«Бізде көгілдір отын бағасы көрші өңірлерге қарағанда әлдеқайда арзан»
- author «Ақ жол»
- 18 қыркүйек, 2025
- 686
– Бақтияр Бейсембайұлы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында цифрландыру ісіне айрықша тоқталды. Салада цифрландыру бағытында қандай шаруалар атқарылып жатыр?
– Президент «Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын қажетке жарату мәселесін түбегейлі қайта қараған жөн. Оны толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет. Инвесторлар жобаларды жүзеге асырған кезде газ шикізатынан тапшылық көріп отыр. Сондықтан, бұл мәселені шешу жолдарын табуымыз керек, инвесторларды ұзақ уақыт газбен қамтамасыз етуге нақты кепілдік беретін жаңа тәсілдер ойластырған жөн. Жобаның бәрін дер кезінде іске асырып, экономиканы цифрлық тұрғыдан жаңғырту үшін электр энергиясы жеткілікті көлемде болуы қажет», – деді. Иә, қазір цифрлық дәуірде өмір сүріп жатқандықтан, салада да жаңашылдық көп. Мысалы, «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының Жамбыл өндірістік филиалы есепті кезеңнің соңында бақылау көрсеткіштерін мобильді қосымша арқылы беру жобасын қолданысқа енгізіп отыр. Енді өңір тұрғындары есептегіш көрсеткіштерін аталған қосымша арқылы жолдай алады. Бұл жаңашылдық тұтынушылар үшін көптеген артықшылық береді. Атап айтқанда, әр айдың 25-інен есептік кезеңнің соңына дейін көрсеткіштерді нақты әрі уақтылы тапсыруға мүмкіндік бар. Филиал қызметкерлері күн сайын деректерді бақылап отырады, ал көрсеткіштер автоматты түрде «1С Биллинг» жүйесіне жүктеліп, тұтынылған газ көлеміне сәйкес төлем шоттары қалыптастырылады. Алдын ала сынақ нәтижелері бойынша біздің облыста 23 мың газ тұтынушысы «Qazaq Gaz Aimaq» мобильді қосымшасын жүктеп, олардың 14 мыңы есептегіш көрсеткіштерін сәтті жолдады. Алдағы уақытта да облыс тұрғындары қосымшаны жүктеп, есеп құралдарының көрсеткіштерін дер кезінде беруге қолдау танытады деп сенеміз. Өйткені, бұл жобаның толық іске асуы тұрғындардың белсенділігіне байланысты. Осы жаңашылдықтың ойдағыдай жүзеге асуына тұрғындар бір кісідей атсалысса деген тілегіміз бар.
– Қарапайым тұрғындар үшін күнделікті тұрмыс-тіршілігінің айырылмас тетігіне айналған табиғи газбен елді мекендерді қамту жұмыстары қалай жүргізілуде? Алда қыс келеді дегендей, әлі қанша ауылға газ жеткізілмеді?
– Бүгінде 7 437 шақырым газ құбырының 1 465 шақырымы жоғары қысымды, 2 273 шақырымы орташа, ал 3 699 шақырымы төмен қысымдағы газ құбыры. Барлығы 225 газ реттеу пункті болса, шкафтық реттеу пункттерінің саны – 1 506, ал жеке шкафтық пункттер 23 095-ке жетті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда филиалдың теңгеріміндегі газ құбырларының ұзындығы 286 шақырымға ұлғайып, газ реттеу пункттері мен шкафтық реттеу пункттерінің саны 62-ге артты. Ал газбен қамтылған тұтынушылардың жалпы саны 243 023-ке жетіп отыр. Оның ішінде 76 124-і пәтер болса, 166 899-ы жеке тұрғын үй. Өндірістік кәсіпорындар саны 442, коммуналдықтұрмыстық кәсіпорындар саны – 6 902. Өткен жылмен салыстырғанда тұтынушылардың саны жеке тұлғалар бойынша 8 104-ке, заңды тұлғалар бойынша 185-ке көбейді. Өңірдегі 10 ауданның 9-ы газдандырылған. Тек Мойынқұм ауданы ғана әзірге газдандырылмаған. 2024-2026 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, бұл ауданның елді мекендеріне біртіндеп газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Амандық болса, аудандағы 9 елді мекенді газға қосу жоспарланып отыр. Облыста 371 елді мекен болса, оның 282-сі немесе 76 пайызы газдандырылған. Тұрғындарды газбен қамту деңгейі өткен жылғы 91,1 пайыздан 91,3 пайызға өсті. 2023 жылы облыста 7 елді мекенге газ берілсе, 2024 жылы тағы 4 елді мекен газға қосылды. Енді жыл соңына дейін республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 11 елді мекен газдандырылады. Яғни, Талас ауданы бойынша Майтөбе және Қожағаппар, Қордай ауданында Керу, Жуалы ауданында Қарабастау, Жылыбұлақ, Дарбаза, Абдықадыр, Жамбыл ауданында Жаңаөткел, Тоғызтарау Құмсуат, Сеңгірбай ауылдарын газға қосу жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде, 930 тұрғын үйге газ жеткізіліп, облыстағы газдандыру деңгейі 91,8 пайыз болып қалыптасты.
– Алдағы жылыту маусымына дайындық қалай?
– 2025-2026 жылдардың жылыту маусымына дайындық аясында жоспарланған жөндеу жұмыстары толық көлемде, яғни 100 пайыз аяқталды. Кәсіпорын күзгі-қысқы мерзімге пайдалануға толық дайын. Бұдан бөлек мердігерлік тәсілмен жалпы құны 41,951 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыст ары жүргізілді. Сондай-ақ 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламаға сәйкес, Жамбыл өндірістік филиалында жалпы құны 27,894 миллион теңге болатын 30 шкафтық реттеу пункті мен 6 газ реттеу пунктіндегі реттегіштер ауыстырылды. Тараз қаласында 8 шкафтық реттеу пункті және 6 дана реттегіш, Талас ауданында – 7, Т.Рысқұлов ауданында – 8, Қордай ауданында 7 шкафтық реттеу пункті орнатылды. Филиалдың алдағы даму жоспарлары да айқын. Біріншіден, қызметтердің сапасын, сенімділігін және тиімділігін арттыра отырып, газды тасымалдау мен жеткізу бойынша сапалы қызмет көрсету міндеті тұр. Екіншіден, бекітілген инвестициялық бағдарламаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жалғасын табады. Үшіншіден, тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану қажеттігі жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бермек.
– Мемлекет елді мекендерге газ құбырын тартып әкелгенімен, әрбір жеке тұрғын үй газды өз қаражаты есебінен кіргізуі тиіс. Қазір үйге газ тарту құны қанша және жеке тұрғын үйлерді газға қосу рәсімін жеңілдету шаралары қарастырылып отыр ма?
– Көшедегі яғни, үйдің іргесіне дейін келіп тұрған құбырдан үйге қарай газ тартуға болады, бірақ ол үшін тұрғынның қалтасынан қосымша шығын жұмсалады. Егер бұл жұмыс бюджет есебінен жүргізілсе, құбыр үйдің іргесіне дейін жеткізіліп, ары қарай газ тартуды тұрғын өзі жалғастырады. Қазір жекеменшік компаниялар осы қызметті атқаруда. Орта есеппен бір үйге газ кіргізудің құны 150 мың теңгеден басталады. Дегенмен, кейбір елді мекендерде газдандыру ісін кәсіпкерлер өз қаржысына жүргізуде. Мысалы, Тараз қаласы маңындағы елді мекендерде және Шу ауданының кейбір ауылдарында осындай тәжірибе бар. Бірақ мұндай жағдайда шығын көлемі едәуір ұлғайып, бір үйді газдандыру құны 450-500 мың теңгеге дейін жетті. Өйткені кәсіпкерлер құбырды 5-6 шақырымға дейін тартуға мәжбүр болды. Бірқатар ауылдарда бұл мәселе қиындық тудырып отыр. Анығын айтсақ, 4 мың тұрғыны бар бір елді мекенде халықтың тең жартысы ғана ақша төлеп, газға қосылған, ал қалғанының қаржылық мүмкіндігі жоқ болуы өмірде бар жағдай. Мұндайда Үкімет әлеуметтік осал топтарға көмек көрсеткенімен, ол облыс бойынша небәрі 3 мың адамды ғана қамтитынын айта кетуіміз керек. Десе де, әкімдік бұл түйткілді шешудің жаңа тетігін ұсынып отыр. Бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, жеке кәсіпкерлерден газ құбыры сатып алынуда. Бұл ретте халық енді үйіне іргедегі газды кіргізу үшін 150 мың теңге ғана төлейді. Бұл мәселе мәслихат сессиясында да қаралып, қолдау тапты. Тағы айтарым, үйге газ кіргізудің құны әр отбасының жағдайына қарай өзгереді. Егер құбыр мен үйге дейінгі аралық 25 метрден аспаса және тек бір пеш пен бір газ плитасына қосылса, шығын 150 мың теңге шамасында болады. Ал егер қосымша монша, жазғы ас үй немесе басқа да нысандарды газға қосу қажет болса, арақашықтықтың ұлғаюы есебінен оның бағасы да өсіп, 200 мың теңгеге дейін барып қалады. Тұрғындардың көпшілігі осы айырмашылықты түсінбей, бағаның әртүрлі болуына байланысты сын айтуы мүмкін. Негізінде бұл қаржының берілуіне байланысты, қазіргі таңда көптеген жобаларда газ құбырын үйдің ішіне дейін кіргізу қарастырылған.
– Қыс айларында газ қысымының төмендеуі, құбырлардың жарылуы жиі орын алады. Оның басты себебі неде?
– Иә, бұл проблеманы жоққа шығара алмаймыз. Байзақ ауданында бұл мәселе айқын байқалуда, Меркі ауданында да осындай көрініс бар. Әсіресе қыс мезгілінде қысымның төмендеуі жиілейді. Себебі кезінде жоба бойынша бір көшеде 100 үй деп есептелген. Алайда арада 20-30 жыл өткен соң ауылдағы халық саны өсті, жаңа үйлер бой көтерді. Яғни, бастапқы есеп 100 үйге арналса, қазір сол көшелерде 120-130 үй бар. Әрине, соңғы қосылған үйлерге газ қысымы жетпей қалады. Мәселені шешу үшін біз Байзақ ауданында қосымша шаралар қабылдадық. Газ қысымын көтеру, желілерді ұзарту, жаңа тармақтар жүргізу секілді жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстарға тұрғындар тарапынан да қаражат бөлінуде. Әрине, ол шағын көлемдегі қаржы, бірақ соның есебінен локалды деңгейде яғни, жеке көшелер мен елді мекендерде газ қысымын көтеріп келеміз. Осы мәселеге байланысты компания алдағы 5 жылда 15 миллиард теңге көлемінде инвестиция салуды көздеп отыр. Алдымен Байзақ пен Меркі аудандарын газдандыруды қолға аламыз. Жоспар бойынша металл құбырларды полиэтилен құбырлармен алмастырылады. Бұл заманауи жүйеге көшуге мүмкіндік береді. Бір жағынан қауіпсіздік, екінші жағынан эстетикалық тұрғыдан тиімді болады. Қазір көп жерде металл құбырлар сыртта орналасқан, біреуі сырланған, біреуі сырланбаған, үйлердің арасынан өтіп, көшенің көркін қашырып тұр. Жаңа жүйе бойынша құбырлардың барлығы жерасты арқылы жүргізіледі. Тараз қаласының құрамына енген Жалпақтөбе ауылындағы бір-екі жыл бұрынғы жағдайды айтуға болады. Оған кезінде ол жердің егіс алқабы болуы, жерді суарудың әсерінен топырақ жылдар өте, орта қысымды газ құбырының тіреуі қисайып, құбырлардың бір-бірінен ажырап, зақым келуі себеп болды. Сондықтан ондай қауіпті аймақтарды бірінші кезекте полиэтилен құбырларға ауыстырып жатырмыз. Өткен жылы 100 миллион теңге қаржы бөліп, апатты учаскені толық жаңарттық. Бұл жұмыстар Үкіметтің де, компанияның да бақылауында тұр. Енді жоғарыда сөз еткен 15 миллиард теңге қаражат осы салаға жұмсалады.
– Жыл соңына қарай газ қауіпсіздігін тексеретін жеке компаниялар үй-үйді аралап, тұрғындарға қызмет көрсеткені үшін қол қойдырып жатады. Бір пәтерге бір емес, бірнешеуі келеді және бағалары да әртүрлі. Жалпы, тұрғындар олармен келісімшартқа отыруға міндетті ме?
– Еліміздегі заңнамаға сәйкес, әрбір тұтынушы өзінің газ қондырғыларын жыл сайын тексерістен өткізіп отыруы тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, ол үйге газ беруді тоқтатуға дейін шара қолданылады. Мұндай міндет заңмен бекітілген. Біздің компания бұл жұмысты атқара алмайды, себебі біз тек газды тасымалдап, сатумен ғана айналысамыз. Ал қондырғыларды тазалау және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын арнайы лицензиясы бар жеке компаниялар жүзеге асырады. Облыста мұндай компаниялардың он шақтысы бар. Олардың біреуі қызметін 2 мың теңгеге ұсынса, енді бірі өз қызметін 4 мың теңгеге дейін бағалайды. Бәсекелестік болған жерде баға да құбылады. Біз бірнеше рет мердігер компания өкілдерін жинап, қайсысы қай аймақта қызмет көрсететінін белгілеп, ретке келтірдік. Әрине, бір жылда 100 пайыз нәтиже берді деу қиын. Қазір тәртіп реттелді. Бүгінде халықтың шамамен 40 пайызы қондырғыларын уақтылы тексертеді. Ал қалған 60 пайызы әлі үлгермей жатыр. Бұл компаниялардың мүмкіндігіне, адамдардың жауапкершілігіне байланысты. Негізі заң бойынша техникалық қызмет көрсету міндеттелген. Өйткені бұл ең алдымен адамдардың өмірі үшін қажет. Жыл сайын өкінішке қарай 2-3 адам газдан уланып, қайтыс болып жатады. Жалпы, газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдықтарының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Негізінде өнеркәсіптік тұтынушылар өздеріне тиесілі газ жүйелері мен жабдықтарының қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін білікті мамандарды тартып, арнайы аттестатталған ұйымдармен келісімшартқа отыруы қажет. Бұл талап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілген. Сол секілді коммуналдық-тұрмыстық және жеке тұтынушылар да газ тарату немесе газ жеткізетін ұйымдармен, сондай-ақ тиісті рұқсаты бар мамандандырылған мекемелермен келісімшартқа отыруы тиіс. Ал тұрмыстық баллондардағы сығылған мұнай газын пайдаланатын азаматтар газ жеткізетін ұйыммен немесе газ құю бекетінің иесімен келісімшарт рәсімдеп, өз жабдықтарына тұрақты техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті.
-Газ қымбаттады ма? Тариф өзгере ме? Неліктен біздің облыста бағаны 21 пайызға көтеру қолға алынды?
– Қазақстанда бұрын 15-18 миллиард текше метр газ өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 24 миллиардқа жеткен. Өндірілген газдың бір бөлігі Қытайға қымбат бағада экспортталатын, бүгінде экспорт тоқтап, ішкі нарықтың қажеттілігіне бағытталды. Соған қарамастан, баға тұрақты. Бұл «QazaqGaz Aimaq» компаниясына қаржысы жұмсалуынан. Мәселен, компанияға жылына шамамен 200 миллиард теңге газдың бағасын ұстап тұру үшін қолдау көрсетілсе, оның ішінде біздің облысқа 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталады. Қазақстан әлемде газ бағасы ең төмен мемлекеттің бірі. Алайда іс жүзінде газды өндіру мен оны ел ішіне жеткізу құны ішкі сатылым бағасынан 60-70 пайыз қымбатқа түседі. Соның салдарынан газ саласы жыл сайын үлкен шығынға ұшырап отыр. Соңғы 10 жылда ұлттық компания ішкі нарықтағы төмен бағаны ұстап тұру үшін бюджеттен және өз кірістерінен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсаған. Жыл сайын қазақстандықтардың газ тұтынуы артып келеді, сәйкесінше шығын да өсуде. Бұрын ішкі шығындарды өтеуге мүмкіндік берген газ экспортынан түсетін кірістер азайып барады. Қазіргі елді газбен тұрақты қамтамасыз ету үшін бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру қажет. Атап айтқанда, газ құбырларын салу және жаңғырту, жаңа кен орындарын игеру, газ өңдейтін зауыттар мен электр стансаларын газға көшіру. Бұл әсіресе энергия тапшылығы бар аймақтар үшін өте маңызды. Газ бағасын нарықтандыру мәжбүрліктен туындаған амал, өйтпеске болмайды. Егер бұл мәселе кейінге шегерілсе, 2030 жылдан кейін бағаның күрт өсуі мүмкін немесе бюджеттен тағы да миллиардтаған қаражат бөлуге тура келеді. «Неліктен біздің облыста бағаны 21 пайызға көтеру қолға алынды?», – деген сұраққа келсек, себебі алдағы жылдары елде газ тұтыну көлемі 2 есе өседі деп күтілуде. 2024 жылы еліміздің тұтыну көлемі 20 миллиард текше метрді құраса, 2028 жылы бұл 32,1 миллиард текше метрге жетпек. Мұндай тапшылықтың алдын алу үшін жаңа кен орындарын іске қосып, қосымша газ құбырларын салу қажет. «KPMG» компаниясының есебіне сәйкес, газ саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту үшін газ бағасы жыл сайын көтеріліп отыруы тиіс. Өңірлерді газға қосу, халыққа үздіксіз жеткізу, электр стансаларын көмірден газға ауыстыру, экологиялық ахуалды жақсарту сондай-ақ газды терең өңдеу үшін ауқымды инвестициялар тарту еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығы үшін негізгі міндет болып отыр.
– «Амангелді» кен орны тұрғындардың газ тұтыну сұранысын қаншалықты өтей алады?
– Өңіріміздің газ тұтыну көлемі шамамен 2 миллиард текше метрді құрайды. Оның ішінде «Амангелді» кен орны жылына 300 мың текше метрден астам газ шығарады, бұл жалпы қажеттіліктің небәрі 15 пайызын ғана жабады. Қалған бөлігі сырттан жеткізіледі. Соған қарамастан, Жамбыл облысындағы көгілдір отын бағасы Шымкент, Түркістан, Алматы қалалары мен Алматы облысына қарағанда арзан. «Амангелді» кен орнында соңғы жылдары барлау жұмыстары жалғасып, жаңадан бірқатар учаске ашылды. Өткен жылы 3 жаңа ұңғыма бұрғыланып, газ өндіру ісі жанданды. Дегенмен 700 миллион текше метр газ өңдейтін зауытта 300 миллион текше метр ғана газ өндірілді. Бұл көлем облыстың толық қажеттілігін жаба алмайды. Қазір мұнда жалпы саны отызға жуық ұңғыма бар. Аймақтағы жағдайды көршілес елдермен салыстырсақ, Өзбекстанның өзі бүгінде газ тапшылығын сезініп, сырттан қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Қырғыз елі мен басқа да ТМД мемлекеттері Ресейден жоғары бағамен газ алып отыр. Әлемдік нарықта газ құны кемінде Еуропа елдерінде 400-600 доллар деңгейінде, ал кей жылдары мың долларға дейін жеткен болатын. Осыған байланысты Үкімет жоғарыда сөз еткеніміздей, газ саласына инвестиция тарту, өндірісті жаңғырту мақсатында тарифтерді кезең-кезеңімен көтеру бағдарламасын қолға алды. 2025 жылы Жамбыл облысында баға 21 пайызға көтерілді. Кейбір облыста өсім 25-31 пайызға дейін жетті. Ал жекелеген аймақтарда бұл көрсеткіш 33 пайызға дейін артқан. Мұның барлығы газ саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Облысқа жеткізілетін газдың құны 51 теңгені құрайды. Біз оны қосылған құн салығын қосқанда 44 теңгеден өткізіп отырмыз. «QazaqGaz Aimaq» компаниясының шығыны 27,2 миллиард теңге болып қалыптасты. Өзіндік құны мен жеткізу шығынын қосқандағы бағадан газдың бір текше метрі арзанға сатылуынан пайда болған шығындар компанияның есебінен жабылуда.
– «QazaqGaz Aimaq» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Табыстарыңыз қалай?
– Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болғандықтан, барынша қарапайым жұмысшыларға көңіл бөлінуде. Астана қаласында компанияның 25 жылдығына орай арнайы іс-шара ұйымдастырылып, бір жұмысшымыз «Құрмет» орденін иеленді. Жақында ғана облыс әкімінің қолынан 15 қызметкер «Құрмет грамотасын» алды. Компанияның Жамбыл өндірістік филиалы да лайықтыларға құрмет көрсетуде. Сондай-ақ 20 жылдан артық еңбек өтілі бар жұмысшыларға «QazaqGaz Aimaq» компаниясының 25 жылдыққа арналған мерекелік медалі тапсырылады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Ерман ӘБДИЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
«Еңбек еткенде қарапайым ережені сақтау маңызды»
- 4 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




