«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Су ғылымында жаңа мүмкіндіктер бар

Су ғылымында жаңа мүмкіндіктер бар
Автор
Тараз қаласындағы Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде Қытайдың Солтүстік Су ресурстары және электроэнергетика университетінің делегациясы (NCWU, Чжэнчжоу) ресми сапармен болды.

Делегация құрамында қытайлық ғалымдар – Солтүстік-Қытай су ресурстары және электроэнергия университетінің президенті, әлемдегі ең беделді су және климат зерттеушілерінің бірі, профессор Джунгуо Лью, ғылым және технология департаментінің директоры, профессор Вэйшу Ван, Хуанхэ өзені зерттеу институтының деканы, профессор Фуциан Ван, халықаралық қатынастар жөніндегі декан орынбасары, доктор Канг Гао болды. Бағдарлама аясында қонақтар ресми кездесулерге, профессор Льюдің ашық дәрісіне, кампус турына қатысып, бірлескен зерттеу және білім беру жобалары бойынша келіссөздер өткізді. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық, қос диплом, халықаралық зертханалар құру мәселелері талқыланды. Студенттерге дәріс оқыды.

Айта кетерлігі, NCWU – Қытайдағы су шаруашылығы, ирригация және экология саласындағы жетекші университет. Ғалым Льюдің жетекшілігімен 2024 жылы университет ғарыштан су ресурстарын бақылауға арналған NCWU-1 спутнигін іске қосып, жаңа ғылыми қадам жасады. Бұл жобаның құны – 5 миллион АҚШ доллары. Жалпы, әлемге танылған бұл университетте 24 оқу мектебі мен факультет, 174 ғылымизерттеу институты болса, онда 40 мыңнан аса студентке екі мың оқытушы дәріс береді. Осы университеттің үш түлегі ҚХР Су ресурстары министрі болған.

Бүгінде аталған жоғары оқу орны «Бір белдеу – бір жол» бастамасына белсенді қатысып, бірлескен халықаралық зертханалар ашу үшін Ресей, Қазақстан және Иран мемлекеттеріндегі университеттермен жұмыс жүргізуде.

– Бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, Таразды Орталық Азиядағы су ғылымының маңызды орталығы ретінде танытады деген сенімдеміз. Келіссөзде Таразда бірлескен Хуаю колледжін ашу да сөз болды. Бұл қытай-қазақ студенттерінің білім алу мен зерттеулер жүргізуінің алаңы болады. Аймақтағы университеттің халықаралық аренаға шығып, Орта Азиядағы су ғылымының орталығы ретінде имиджін көтеріп, жергілікті биліктің ғылымды қолдауға деген стратегиялық рөлін арттырады. Сондай-ақ аталған жоғары оқу орнының базасында ғылыми мектептерді құру және дамыту мақұлданған. Атап айтқанда, су ресурстары инженериясы мектебі, сумен жабдықтау және санитария мектебі, ауыл шаруашылығы суы және ирригация жүйелерін басқару мектебі, гидрология, экология және қоршаған орта мектебі, сәулет және логистика мектебі, энергетика мектебі, мемлекеттік басқару саясаты және менеджмент мектебі, қашықтан зондтау және жасанды интеллект мектебі, – дейді университет ректоры Кәмшат Түсіпова Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті венгриялық Корвинус университетімен бірлесе жұмыс істеп жатыр.

Жуырда Қазақстан мен Венгрия жоғары оқу орындары су ресурстарын басқару және су дипломатиясына басымдық берілген қос дипломды магистратура бағдарламасын іске қо сты. Осы ынтымақт астық нәтижесінде «Су ресурстарын басқару және су дипломатиясына басымдық» берілген қос дипломды магистратура бағдарламасы әзірленіп, іске қосылды. Бұдан бөлек биыл тамыз айында Еуропалық комиссия Erasmus Mundus Design Measure бағдарламасы аясында 60 мың еуро көлемінде грант бөлді.

Бұл грант су ресурстары мен су дипломатиясы бойынша интеграцияланған бірлескен магистратура бағдарламасын әзірлеу үшін Еуропаның үш және Орталық Азияның төрт университетінен құралған консорциумға, оның ішінде ҚазҰСШИУ-ге берілді. Қазан айының соңында Будапешт қаласында консорциум сарапшыларының алғашқы отырысы өтеді. Алдағы 15 ай ішінде олар толық әзірленген бағдарламаны Еуропалық комиссияның қарауына ұсынуы тиіс.

Егер бағдарлама мақұлданса, жалпы бюджеті 5 миллион еуроны құрайтын, ал ұзақтығы алты жылға созылатын магистратура бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру басталады. Сарапшылардың алғашқы отырысында сондай-ақ су ресурстарын басқару және су дипломатиясы жөніндегі Бірлескен орталық құру ұсынылады. Бұл орталықтың бас кеңсесі – Тараз қаласындағы ҚазҰСШИУ-де орналасады.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар