Жамбыл политехникалық жоғары колледжі үздік 180 оқу ордасының қатарынан табылды
- author «Ақ жол»
- 17 қыркүйек, 2025
- 681
Бүгінде колледжде 2 600-ге жуық студент 30-дан астам мамандық бойынша білім алуда. Олардың ішінде 1 500-ге жуығы жұмысшы мамандықтар бойынша оқып жүр. Ерекше атап өтерлігі – студенттердің басым бөлігі дуалды оқыту жүйесі негізінде дайындалады. Бұл жүйе теория мен практиканы тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді: оқу уақытының 40%-ы колледжде, ал 60%-ы нақты өндіріс орындарында өтеді.
Колледждің техникалық базасы да жыл сайын жаңартылып келеді. Заманауи зертханалар, өндірістік тренажерлар, интерактивті құрылғылар студенттердің кәсіби деңгейін арттыруға сеп болып отыр. Робототехника, IT және автоматтандыру бағыттарында бірқатар заманауи құрылғылар жеткізілді. Бұл жастардың ғылыми-зерттеу мен инженерлік ойлау қабілетін дамытуға жол ашуда.

– Қазіргі таңда колледждің материалдық-техникалық базасы қарқынды түрде жаңартылып жатыр. Технология күн сайын дамып жатқандықтан, біз де бұл үдеріске бейімделіп, колледжімізді үнемі жетілдіру үстіндеміз. Мысалы, жуырда ғана робототехника секциясына заманауи құрылғылар жеткізіліп, студенттердің тәжірибелік қабілетін дамытуға жағдай жасалды. Сонымен қатар, біз ірі кәсіпорындармен – «Қазфосфат», НДПЗ секілді алпауыттармен меморандум жасап, студенттерімізді өндірістік практикаға бағыттадық, – деді колледж директоры Асхат Картаков.

Сондай-ақ, колледж студенттері осындай заманауи техникалық базаның арқасында түрлі жарыстарға қатысып, жетістікке жетуде. Мәселен, WorldSkills чемпионатының аймақтық кезеңінде он тоғыз құзыреттілік бойынша жарыс өткен. Соның ішінде Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің он бір студенті алтын жүлдеге ие болған. Олардың тоғызы енді республикалық кезеңде облыс намысын қорғамақ.
Айта кету керек, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі «Жас маман» жобасына қатысып, еліміз бойынша іріктелген 180 үздік колледждің қатарына енген. Бұл мәртебе оқу орнының техникалық мүмкіндіктері мен білім беру сапасының жоғары деңгейде екенін дәлелдейді.
Колледж тек республикалық қана емес, халықаралық серіктестік бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жуырда оқу орны Қытайдың Сиань қаласындағы химиялық колледжімен меморандумға қол қойды. Бұл келісімнің негізінде қос дипломды білім беру жүйесі іске аспақ. Жоспарға сәйкес, студент үш жыл бойы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде оқып, соңғы оқу жылын Қытайда жалғастырады.
– Бұл пилоттық жоба студенттер үшін тегін жүзеге асады. Қытайдағы оқу шығындарын серіктес тарап толық қаржыландырады, ал Қазақстандағы оқуды біз өз есебімізден қамтамасыз етеміз. Қазіргі таңда Қытай инвесторлары Жамбыл облысына белсенді келіп жатқанын ескерсек, бұл бағдарлама түлектерімізге мол мүмкіндік береді, – дейді колледж директоры.
Қорытындылай келе, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі — заманауи білім беру, кәсіби тәжірибе мен халықаралық серіктестікті үйлестіре отырып, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлайтын жетекші оқу орны. Елдегі жұмысшы кадрларға деген сұраныс артып отырған кезеңде мұндай колледждердің рөлі бұрынғыдан да маңызды.
Ұқсас жаңалықтар
Мұғалімнің мүддесін қорғауда үлкен рөл атқарып келеді
- 15 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




