Мамандығына махаббат пен қарап, машақатына төзген Ғалымжан Сүгірәлиев Меркі ауданындағы кәсіптік колледжде студенттерге сабақ беріп, талай түлекті еңбекке баулыған маман. Кейіпкеріміз сом темірді қиыстырып қана қоймайды. Сәнін келтіріп дәнекерлейді, тіпті бірнеше құрастырмалы құрылғылардың да авторы ат анып үлгерген екен. Жұмысын жан-тәнімен беріліп атқаратын азамат кейінгі толқын інілерінің осы мамандықты бір кісідей меңгергенін құп көреді. Содан да болса керек, бар білгенін шәкірттеріне ынтажігерімен үйретіп жатады. Онысын азаматтық парызы санайтынын да айтып жүр.
«Шынтуайтына келгенде әр адам өз жұмысын жанындай жақсы көруі керек деп пайымдаймын. Өз басым қандай да бір жобаны қолға алғанда басқа шаруаның бәрін санамнан ысырып тастаймын. Өйткені істеп жатқан жұмысты барынша с апа лы орындауға ден қоямын. Ол үшін жылдар бойы жинаған тәжірибе аздық ететінін көп адам біле бермейді. Жан жүрегіңмен сезініп, жан-тәніңмен беріліп жұмыс істегенде ғана ойға алғаң жобаң айтарлықтай сәтті шығады. Ал сол жұмысты аяқтаған кезде өз-өзіме разы боламын. Турасын айтсақ, алдымен темір жонушы сызбаны жазбай тануы, сезінуі керек деп ойлаймын. Өйткені ол – біздің басты құжатымыз. Құжаттағы сызбадан ешқашан ауытқуға, қате қадам жасауға болмайды. Сәл қиыс кетсең, атқарған жұмысың көңілге қонымсыз шығады. Жобаны қайтадан бастауға тура келеді. Сол себепті қолға алған барлық жұмысқа байыптылықпен, салқынқандылықпен қараған абзал. Жеті рет өлшеп бір рет кескен адамның ешқашан ештеңеден ұтылмайтыны анық. Өмірлік тәжірибемде осыны анық түсіндім. Кейінгі жастарда мұны ешқашан қаперден шығармағаны жөн», – дейді маман өз ойымен бөлісіп.
Маманның айтуынша, оның жұмысы студенттерге дәріс оқумен шектелмейді. Өйткені шәкірттері темірден түйін түюдің қыр-сырын барынша тереңірек меңгергісі келетіні айдан анық. Ол үшін Ғалымжан Сүгірәлиевтің шеберханасына барып, теорияны тәжірибемен ұштастыруға ден қоятындар да жеткілікті екен. Ал өз ауласы маңынан шеберхана ашып алған Ғ. Сүгірәлиев жылдар бойы жинаған білімін шәкірттерінің бойына дарытудан ешқашан жалыққан емес. Қайта адал еңбекпен нәпақа тапқысы келетін жастардың талабына дән риза.
«Өз ісінің білгірі ретінде танылған маманның дәрісін тыңдау мен тәжірибесіне терең бойлаудың өз артықшылығы бар екеніне ешкімнің т а ласы жоқ. Ол кісі бізге темірдің сан түрін жіктеп, талдап айтып отырады. Сол темірмен қалай жұмыс істеу керектігін үйретудей үйретіп жүр. Біз де қолдан келгенше талпынып, талаптанып жүрміз. Әзірге білгеніміз аса көп емес шығар. Сондықтан да біз меңгеруге тиіс дүние әлі де жеткілікті деп ойлаймыз. Білікті маманнан тәлім алып жүргенімізді қай кезде де мақтан тұтамыз. Өйткені бұл кісі өзі терең ізденіп қана қоймай, шәкірттерін де еңбекқорлыққа, төзімділікке баулып жүр. Өз ісінің білгірінен алған біліміміз болашақта кәдеге жарайтынына сенім мол. Қалай десек те, алдыңғы толқынның іскерлігі, өмірлік тәжірибесі, жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарайтын қасиеті–бізге үлгі. Жауапкершілік бар жерде, жұмыс алға жылжитыны, нақты нәтиже шығатыны ақиқат. Оны көзбен көріп жүрміз. Ең бастысы, әр адам өз жұмысын жанындай жақсы көруі керек», – дейді Ғалекеңнің шәкірттері.
Жылдар бойы тәжірибесін толыстырып, жаңашылдыққа ұмтылудан танбаған маман тағы бір ауқымды істі қолға алып, жүзеге асырып жатыр екен. Оның айтуынша, қазіргі кезде ескі тракторды жөнге келтіріп, егіс дәніне арналған арнайы елек құрастыру үстінде. Тұқым тазалайтын құрылғы қозғалтқышын кір жуатын машина моторынан әзірлепті.
«Расында іскерлік, кәсібилік деген ұғымдар адал еңбекпен ұштасып жатады. Сондықтан да жастар темірден қаймықпауы, бас ала қашпауы керек. Қайта оның сырына тереңірек қанығып, жаңа дүниелерді жасауға тырысқаны абзал деп пайымдаймын. Сонда ғана қолға алған ісің өнеді. Дамисың. Көңілден шығады. Адам баласы шабытпен жұмыс істегенде ғана ойдағыдай нәтижеге қол жеткізеді деп пайымдаймын. Ал амалдың жоқтығынан қолға алған жұмыстың сапасы әрине, көңіл көншітпейді. Кейінгі толқын осыны жете түсінгені жөн. Қай жұмыс болсын, адалдықты талап ететініне әбден көзім жетті», – дейді ол.
Қалай десек те, ө з жұмысын жанындай сүйген азаматтың еңбекқорлығы тәнті етпей қоймайды. Темір жонудың қыр-сырын толық меңгерген темір жонушы маманның кейінгі ұрпаққа берері мол. Осыны түсінген жастардың бұл мамандықты игеруге деген талпынысы көңілге қуаныш сезімін ұялатады.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Меркі ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




