«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мерекелік көңіл-күй сыйлады

Мерекелік көңіл-күй сыйлады
Автор
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланды. Осы айтулы жыл аясында кеше Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «QazaqGaz» ұлттық компаниясының құрылғанына 25 жыл толуына арналған және мұнайгаз саласы қызметкерлерінің күніне орай салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Тамабек Әбілхайыр, «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы орынбасары Ұлан Бүркітов, сондай-ақ газ саласының еңбек ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Мерекелік кеш ресми құттықтау сөздермен басталып, сала үздіктеріне мемлекеттік және салалық марапаттар табыс етілді. Бірқатар қызметкерлерге «Ерен еңбегі үшін» медалі, Энергетика министрлігінің төсбелгілері мен грамоталары, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының, KAZENERGY қауымдастығы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының марапаттары, сондай-ақ «QazaqGaz» ұлттық компаниясының мерейтойлық медальдары салтанатты түрде тапсырылды.

Іс-шара барысында телекөпір ұйымдастырылып, Орал қаласында өткен мерейтойлық жиынға қатысушылармен байланыс орнатылды.

Мерекелік концерттік бағдарлама аясында «Ақкербез» би ансамблі, «Кәусар» вокалдық тобы, «Fir дауыс» квартеті, белгілі әншілер мен өнер ұжымдары өнер көрсетті. Сондай-ақ «QazaqGaz» компаниясының жас қызметкерлері ө з өнерлерін паш етіп, мерекелік ән орындады.

Салтанатты іс-шараның шымылдығы «Менің Отаным!» атты патриоттық әнмен түйінделіп, барлық өнерпаздар мен қонақтар мерекелік көңіл-күйге бөленді.

«QazaqGaz» ұлттық компаниясының 25 жылдығына арналған бұл мерейтой ел экономикасының маңызды саласының жетістіктерін айшықтап, еңбек адамдарының мәртебесін көтерген мерекелік оқиға ретінде есте қалды.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар