тағамына мән беріп жатырмыз. Ауылға келетін қонақтарға көрсетер жақсы істерімізді молайту жолында тер төге береміз.
Ауылдық округтегі мәселелерді шешу жолын қолдап отырған аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековке тұрғындар риза. Осы ауылға келіп қызмет етіп жатқаныма қуанамын. Маған ауылдың әр ақсақалымен сөйлесу – шыңдалу мектебі, өмір сабағы. Мемлекеттік қызметтің мұраты – халыққа қызмет ету. Оның бағытын сол қазыналы қарттармен сөйлесу, сырласу, әңгімелесу арқылы табамыз. «Жақсы қария белгісі – жанып тұрған шам болар» демекші, ауылға жаны ашитын үлгілі ақсақалдарымыз аз емес.
Тұрғындармен етене байланыста жүріп алдағы уақытта да игі жұмыстарды жалғастырамыз», – дейді аталған округ әкімі Қаршыға Әнуарханұлы. Біз бұл ауылдың ынтымағын бұрыннан да естіп жүрміз. Ал, осы жолы мұндағы тұрғындардың еңсесі биік, істері тағылымды екеніне тағы да көзіміз жетті.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




