«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Диқанның көңілі тоқ

Диқанның көңілі тоқ
Автор
Ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасын табуда. Көкөніспен қатар бақша өнімдері де молынан жиналуда. Мәселен, Жамбыл ауданында бүгінгі күні майлы дәнді дақылдармен қатар күнбағыс алқаптарында қызу еңбек жүруде. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биыл аудан агроқұрылымдары 1215 гектар алқапқа майлы зығыр сеуіп, ол алқаптардан мол өнім аламыз деген ниетте. Ал бір ғана Қаратау елді мекенінде күнбағыс 689 гектар.

Осы бір жауапты науқанның барысымен арнайы егіс алқабы басына келген аудан әкімі диқандардың жұмысымен жақынырақ танысты. Аудан басшысы бұл өңірдегі алқаптарды аралау барысында дақылдардың толық пісіп жетілгенін сөз етті.

– Ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде күнбағыстың орны бөлек. Көктемгі дала жұмыстарынан бастап, күзгі жиын-терінге дейін күнбағысқа жақсы күтім қажет. Бүгінгі күні жамбылдық диқандар сол талаптан шығып, алқап басында жиынтерінге кірісіп кетті. Әрине, бұл дақылды жинаудың өз ерекшеліктері де жоқ емес. Қолмен атқарылатын жұмысы шаш-етектен. Атап айтқанда, көктемде уақытылы жерге сіңірілген күнбағыс қыркүйек айының басында жиналады. Одан мол өнім жинау оның тұқымына да байланысты. Ендігі кезекте шаруалардың алдында өнімді шашпай-төкпей жинап алу міндеті тұр, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.

Ал ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың айтуынша, егіс алқабындағы өнім алдымен қол күші арқылы кептіруге қойылады. Оны жинауға шамамен бір жарым ай уақыт кетеді екен.

– Күнбағыспен айналысатын шаруалар жақсы біледі. Әдетте күнбағыс бастары өткір пышақпен кесіліп, қолмен жиналады. Ал ылғалдылығы жоғары пістелерді 8-10 күн бойы сабағына кигізіп кептіреді. Жиналған өнім алдымен қырманға жеткізіліп, қойманың ашық жағында желдетіліп кептіріледі. Мұндағы температура 40-50 °С аралығында болуы тиіс. Дайын өнімді матадан тігілген қаптарда екі жылға дейін сақтауға болады. Пістеден май өндіріледі, шекілдеуік ретінде де қолданылады. Бұл шикізатқа қазір өңірде сұраныс бар. Өндіріс ошақтарының сұранысына сәйкес күнбағыс алқаптары жыл санап ауданда артып келеді, – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов.

Өзге де егіс алқаптарында жүргізіліп жатқан жиын-терін жұмыстарының барысымен танысқан аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы диқандарға науқанды табысты аяқтауды тапсырды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар