Әуелі ақтаңгер айтыс ақыны Дінмұхамед Қонаев музейін аралап, дара тұлға рухына тағзым етті. Ал халықаралық «Қонаев қоры» аудандық филиалының төрағасы Лес Нұрұлы айтыскерге Қонаев атындағы төсбелгіні табыс етті. Ұлбике Жангелдіқызы атындағы аудандық мәдениет үйіне жиналған қауымға Шорабек Бәтейұлының өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнетүсірілім көрсетілді. Түсірілімнен ақынның алдыңғы толқын шәкірттері Ербол Қамбатыр, Үміт Битенова, Райхан Мәселбекова, Шырынбек Қойлыбаев туралы да көпшілік көп ақпарат алды.
Іс-шараның басында көпшіліктің зор құрметімен кеш иесі сахнаға шақырылып, төрден орын алды.
Тағылымға толы кеш барысында Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтың құттықтау хатын Аmanat партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалым Қартабаев оқып беріп, Шорабек Бәтейұлының қазақ айтысындағы елеулі еңбектеріне, Талас ауданында ең алғаш музей жасақтаған табандылығына тоқталды.
Аудан әкімінің және таластықтардың атынан шапан жауып, құрмет көрсетті. Мерейтой иесінің шәкірті Олжас Отар арнау жырдан шашу шашып, ұстаз мерейін өсірді. Елге еркелеп жеткен мерейтой иесімен таластық жас айтыскер Нұржан Манатбектің сыр-сұхбаты әсерге толы болды. Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы жетпістің желкенін керген ақынға кесек-кесек сөздерін арнаса, заң саласында еңбек еткен досы Әбиірбек Қонысбаев мерейтой иесінің балалық шағына талдау жасап, бала күндерге барып қайтты.
Жамбыл ауданынан арнайы барған айтыскер, Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов кештің сәнін кіргізді. «1988 жылы облыстық ақындар айтысына алғаш қатысып, өнерлі топқа қосылдым. Шорабек ақынмен сол уақыттан бері таныспын, доспын. Өзіне бренд болған айтыстағы әуенін ұзақ түндер бірге отырып тауып, сахнаға бірге бейімдегенбіз.
1990 жылы Ақкөл ауылында өткен Ұлбике Жангелдіқызының мерейтойына арналған облыстық ақындар айтысында бас жүлдені иеленіп, содан кейін Айдаровтың айтыстағы жарқыраған жұлдызды жылдары басталды. Айтыскер жетпіс жасына үлкен жеңістерімен, жиырмадан астам шәкірт дайындаған жемістерімен жетіп отыр» деп ағынан жарылды. Кеш барысында мерейтой иесінің сөздеріне жазылған Жарылқасын Дәулеттің «Елге сәлем», Дәулетхан Әбденбаевтың «Бейбітшілік – анасы тіршіліктің» әндері шырқалды.
Аталған әндерді жергілікті әншілер Талап Байжиенов, Гүлсезім Ағабекқызы әсерлі орындады. Осы кешке ақынның достары Қуаныш Жантелиев пен Берік Қалиев ортақтасып, шәкірті Нұрым Сырғабай, ақын інілері Азамат Есалы, Елдар Боранбек лебіз білдірді. Композитор Сәрсенбек Бәкір де ақын кешіне ортақтасты.
Шорабек Бәтейұлы кеш барысында «Лотерея билеті» атты балладасын және әр айтыстағы өзінің тапқыр шумақтарын көпшіліктің алдында жатқа орындап берді. Сонымен қатар ол кешке ортақтасқан барлық қонақтарға алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




