Лудомания: Бәрі «Бір рет бәс тігіп көрейіннен...» басталады
- author «Ақ жол»
- 18 қыркүйек, 2025
- 619
Біраз жыл бұрын «Зенит», «Олимп» және «Фортуна» секілді араның ұясындай құжынаған букмекерлік кеңселердің есігі келушілерге тарс жабылса да, құмарлықтың құрбанына айналғандар онлайн ойынға кірісіп кетті. Ғаламтор арқылы логин ашып, қалтасындағы барын шашып, тақырға отырса да, лудомандардың саны азаяр емес.
«Бір рет бәс тігіп көрейіннен» басталатын құмарлықтың тарқауы расында да қиын. Психологтардың айтуынша, лудомания дертіне шалдыққандарды құлантаза айықтыру – тым қиын шаруа Тіпті бұл «ауру» уақыт өте келе, тұқым қуалаушылыққа дейін апаруы ықтимал екен. Содан да болса керек, дәл осы әлеуметтік мәселе Жамбыл өңірінде де талай рет талқыға түсті.
– Расында бұл дертке шалдыққандарды бірден емдеу–оңай емес. Сарапшылар ойын дағдысы бір-бірімен үйлесетін ойынқұмарлардың әлденеше санатын айқындаған. Олардың қатарында невротикалық, импульсивті және симптоматикалық форма жиі ұшырасады. Дерекке сенсек, бұлардың ішіндегі ең қауіптісі – симптоматикалық форма. Құмар ойынның құрығына ілінген адам өз-өзін бақылаудан қалады. Қоғам үшін бұдан асқан қасірет жоқ. Олардың құмар ойынға деген аңсары уақыт өткен сайын арта түседі. Бойындағы құмарлықты жеңуі қиынға соғады, – дейді психолог Жанар Байгутдинова.
Заңсыз ойын бизне сі талай отбасының шырқын бұзғаны анық. Онымен күрес жұмысы өңірде қалай жүргізіліп жатыр? Біраз уақыт бұрын облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері өңірдің қай аудандарында заңсыз ойын бизнесінің жолын кесу үшін қандай жұмыс атқарылғанын жайып салды.
Жыл басындағы ресми дерекке сенсек, экономикалық тергептексеру департаментінің қызметкерлері Тараз бен Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректерін анықтаған. Жалпы, соңғы бес жыл бедерінде жауапты департамент өкілдері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 дерегін тіркепті. 38 қылмыстық істі сотқа жолдапты. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша Тараз қаласы 10 дерекпен көш бастаса, тексеру кезінде екінші және үшінші орынды Шу мен Қордай аудандары түйіндеген. Әрине, құмар ойынға аңсары ауғандардың дәл санын тап басып айту мүмкін емес. Өйткені қалта телефонын ұстаған кез келген адам ыңғайлы уақытта логин ашып, қалағанынша ойнай береді. Тіпті түні бойы кірпік қақпай, ойынның жетегінде кететіндер де жеткілікті.
Құмар ойынға жіпсіз байланғандардың кейбірі дер кезінде тоқтап, ашқан парақшасын жойып жатса, кейде әлгілердің санатын жаңа ойыншылар толықтырып жатады. Әйтсе де, ресми дерек өткен жылы құмарпаздардың саны 400 мыңға жуықтады дегенді айтады. Әрине, бұл цифр жанға батып, жаға ұстатып отыр.
Қалай десек те, құмар ойындардан келетін материалдық шығын аз емес. Ал мамандардың айтуынша, құмар ойынның құрбанына айналған адам ұдайы депрессияға түседі. Ақылынан адасатындар да аз емес. Бұл – өткір мәселенің бергі беті ғана. Қоғам үшін ең ауыр қасірет – суицид. Өкініштісі сол, елімізде жыл сайын мыңдаған адам өзөзіне қол салса, олардың едәуір бөлігін құмар ойынға тәуелді азаматтар құрайды екен.
Бұл мәселе де қоғамды толғандырмай қоймаса керек. Расында да, статистика жан түршіктіреді. Құмар ойынға деген тәуелділікті жоюды әр адам өзінен бастамаса, мәселе ушыққан үстіне ушыға түсетіні анық.
Расында, құзырлы органдар заңсыз ойын бизнесі ошақтарын жауып, қылмыстық іс қозғап жатса да, үйде жатып букмекерлік кеңселерді ермек қылатындарға ешкім ешқандай шара қолдана алмайтыны рас. Өзекті өртейтін өкініш те – осы.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




