ХХI ғасырдың басты ерекшелігі – цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге енуі. Бүгінде біз тек ақпаратты тұтынушы ғана емес, оны өндіруші және өңдеуші қоғамға айналып отырмыз. Осы үдерістің негізінде екі маңызды ұғым тұр: цифрландыру және жасанды интеллект. Бұл екеуі бірін-бірі толықтырып қана қоймай, өзара тығыз байланыста дамуда. Егер цифрландыру – экономиканың, басқарудың және қоғамның барлық саласын жаңа технологиялар арқылы түрлендіру болса, жасанды интеллект – сол цифрландыруды тиімді жүргізудің басты құралы.
Жасанды интеллект шығынды азайтады
XXI ғасырдағы ғылыми-техникалық прогрестің ең үлкен жетістіктерінің бірі – жасанды интеллект (Artificial Intelligence, Al). Бұл ұғым адамның ойлау қабілетін модельдеуге, үйренуге, шешім қабылдауға және шығармашылыққа жақын жүйелерді құруға бағытталған.
Бүгінгі таңда жасанды интеллект тек IT саласында ғана емес, сонымен бірге қоғамның барлық салаларында қолданыс тауып отыр. Қысқаша айтқанда, ЖИ – адам миының ойлау, үйрену, талдау жасау қабілеттерін модельдейтін және белгілі бір міндеттерді өздігінен орындауға мүмкіндік беретін ақпараттық технологиялардың жиынтығы.
Ол:
– үлкен көлемдегі деректерді талдайды;
– белгілі бір заңдылықтарды анықтайды;
– алдын ала болжамдар жасайды;
– шешім қабылдауға көмектеседі.
Бүгінгі таңда ЖИ рөлі күннен-күнге артып, қоғам өмірінің барлық саласына еніп келеді. Мысалы, банктерде несие беруді автоматтандыруға, медицинада рентген, МРТ талдаулары арқылы ауруды ерте анықтауға, білім саласында оқушылардың қабілетін саралауға, өндірісте шығынды азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
ЖИ олжасы – отандық стартаптар
Цифрландырудың басты мақсаты – қоғамдағы барлық процестерді жеңілдету, ашықтықты қамтамасыз ету және тиімділікті арттыру. Бұл жерде ЖИ таптырмас құралға айналады. Электронды үкіметте – азаматтарға қызмет көрсету уақыты қысқарады, өтініштер автоматты түрде өңделеді. Денсаулық сақтауда – диагноз қоюда дәрігерге көмекші ретінде қызмет атқарады. Білім беру жүйесінде – әрбір оқушының жеке қабілетіне қарай оқу жоспарын жасай алады. Ауыл шаруашылығында – жердің құнарлығын, ауа райын, егін өнімділігін алдын ала болжайды.
Жасанды интеллект қазіргі таңда мемлекеттің экономикалық қуатын анықтайтын негізгі факторлардың біріне айналды. Оның көмегімен еңбек өнімділігі артып, адами қателіктер азаяды, жаңа мүмкіндіктер ашылады.
ЖИ-дің мүмкіндігін толық пайдалану үшін сапалы инфрақұрылым қажет:
– Big Data – үлкен деректер қорын жинақтау;
– Жоғары жылдамдықты интернет – ақпарат алмасуды жеделдету;
– Бұлтты технологиялар – деректерді қауіпсіз сақтау;
– Смарт құрылғылар – күнделікті өмірде деректерді үздіксіз тіркеу;
Яғни, цифрландырусыз жасанды интеллект дами алмайды. Қарапайым мысал ретінде смартфонды алсақ, егер интернет болмаса, онда дауыстық көмекші немесе аударма бағдарламалары да толық жұмыс істемейді. Еліміз ЖИ мен цифрландыруды дамытуға ерекше мән беріліп отыр.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында:
– мемлекеттік қызметтердің 90 пайызға жуығы онлайн форматқа көшті;
– ауыл-аймақт арда интернет қолжетімділігі кеңейіп келеді;
– білім беру жүйесіне цифрлық платформалар енгізілуде;
– ұлттық деректер орталықтары құрылуда; Сонымен қатар ЖИ саласында отандық стартаптар пайда болып, халықаралық нарыққа шығуда.
Мысалы, агротехнология, логистика, медицина саласында қазақстандық мамандар әзірлеген алгоритмдер қолданысқа енуде.
Өңір тұрғындарының өмірін жеңілдетуде
Қазақстанда цифрландыру –мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар аймақтарда да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның ішінде Жамбыл облысы соңғы жылдары бірқатар жаңа жобаларды іске асырып, цифрлық трансформацияға қарқынды қадам басуда. Негізгі басымдық – мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен бизнес саласын жаңа технологиялармен қамтамасыз ету.
Бүгінгі күні іске асқан негізгі бағыттар:
1. Мемлекеттік қызметтер қолжетімділігі. Облыс тұрғындарының 90 пайызға жуығы мемлекеттік қызметті электронды форматта алады. E-gov.kz порталы және eGov mobile қосымшасы арқылы құжат рәсімдеу, анықтама алу, төлем жүргізу сияқты 600-ден астам күнделікті қызметтерді қашықтан орындау мүмкіндігі бар. «Smart Taraz» жобасы аясында тұрғындарға онлайн қызмет көрсету, цифрлық кезек жүйесі енгізілген. Бұл уақытты үнемдеуге және жемқорлықты болдырмауға жол ашады.
2. Білім беру саласын цифрландыру. Облыстағы барлық мектептер интернетпен қамтылған. Оқушыларға арналған «Kundelik.kz» электронды журналы мен күнделігі қолданыста. Сондай-ақ IT сыныптар ашылып, робототехника үйірмелері іске қосылған. Осы арқылы оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға жағдай жасалуда. Бұл – болашақта бәсекеге қабілетті жас буын қалыптастыруға негіз болады.
3. Денсаулық сақтау жүйесінің жаңғыруы. «Damumed», «Digital hospital» жүйелері енгізіліп, дәрігерге онлайн жазылу, электронды аурухана парақтары қолжетімді. Облыстық ауруханаларда PACS және HIS ақпараттық жүйелері орнатылған. Телемедицина арқылы шалғай ауылдардағы науқастарға кеңес беру мүмкіндігі бар.
4. Қоғамдық қауіпсіздік. Тараз қаласында 600-ден астам бейнебақылау камералары орнатылған, олар полицияның жедел басқару орталығына тікелей қо сылған. Олар құқық бұзушылықты дер кезінде анықтап, қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді. «Қауіпсіз қала» жобасы да қылмысты болдырмауға өз ықпалын тигізуде. Сонымен қатар қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесі енгізілуде.
5. Ауыл шаруашылығын цифрландыру. Фермерлерге арналған «Digital Agro» платформасы ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, егін мен мал шаруашылығын есепке алу жүйесін жеңілдетуде. Жер кадастрын электронды карта арқылы көруге болады. Бізнесті тіркеу және рұқсат құжаттарын алу онлайн форматта да қолжетімді.
6 . Смарт-инфрақұрылымды цифрландыру. Таразда «ақылды аялдамалар», онлайн төлем жүйесі бар қоғамдық көліктер енгізілуде. Сондайақ коммуналдық қызметтерді (жарық, су, жылу) төлеу толық цифрлық жүйеге көшіп келеді.
Бұл – болашақтың емес, бүгінгінің талабы
ЖИ мен цифрландыру дамыған сайын этикалық және құқықтық мәселелер де туындайды. Мәселен, жеке деректердің қауіпсіздігі, жұмыс орындарының қысқаруы, адам мен машина арасындағы теңгерім – шешімді қажет ететін өзекті сұрақтар. Сондықтан жасанды интеллектіні дамыту тек технологиялық емес, әлеуметтік тұрғыдан да жан-жақты қаралуы тиіс.
Алдағы уақытта мына бағыттар ерекше маңызға ие болады:
1. Смарт қалалар – көлік қозғалысын реттеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ресурстарды үнемдеу.
2. Индустрия 4.0 – өндірісті толық автоматтандыру.
3. Қаржы технологиялары (FinTech) – төлем жүйелерін жетілдіру, алаяқтықтың алдын алу.
4. Білім берудегі ЖИ – өмір бойы оқыту концепциясын дамыту. Жасанды интеллектіні цифрландыру – болашақтың емес, бүгіннің талабы.
Цифрландыру ЖИ дамуына мүмкіндік берсе, ЖИ өз кезегінде цифрландырудың сапасын арттырады. Бұл екеуінің үйле сімді дамуы мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қоғамды жаңа деңгейге көтереді. Қазақстан да осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыра отырып, әлемдік технологиялық үрдістен шет қалмауы тиіс.
Жамбыл облысында цифрландыру жүйесі біртіндеп өмірдің барлық саласына еніп жатыр. Мемлекеттік қызмет, білім беру, денсаулық сақтау және қоғамдық қауіпсіздік бағыттарында нақты жетістіктер бар.
Алайда ауылдық елді мекендердегі интернет сапасы мен тұрғындардың цифрлық сауаттылығы – негізгі түйткілді мәселелер болып қала беруде. Президенттің Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру туралы жоспары – батыл әрі қажетті қадам. Бұл – елдің болашағына жасалған инвестиция.
Жолдауда атап өтілгендей, цифрландыру – жай ғана технология емес, ол Қазақстанның дамуының жаңа моделі, халықтың әл-ауқатын көтерудің басты жолы.
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Әлемдік трансформация көлеңкесіндегі Қазақстан экономикасының болашағы
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




