«Жамбыл су» кәсіпорны мемлекеттік тілді менсінбей ме?
- author «Ақ жол»
- 20 қыркүйек, 2025
- 605
Тіл туралы заңның 21-бабында «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк-құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс.
Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi» деп көрсетілген. Алайда Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жамбыл су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ғимаратының ішіндегі келушілердің назарына ілінген хабарламалардың кейбірі алдымен орыс тілінде, содан соң ғана мемлекеттік тілде берілген. Тіпті мекеме басшысының кабинетінің дәл қасында орналасқан ақпараттар тек орыс тілінде жазылған.
Осындай олқылықтарды көргеннен соң алдымен мекеме басшысынан жөнін сұрамақшы болдық. Бірақ біз 3 рет барсақ та басшыны орнынан таппадық.
«Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Гаухар Даулетқұлованы біз барған сайын «жиналысқа кетті» деген жауап ала берген соң, басқа жауапты маманды іздедік. Алайда біз жолыққан қызметкерлерінің ешбірі сауалымызға жауап бермей, тек басшымен сөйлесуіміз керегін ескертті. Түске дейін де, түстен кейін де, тіпті ертесіне азанда ертелетіп барып, түскі үзіліс жақындағанша күтсек те Гаухар Мырзабекқызына жолыға алмадық. Сондықтан сұрақтарымызды жазбаша қалдырып, телефон нөмірімізді жазып кетсек те «Жамбыл су» мекемесін басқарып отырған Гаухар Даулетқұловадан ешқандай жауап келмеді.
Тіл туралы заңның 24-бабында «Лауазымды адамның мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, мемлекеттiк тiлдің және басқа да тiлдердің қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кез келген кедергi келтiру, сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады» деп көрсетілген.
Демек, аталған кәсіпорнындағы заң талабын бұзған жағдайларға қатысты мекеме басшылығы қандай жауаптылыққа тартылады? Мемлекеттік тілге менсінбеушілік көрсетіп отырған әрекеттері қашан түзетіледі? Біз бұл сұрақтарымызды облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасынан сұрадық.
– Мұндай жағдайда біз бірінші ескерту жасаймыз. Егер мемлекеттік тілге аударуға қиналса, әдістемелік көмек көрсетіп, орын алған кемшілікті түзетуге 1 апта немесе 10 күн уақыт береміз. Ал әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 75-бабында «Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық» деп арнайы қарастырылған. Онда «Д еректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу – ескерту жасауға әкеп соғады. Осы баптың үшінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» деп жазылған. Осы арқылы әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынады және кемшілікті бір жыл ішінде түзету талап етіледі, – дейді облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнұр Әмірбекова.
Көкейдегі сауалымыздың жауабын іздеп қанша рет барсақ та жұмыс орнынан таба алмаған «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Гаухар Даулетқұлова енді жазған мақаламызға жауап қататын шығар деп ойлаймыз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




